Түлектерге диплом табысталды
Бүгін Халықаралық инженерлік-технологиялық университетін бітіріп жатқан 750 түлекке диплом табыстау рәсімі өтті.
Алматы, NEGE. Салтанатты шараға академиктер мен қоғам қайраткерлері, еліміздің білім саласына өзіндік үлесін қосқан азаматтар қатысты. Олардың қатарында Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрі қызметін атқарған Ұлттық инженерлік академиясының президенті, Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор Жұмағұлов Бақытжан Тұрсынұлы, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі қызметінде, Қазақстанның Израильдегі, Италиядағы және Кубадағы елшісі қызметінде, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен БҰҰ жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты Өкілі болған, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты жанындағы сенаторлар Кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқарған Қазақстанның мемлекеттік қайраткері Әйтімова Бірғаным Сариқызы, Қазақстан Республикасы Ұлттық Инженерлік академиясының вице-президенті, академик, Алматы облысының дамуына үлес қосқан саяси қайраткер Баталов Амандық Ғаббасұлы, Халықаралық инженерлік-технологиялық университет Байқау кеңесінің төрағасы, академик Ө.Жолдасбеков атындағы Механика және машинатану институтының ғылыми жетекшісі, Қазақстан республикасы Ұлттық инженерлік академиясының вице-президенті Төлешов Амандық Қуатұлы, Университет ректоры Сәрсенбекова Гүлнәр Әлібекқызы және оқытушы-профессорлар құрамы мен университет әкімшілігі, «Тағам өндірісінің техникасы және технологиясы», «Бағдарламалық инженерия», «Инженериядағы SMART технология», «Биохимиялық инженерия», «Экономика және бизнес», «Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер және әлем тілдері» кафедралары қатысты.
Университет ректоры Гүлнәр Әлібекқызы Қазақстандағы техника және технология саласындағы үздік университеттердің бірі, білім-ғылым-инновация үштігі бірлігінде қарыштап дамып келе жатқан оқу орнын тәмамдаған түлектерді құттықтап, ел іргесін қалайтын мықты маман болатындарына сенім білдіріп, қоғамның барлық саласында белсенді еңбек етіп, алдыңғы қатардан көрінулеріне тілектестік білдірді.
Түлектерге диплом табыстау салтанатына, сондай-ақ жұмыс беруші мекеме өкілдері де арнайы шақырылды.
Олардың қатарында «IG Space» компаниясының бас директоры Андрей Журавлев, «Учет.kz» компаниясының директоры, «Күшіміз бірлікте» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Алматы кәсіпкерлері өңірлік кеңесінің төрағасы, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының президиум мүшесі Максим Барышев, «Seastar tourism» ЖШС-нің жетекшісі Тимур Хасенов, АССА Қазақстандағы өкілі Әсел Шкабарова, «Беккер иК» ЖШС өндіріс директоры Насима Калиева, «Жану проблемалары институты» бас директоры Рашид Надиров және Академқалашықта орналасқан «Қазақ қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институты», «Қазақ егіншілік және Өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты», «Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығы», «Зоология институты» өкілдері болды.
Салтанатты рәсімге қатысқан құрметті қонақтар түлектерге диплом табыстап, оларға сәттілік тіледі.