12 Тамыз 09:42

«Мені АЛЬФОНС жігіттер де жиі жағалайды...» – Әнші Бақыт ШАДАЕВА жеке өмірінің құпиясын ашты

Фото:

Бақыт Шадаеваның есімі өнерсүйер қауымға етене таныс. Ән сахнасында аға буын саналатын әртісті әңгімеге тартқан едік. Ойындағысын тайсалмай айтып салатын өжет әнші бұл жолы да бар сырын ақтарды.

«Бүкіл Еуропаны аралап келдім»

Бақыт ханым, кәсіби әртістер үнемі жаңашылдыққа ұмтылып жүреді ғой. Сіз не әзірлеп жатырсыз?

– Жас музыканттар  жаңа бағытта екі туындының композициясын ұсынған еді. Енді соған лайықтап заманауи стильде сөз жазатын ақын іздестіріп жатқан жайым бар. Алда өтетін «Алматыдағы заманауи білім беру күндері»  фестивалінде сол екі әннің бірін орындап шықсам деп отырмын. Енді оның тиісті бағасын патша көңілді тыңдарман береді.

Биыл қайда демалдыңыз?

– Осыдан екі жыл бұрын кенже қызыма сабақты жақсы оқыса саяхатқа шығаратынымды айтқан едім. Биыл  мамыр айында сол уәдемді орындау мақсатында Жерорта теңізін жағалап, бүкіл Еуропаны аралап қайттық.

Бірақ туған жердің төсінде демалғанға не жетсін,  жуырда Алакөлге барып аунап-қунап келдім. Сол жақта концерттік шарада ән шырқап, суға шомылып, күнге қыздырындым. Бір қуантарлығы, біздің елде туризм жақсы дамып келеді. Сервистік қызмет көрсету сапасы да артты.

Өткен жылы да Катонқарағайға барып, естен кетпес демалыс өткізген едім.

– Бір кездері дәріс беріп, шәкірт тәрбиелеп жүргеніңізді естіп едік. Қазір оны қойған секілдісіз ғой...

– Мен төрт жыл Астанадағы оқушылар сарайында басшылық қызмет атқардым. Сонымен қатар шеберлік сабақтарын өткізіп, шәкірт тәрбиеледім. Олардың алды Өнер академиясын тәмамдап, үйлі-баранды болды.

Алматыға келген соң Оқушылар сарайы басшылармен арада келіспеушіліктер болды. Ақшаға бола арамтер болған жерде жеке шығармашылық түгілі, өндіріп жұмыс жасаудың өзі оңайға түспесі анық. Сондықтан қолымды бір сілтеп, тек жеке шығармашылыққа бет бұрдым. Одан кейін өнерде жүрген 35 жылдық тәжірибем бар, мектеп ашуға оқталдым. Бірақ кедергілер болды...

«Димашқа ақыл айтамын деп аузым күйді»

Кім туралы айтып отырғаныңызды сезетін сияқтымыз. Мәселе Димашқа қатысты ма?

– Дәл солай. «Айтқанның ауызы жаман» деген ғой. Дегенмен, халық бір нәрсені түсінсе екен деймін. Димаштың аяғынан шалу ниетім жоқ. Оның табиғат берген талантына күмән келтірмеймін. Тіпті, ол алғаш сахнаға шығып жүргенде өнеріне тәнті болып, болашағынан үлкен үміт күткендердің бірі мен болдым. Оны өнердегі бауырым өзі де жақсы біледі. Бар болғаны оның әнді орындау негізіне қарасты «кәсіби деңгейде дауысы қойылмаған» дедім. Бұл «дауысы жоқ» деген сөз емес, тек берген кеңесім еді.

Әйтсе де заманауи музыканың күн сайын өзгеріп жатқанын ескерсек, белгілі бір қалыптан шықпау қағида емес болар?

– Мені қанша жерден Кеңестік кезеңнің қағидасымен қалып қойған десе де, біз кәсіби музыкадағы каноннан аттап өте алмаймыз. Ол –өнердегі жазылмаған заң. Менікі бар болғаны – айту. Ал оған құлақ асу-аспау Димаштың өз құқығы.

Света ханымға да ол сөзім жақпай қалса керек. Әрине, қандай жағдайда болсын баласын қызғыштай қору – ананың парызы. Десе де ол кісі өнерде ұзақ жылғы тәжірибесі бар адам ретінде мені түсінеді деп сенемін.

Мәселен, біз де өнердегі аға-әпкелерімізге қарап бой түзеп, солардың айтқанына құлақ салып жетілдік. Сын есту арқылы мінімізді түзедік. Одан бір жеріміз қисайып қалған жоқ қой.

Трендтегі терминдерді әнге қосып айту тенденцияға айналды. Мұның өнерге тигізетін кері әсері бар ма?

– Жалпы өнердегі әр әншінің өзіндік бағыты, таңдаған жанры болады. Мысалы, эстрада мен поп музыканы мүлде салыстыруға келмейді. Мәселен, жастардың көңілінен шығып жүрген Калифарнияның Puerto-Rico әнін алайықшы. Әннің сөзі мәнді дей алмаймыз.  Бірақ оған философиялық жолдар жазылса, туынды мүлде басқа бағытта шыққан болар еді. Яғни, акцент тек ырғақты әуенге түскен. Трек сонысымен тыңдалым жинап отыр.

Оның үстіне халық отыз жыл бойы ертегіге алданып келді. Сондықтан былайғы уақытта көңіл түсіріп, одан бетер түңілгісі келмейді. Жеңіл дүниелерге құмартып жатқаны да содан деп пайымдаймын.

«Оранған қыздардан көңілім әбден қалды»

Өнерде жүрген біраз жастардың алды дінге келген соң сахнаны харамға санай бастады. Бұған не дейсіз?

– «Су ішкен құдығыңа түкірме» деген бар. Егер сахнаны харамға баласа, өздері сол харамнан шыққан жоқ па?! Талантты Құдайдың өзі берсе, ол қалай харам болады? Нағыз харам – ол екіжүзділікте. Үлкен еңбекпен жеңіске қол жеткізген адам әр жетістігінің қадірін біледі. Қазіргі жастардың еш нәрсенің қадірін білмей, таңдауынан танып шығатыны – барлығына оңай қол жеткізгенінде. Дипломды сатып алған адамның мамандығына адал болуы екталай. Ал нағыз әртіс өнерге ынты-шынтысымен ұзақ жылдық дайындықпен келеді. Ондай жандар сахнадан сүйресең де кетпейді.

Шынымды айтсам, өз басым хиджап киген қыздардан көңілім қалған.  Адал болар деп, оранғандан талай үй тазалаушы алып, тақырға отырып қалдым.

Ата-бабаларымыз да намаз оқып, құлшылық етіп өтті ғой. Бірақ «жан баласына адал бол», «ешкімнің ала жібін аттама» деп, ар мен ұжданды, ел мен жерді алға қойған жоқ па?

Түбі осылай кете берсек Ауғанстанның күйін кешеміз бе деп қорқамын. Одан да оқып біліп алып, өнер үйреніп, ғылым мен технологияның көзін тауып, алға жылжудың қамын ойластырайық.  

Осы сізді өңін бермейді деп ту сыртыңыздан сүйсініп жататындар көп. Бұл заманауи сән индустиясының жемісі ме?

– Мен сіз меңзеп отырған пластикалық отаны қойып, косметологтың көмегіне де сирек жүгінемін. Ата-анам мені бала күнімнен тазалыққа баулыды. «Балам, ішіңмен қатар сыртың да таза болсын» деп отыратын. Сол себепті әрдайым үйімді де, өзімді де, ішер асым мен киер киімімді де мұнтаздай таза ұстауға тырысамын. Сосын алдыма не келсе соны жей бермеймін. Соның жемісі болар, мені көргендер таң болып жатады.

– Сонымен қатар сізді «стерва» санайтындар да аз емес сияқты...

– Негізі бойжеткен күнде анама тартқан биязы мінез иесі едім. Бірақ өнердегі кей адамдардың екіжүзділігі мені темірдей қатайтты. Бүгін бетіме күліп отырып, ертең ту сыртымнан түрлі сөз айтатын құрбысымақтардан шаршадым. Біздің өнерде хамелеондар өте көп. Сондайлардың әрекетіне күйінгендіктен, бетке айтып салатын болдым. «Турасын айтсаң, туғаныңа жақпайсың» деген. Десе де біреуге ұнау үшін екіжүзді болуға тырыспаймын. Ұнатса да, ұнатпаса да бар қалпым осы.

«Үшеуі де өте қызғаншақ еді...»

Жұрт бір кездері өзіңізден жиырма жас кіші жігітпен қосақтап қойған еді. Осы рас па?

– Әңгіме менің директорым жайында болар. Бірақ, жұрт айтқандай қызыммен жасты жас жігітпен көңіл қосқам жоқ. Менімен біраз жұмыс істеген соң «сүйемін-күйемін» деп бастады. Сосын бірден бетін қайтарып, анасы бәріміз жабылып жүріп оны үйлендіріп тындық.

Жасырмаймын, мен үш рет тұрмыста болдым. Үшеуі де өте қызғаншақ еді. Сол себепті құдайдың құтты күнінде таяқ жеп отырмайын деп, олардан басымды аулақ әкеттім. Дегенмен, көңілін білдіретін азаматтар әлі де бар.

Мені аста-төк өмір сүреді деп ойлайтын болса керек, альфонс жігіттер де жиі жағалайды. Бірақ елуден асқан шағымда жас жігітпен қолтықтасып жүрсем қыздарыма не тәрбие беремін.

Шүкір, қазір екі жиен немерем бар. Бұрын құдағиымның көзі тірісінде сол кісінің көңіліне қарап мені «Бақыт» деп атайтын еді. Қазір екеуі де «апалап» тұрады. Ендігі тілейтінім – солардың қызығын көру.

Тегтер: