8 Қыркүйек 15:31

Қазақша VS орысша. Балаңызды НЕГЕ орыс мектебіне бердіңіз?

Фото:

Осыдан бес жылдай бұрын оқушылардың 85 пайызы қазақ сыныптарына барғаны туралы мәліметке қуанып едік. Сол кезде мемлекеттік тілге деген бетбұрыстың болғаны байқалған. Ал былтыр 3 млн-ға жуық  оқушының 66 пайызы ғана қазақ сыныбында оқыса, жаңа оқу жылында 1-сыныпқа барған 387 мың баланың 65 пайызы ғана қазақ сыныбына барған.

Бұл жағдай еліміздің солтүстік өңірінде тіптен күрделі. Мәселен, орысы басым Солтүстік Қазақстан облысында 8 мың баланың 21 пайызы, яғни, 1700-ден астамы ғана қазақ сыныбына барған. Өңірдің орталығы – Петропавлда 6 қазақ, 31 орыс мектебі бар. Сәйкесінше, 1-сыныпқа 3100 бала барса, оның 507-сі ғана қазақ мектебінің табалдырығын аттаған.

Ал министрліктегілер өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілінде оқуға сұранысы артқанын айтып мәз. Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім комитеті төрағасының орынбасары Жомарт Қарамбаевтың айтуынша, 2020-2021 оқу жылында республикада өзге ұлт өкілдерінен 50 мың бала қазақ сыныбында оқыпты. Бұл көрсеткіш бес жыл бұрын 20 мың ғана болған екен.

Қош, дәстүрлі форматқа көшкен жаңа оқу жылында баласын орыс сыныбына жетектеп әкеліп, табыстап жатқан ата-ана неге көбейді? Не себеп? Олар мемлекеттік тілдің болашағына күмәнмен қарай ма? Көңілге күдік ұялатқан нәрсе не?

Кейде қоғамда қазақ тілі және оның болашағы, ұлттық құндылық жайында тынбай пікір білдіріп жүретін кейбір мемлекетшіл азаматтардың сөзі мен ісі қабыспайды. Баласын немесе немересін орыс сыныбына аманаттаған адамнан не күтуге болады? Бұған мысал да жетерлік. Фейсбук желісінде белсенді қолданушы Төлен Рамазанұлы: «Бір облыс орталығындағы кафедра меңгерушісі баласын орыс сыныбына берген. Өзі ұлтшыл, сөйлеуі керемет, бәлкім, тіл қайраткері? Бірақ қазақ тілінің болашағынан күдер үзген. Осыдан 15 жылдай бұрын немересін орыс сыныбында оқытып жүрген А. есімді тіл «қайраткерін» де көргенбіз. Қостанай қалалық мәдениет және тіл бөлімінде жұмыс істеген. Қазақ тілі жазуын латын қарпіне көшіріу ел балаларын орыс сыныбына баруға мәжбүрлеу! Бұған көзім анық жетті!», – деп жазба қалдырған. Осының өзі біраз жайттан хабар беретін сияқты.

Фото: sputnik.kz

Nege.kz тілшісі баласын орыс сыныбына берген бірнеше ата-анаға хабарласты. Оның біразы «Бұл – өз отбасымыз бен баламыздың таңдауы» деп қысқа қайырды. Басты себебін сұрағанымызда, кібіртіктеп, нақты жауап бере алмады.

Ал атын атамауды өтінген ата-ана: «Бастауышта қазақша оқыдық. 5-сыныпқа келгенде жақсы мектепке бергіміз келді. №165 техникалық физика-математика лицейі орыс тілінде ғана емтихан қабылдайды екен. Бұл жерде қазақ бөлімі жоқ. Қазақ сыныбында оқып барған бала 5,6-сыныпта қиналып оқыды. Бірақ сол мектептің арқасында республикалық физика-математика мектебінің 8-сыныбына 800 баланың ішінде төртінші болып қабылданды. Демек, баламның білімі жақсы. Алайда, үйдегі басқа балаларыммен салыстырғанда менталитеті өзгеріп кетті. Қарсы сөйлейтін болды. Өзін тым еркін ұстайды. Бұған сол орысша оқығаны әсер етті ме, білмейміз. Бәлкім, баланың өзіне де байланысты шығар, кім білсін? Ал айналамдағы баласын орыс сыныбына беріп жатқан ата-ананың уәжі мынау: «Баласының тілі орысша шыққан. Қазақша түсінбейді. Өздері де қазақша жарытып білмейді. Содан кейін баламен қалай сабақ оқимыз?», – дейді.

2020 жылғы дерек бойынша Қазақстанда жалпы білім беретін 7440 мектеп бар. Оның ішінде 3809 мектеп қазақ тілінде, 1287 мектеп орыс тілінде білім береді. 2319 мектеп – араластілді. 

7440 мектепте 3 млн 481 мың 347 оқушы оқиды. 1 млн 519 мың 786 оқушы қазақ мектепте, 412 мың 216 оқушы орыс мектепте білім алады. 1 млн 535 мың 750 оқушы аралас мектепте оқиды. Оның 755 мың 345-і қазақ сыныбының оқушысы болса, 685 мың 891-і орыс сыныбына барады. Ал 2016 жылы 2 млн 930 мың 583 оқушының 1 млн 275 мың 662-сі қазақ мектебінде, 381 мың 30-ы орыс мектебінде оқыған. Аралас мектепте білім алған 1 млн 253 мың 247 баланың 640 мың 148-і қазақша, 530 мың 559-ы орысша оқыған.                  

Аятжан Ахметжан, Нұр-Сұлтан қаласындағы Қайым Мұхамедханов атындағы №90 гимназия директоры:

Балаңызды орыс сыныбына беріп, болашағын ойрандап жатқаныңызды білесіз бе?!

– Елдегі мемлекеттік тілдің нашар ахуалына билік кінәлі. Билік басындағылар қазақ тілін талап етушілерге деген көзқарасын «үңгірдегі ұлтшылдар» деп ашық білдіріп отырған кезде, жұрт қазақ тілінің болашағына сенбейді. Егер билік қазақ тіліне екінші сортты тіл деп қарамаса, мемлекеттік тіл мемлекетте екінші сортты тіл болмаса, онда мектептегі екінші сортты тіл болмайды.

Екіншіден, бұрынғы білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің үш тілділікке бағыттап кеткен саясаты орыс мектептерін тірілтуге қызмет етіп кетті.

Үшіншіден, қазіргі ата-аналар – тәуелсіздіктің алғашқы жылдары өзін-өзі жоғалтқан буын. Олар не қазақ емес, не орыс емес. Олар баласының болашағын өз ойы мен санасының деңгейімен өлшейді. Бірақ тарих дегенін жасайды. Демографиялық, тарихи жағдай соған әкеледі.

Баласын орыс мектебіне берген ата-аналар, өзіңіздің емес, балаңыздың болашағын ойрандап жатқаныңызды білесіз бе? Төрт жыл бұрын «Орыс сыныбында оқитын қазақстандық балаларға жаным ашиды» деп көлемді мақала жазған едім. Төрт жыл өтті, әлі орыс сыныбына жүгіретін ата-аналар көбейіп жатыр.

Индира Мұсабекқызы, ата-ана:

Орыс сыныбындағы балалар зерек, пысық келеді

– Тұңғышымыз Ерсұлтанды биыл мектепалды даярлықтың орыс сыныбына бердік. Негізгі себеп – баланың болашағы. Алған білімі мен тәлім-тәрбиесі балаға әсер ететініне көзіміз жеткен. 17 жасымда Ресейден келген қазақтың отбасына келін болып түстім. Өзім оңтүстіктің қазақы тәрбиесін алғандықтан, алғашқыда аздап қиындау болды. Олардың болмыс-бітімі, мінез-құлқы басқа. Ашық, еркін, бірбеткей.

Фото: sputnik.kz

Байқасам, ұлымыздың мінезі жұмсақ, жуас боп барады. Қазіргі заманда «қасқыр» болмасаң, басқаларға таланып қаласың ғой. Баламның туысқандары сияқты ашық, еркін, тік болғанын қаладым. Оның үстіне қазақ сыныбына қарағанда, орыс сыныбындағы балалар зерек, пысық келеді. Оны қоғамнан көріп те жүрміз. Ең бастысы, үйде қазақша сөйлейміз, қазақша тәрбие береміз. Осы ойымды әкесі мен атасына айтып едім, қарсы болмай, қолдады. Оның үстіне біздің отбасымызда баланы орысша оқытқан ыйғайлы, қазақ сыныбына берсек, бәріміз қиналып қалар едік.

«Ы», «Ю» сыныбының ашылуы: Мектеп жетіспей ме?

Алматы қаласында 287 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді, оның ішінде 207-сі – мемлекеттік. 80-і – жеке меншік. 2021-2022 оқу жылында 1-сыныптан 11-сыныпқа дейінгі оқушылардың контингенті – 300 мыңға жуық бала. Бірінші сыныпқа 30 мыңға жуық бала қабылданған.

Жаңа оқу жылында Ақмола облысындағы Қосшы ауылында 1 «ы» сыныбы ашылса, Алматының Наурызбай ауданында 1 «ю» сыныбына оқушылар қабылданды. Мұны қалай түсінуге болады? Демек, елімізде мектеп жетіспеушілігі мәселесі әлі шешілмеген. Қазір республикада үш ауысыммен білім беретін 300-ден астам мектеп сөзімізге дәлел.

«Мектептегі мұндай жағдай жаңа ықшам аудандардың салынуына байланысты, оның ішінде Alma City, Шұғыла және басқасы бар. Мектеп 1540 балаға есептелген. Жалпы, бұл жерде 1-ден 11-сыныпқа дейінгі 4862 оқушы бар. Олар 185 сыныпқа бөлінген», – деді Алматы қаласы білім басқармасының баспасөз қызметіндегілер. Сондай-ақ, әкімдік қаланың Алатау, Наурызбай мен Түрксіб аудандарында 12 600 орынды 8 мемлекеттік мектеп салынып жатқанын, оның үшеуі жыл соңында ашылатынын айтты.

Біз осы мәселеге қатысты нақты сұрақты Білім және ғылым министрлігіне қойдық.

«Биыл баласын орыс сыныбына берген ата-аналар көп деген пікір бар. Бұл қаншалықты рас? Биыл мектеп табалдырығын аттаған оқушылардың қаншасы қазақ және орыс сыныбына барды? «Ы», «Ш», «Ю» сыныбының ашылуына не себеп? Мектепте орын жетіспеушілік мәселесі әлі өзекті ме?».

Алайда жауап мынадай жалпылама болды: «Биыл 1 сыныпқа 380 мыңнан астам бала келді. Олардың 66%-ы қазақ тілінде, 32%-ы орыс тілінде оқуды таңдады. Ұлттық білім беру деректер қорының деректері бойынша мектептердің 95%-ының жобалық қуаты мен оқушылар саны барлық санитариялық талаптарды сақтай отырып, оқуды қиындықсыз толық штаттық форматта бастауға мүмкіндік береді. Мектепте орын тапшылығы негізінен республикалық маңызы бар қалалар – Түркістан және Алматы облыстарында бар. Бұл мектептер икемді кесте бойынша штаттық түрде оқитын болады. Ауысымдар мен кіші ауысымдар ұйымдастырылады. Негізгі пәндер тек штаттық форматта оқытылады».

Ата-ана баласын қазақ сыныбына бере ме, орыс сыныбына бере ме, әрине, өз құқы. Алайда, қоғам қайраткері Оразгүл Асанғазының «Балаларыңызды орыс сыныбына бермеңіздер! Қазір ата-анасын қарттар үйіне өткізіп жатқан да сол – орысша оқығандар...» деген пікірін естігенде өне бойымыз шымырлап қоя берген. Сенгіміз келмейді, бірақ астарында шындықтың басы қылтияды.  

Динара Мыңжасар, Алматы.

Тегтер: