18 Тамыз 11:09
...

Қалдыбек Құрманәлі, композитор: Енді Сәкенді өлтіруіміз керек пе?!

Фото:

Қалдыбек Құрманәлі – болмысы бөлек композитор. Оның қаламынан туған нәзік ән иірімдерін тыңдасаң, «Мұны Қалдыбек аға жазған ба?!» деп таңқалатын сәт те жоқ емес. Бетің бар, жүзің бар демей турасын кесіп айтатыны тағы бар. Таяуда әлеуметтік желіде әнші-шенеунік Сәкен Майғазиевті қолдап, жазба қалдырғанда да даудың астында қалды. 

Nege.kz тілшісі композитормен сұхбаттасып, біраз жайттың төңірегінде әңгіме өрбітті. 

«Сен жемқорсың! Ақша қайда?» деуге қандай құқы бар?!

– Қалдыбек аға, жақында жүрегіңізге ота жасалып, бір аунап тұрғаныңызды естідік. Білген, естіген жұрт тілекші болды. Қазір денсаулығыңыз қалай?  

– Өзіңді танып тұрмын, менің басыма емес, жүрегіме ота жасады ғой. Алжасқан жоқпын. Шынымды айтсам, жүрегімнің ауырғанын білмей де қалдым. Сезген де жоқпын. Бұрын ауырған емес еді. Ауруханаға басқа диагнозбен барғам. Қант диабетім бар еді, қаным қоюланып кеткен шығар деп ойладым. Содан Алматыдағы Кардиология орталығының мамандары тексере келе «Жүрегің ауырады!» деді. Сөйтіп, жүрегіме стенд қоймақшы болып еді, оған қабырғам жарамады. Не керек, кеудемді ашып балтырымнан тамыр алып екі жерге жалғады. Отаны бас дәрігер Алмат Қодасбаевтың өзі жасады. Ауруханадан шықққаныма бір апта болды. Қазір үйде емделіп жатырмын. Үш ай дәрігердің бақылауында боламын. Одан кейін жібі түседі дейді. Сосын тағы үш ай күтінемін, алты айда орнына келеді екен. Қайта ауруханаға далбасалап барып қалып, Құдай сақтап қалды. Басқа ауруханаға барсам, жүрегімді тексермейтін де еді. 

– Бәрі сәтті болғанына қуаныштымын. Бірақ өзіңіз ауруханадан шыға салып, Әлеуметтік желіде «Шымкент қалалық мәдениет үйі» концерттік ұйымының басшысы Сәкен Майғазиевті қолдап, жазба қалдырдыңыз. Тіпті, оны «жемқор» деген қызға бағыттаған кейбір сөзіңіз көпшілікке ұнамады. Жалпы, Майғазиевтің жемқорлық әрекетке қатысы жоқ екеніне сенімдісіз бе?

– Жазбада «Мен Сәкеннің заңгері де, адвокаты да емеспін» дедім. Қазір әлеуметтік желіде арнайы топ бар сияқты. Кезінде Түркістан облысы Ішкі саясат басқармасында басшылықта болдым. Сол кезден білемін. Бұл топ бір-бірін қолдайды немесе түтіп жейді.

Біріншіден, Сәкен – қазақтың белгілі азаматы, елге танымал тұлға. Егер ол қылмыс жасаған болса, оны тексеретін құзырлы орган өте көп. Олар сен атақты адамсың ба, әншісің бе, Мұхтар Шахановсың ба, Олжас Сүлейменовсің бе, беделіңе де қарамайды. Шын мәнінде, журналистер мен блогерлер БАҚ туралы заң шеңберінде құзырлы органдарға сауал жіберіп, ақпарат алуға құқы бар. Ал әлгі блогер қыз Қаржы полициясының тілшісі ме? «Сен жемқорсың! Ақша қайда?» деуге қандай құқы бар?

Сәкен есеп беруге міндетті емес. Сол орында отырсам, мен де есеп бермеймін! 595 млн теңге бөлінсе, бөлінген шығар. Сәкен ұры ма, жоқ па, ол үшін жауап беретін Шымкент қаласының Мәдениет басқармасы бар. Тіпті, мән-жайдың анық-қанығын әлгі тексеріп жатқан сандаған мекемеден сұрасын! Қазір Сәкен сұхбат бере алмайды. Менің қарамағымдағы маман сұхбат берсе, мойнын жұлып аламын. Оның да үстінде басшылар бар. Оның бәрін Сәкен айта бермейді ғой. Мен болсам «Әй, қарындасым, мені қазір тексеріп жатыр. Тексеріс біткен соң, не сотталамын, не таза болып шығамын. Сол кезде өзім іздеп сұхбат беремін» деп айтар едім. «Жуас түйе жүндеуге жақсы» деп Сәкен Майғазиевті жерден алып, жерге салуда. Ол өзі момын жігіт. Өткенде жас жазушы Аягүл Мантайға шабуыл жасаған сияқты, бәрі «ұрып» жатыр. Бұлай болмайды, заңды қатаңдатып, бәрін орнына қою керек.

– Дұрыс қой. Бірақ әлеуметтік желідегі сол жазбаңызда әлгі қыз туралы «Ертең ол да, бір үйдің келіні болады-ау?... Мүмкін, мына мінезімен, болары болып, бояуы сіңіп, қайтып келіп қойған да шығар-ау?...» депсіз. Осындай пікір жазу сіздің абырой-беделіңізге, «композитор Қалдыбек Кұрманәлі» деген атыңызға жараса ма?

Мені дәл сол пікірлерді алып тастады, жазбады деп ойлашы. Тек «Сәкен сабырлық танытты» деп жазсам да, бәрі маған жабылар еді. Әркімнің өз шындығы бар. Бұл жерде гуманистік тұрғыдан қарау керек. Біз – тұлғамыз. Сол жерде маған қарсы пікір жазған адамдарға күмәнім бар. Олар сауатты, білімді деп те ойламаймын. Көшеде, базарда ерігіп отырған адам шығар. Өміріне өкпелі, адам боп туғанына риза емес. Зиялы, сауатты адамдар пікір айтып жатса, мейлі. Тіпті, Жанболат Мамайдан айлық алатындар болуы мүмкін.

Үшінші бір топ бар. Мақсаты – өнер адамдарын жексұрын қылу. Тек осындаймен айналысады отырып алып. Роза мен Мақпалды да жексұрын қылды, ал Шаханов мүлдем оңбаған адам болып шықты. Тіпті, Шахановқа «Өліп қал! Түркияда жүрегің неге тоқтап қалмады?» деп жазғандар болды. Солардың денсаулығына да күмәнмен қараймын.

Ал менің денсаулығым жақсы. Жүрегім ауырған екен, емделіп шықтым. Өткенде біреу «Жүрегіңе ота жасалғанда неге өліп қалмадың?» деп жазыпты. Оған «Ей, мен өлмейтін болдым. Бұл жүрекпен 53 жыл өмір сүрдім, енді 53 жыл өмір сүремін. Мен әлі сенің жаназаңа қатысуым керек» деп жазсам болады ғой. Бірақ мен олай жазбаймын. Өлсем өлетін едім. Өлсем, саған сұхбат бермейтін едім. Ешкімге тәуелді емеспін. Абай атам «Өз сөзім – өзімдікі» деген. Солай жаздым. Алып тастамаймын. Мені сотқа беретіндер, берсін.

Өзім оппозициялық пікірдегі адаммын. Кезінде Түркістан облысы әкімінің кеңесшісі әрі ішкі саясат басқармасында қызметте отырғанымда «Дат» газетіне сұхбат бердім. Сол кезде әкімнің баспасөз хатшысы Берік Уәли Мырзахметовке кіріп, бәрін айтыпты.

Облыс әкімі шақырып алып «Сіз облыстың Ішкі саясат басқармасын басқарып отырсыз ғой» дейді. Сұхбат беру үшін облыс әкімінен рұқсат алуым керек пе? Сосын сұхбатты Ішкі саясат басқармасы басшысы ретінде емес, тұлға ретінде бердім. Мемлекеттің саясатына, тұтастығына қарсы шықтым ба? Тұлға ретінде пікір айтуға құқым бар шығар. Екіншіден, елімізде ресми түрде тіркелген, лицензия куәлігі бар кез келген БАҚ-тың құқығы бірдей.

«Қазір танымал тұлғаларға жабылғаннан ләззат алатындар көп»

– «Мен – тұлғамын» дедіңіз. Дегенмен, қызыңызбен жасты қызға әлгіндей сөз айту сол тұлға болмысыңызға нұқсан келтірмей ме?

– Ол қыз Сәкенді тұлға деп тұрған жоқ қой. Ел алдына шығып, пікір айтты ма, толыққанды құқы бірдей адам. Ондай кезде жынысқа бөлінбейді. Пікір қайшылығы бірдей, құқық бірдей. Журналист – ақпарат таратушы. Екінші жақтың пікірін беруші. Қазіргі блогерлер өздері прокурор, өздері адвокат, өздері тергеуші. Ең сорақысы, сол адамды жаралап, иманын үйіріп, жаназасын шығара салады. «Ей, сен, жемқор!» деп тұр. Соған жыным келді. Аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып, дәлелсіз, дәйексіз көкбеттікке салынып жатқан әлгі қызды аядым. Аядым да, мүсіркедім. Сотқа берсе, берсін!  Әркімнің өз құқы бар. Жеңіп шығамын кез келген уақытта.

Жасым 55-те. Желтоқсан оқиғасы кезінде де, одан кейін де жеке көзқарасым болды. Өз басым бір рет те біреуді сотқа берген емеспін. Бірақ бәрі мені сотқа бергіш. Мақтанғаным емес, ешқашан жеңілген емеспін. Есіңде ме, ертеректе бір телеарнаның тілшісі: «Неге орысша сұхбат бермейсің?» деп еді ғой. Сол мені сотқа беріп, процесс төрт айға созылды. «Орыс редакциясының тілшісі екен деп орысша сөйлеуім керек пе?» дедім. Ақыры жеңдім. Алған бетімнен қайтпаймын.

Ақша жеген адамға, қылмыскерге, мемлекетті тонап жатқандарға қарсымын. Мемлекеттің ақшасы – халықтың салығы. «Өнер адамдары ақша жесін, оған рұқсат» деген заң жоқ. Бірақ әлі іс қозғалып, дәлелденбеген нәрсеге болжам айту дұрыс емес. Егер шын мәнінде, Сәкен ақша жеп қойған болса, онда жазасын алады. Әлдебіреу «Сәкен екеуі ана 595 млн теңгені бөліскен ғой» депті. Өнерде жүрсе де, Сәкенмен былтыр туған күнінде бір-ақ рет кездестім. Ішкі мәдениеті жоғары жақсы іні ретінде ағалап тұрады.  

– Әлде, Сәкен Майғазиевтің өзі өтініш жасады ма?

 Өтініш жасаған жоқ. «Оның адвокаты емеспін» деп жаздым ғой. Аягүл Мантайдан кейінгі кезек Сәкендікі ме? Оны да өлтіруіміз керек пе? Қылмыскер екенін анықтап алайық та алдымен. Өткенде Розаның дымын қалдырмады. Ол – Роза Рымбаева ғой. Кәсіби маман ретінде пікірін айтты. Тіпті, Розаның өз баласын өзіне қарсы қойды. Көшеде жүрген біреу шықты ғой. Иманбек деген кім? Ол музыкант па? Еврейлердің ойлап тапқан бір ритмін шығарды. Сол Иманбекті бес жылдан кейін көрейікші. Димаш сияқты әлемге қазақтың атын шығара ма, әлде ертең-ақ ұмытыла ма? Сонда біз пікір айтпауымыз керек пе? 

Мен «Сәкен ақша жеген жоқ, ол ақша жеуі мүмкін емес, ол – таза адам» деген жоқпын. Әлгі қыздың бас жоқ, көз жоқ дәлелсіз қаралап жатқан, ызалы, бетпақтыққа беріліп айтқан сөзіне асықпай, саспай жауап беруі, Майғазиевтың ішкі мәдениетінің мықтылығын байқатты.

Анандай сөздер айтып жатқан адамға күйіп кетіп, шыдай алмай жаздым. Өз басым мойнын жұлып алар едім. Бір кісі «Сәкеннің орнында сен болсаң, ана қыздың басын ұрып, жара салатын едің» депті. Шынымен солай.

Басын жарсам, әрі кетсе алты айға сотталатын шығармын. Ауруханада жатам ба, түрменің госпиталінде жатам ба, маған бәрібір. Ол қызға сондай сөздерді айтқызып отырған біреулер бар. Айдақтатып, үргізіп отыр. Көрдім де, «Мына адамдар қайда бара жатыр?» деп таң қалып, өз пікірімді айттым. Сәкен маған хабарласқан жоқ. Тек Инстаграмда «Қалдыбек аға, қолдағаныңызға рахмет!» депті.

– Сіздің әңгімеңіздің ауанына қарағанда бүгінгі жұрттың тұла бойын қандай да бір ыза-кек жайлаған сияқты. Неге?

– Сол қызық маған да. Адамдар неге ыза? Билікке ме, басқаға ма, білмеймін. Қайдан келген өшпенділік? Өзім гуманистпін. Жер бетінде әділеттілікті, ізгілікті қалайтын адаммын. Айналамның мейірманды болуын қалаймын. Өмірдегі ең бақытсыз адамды айтайын ба? Ол өз мінезін өзгерткен адам! Анадан туғандағы мінезді біреудің көңіліне қарап өзгерту дұрыс емес. Ақын Олжас Сүлейменовтің өлең жолы бар. Оны ақын Қадыр Мырза-Әлі «Ана сүті арамдыққа суарса, сиыр сүті ала алмайды сені ақтап» деп аударды. Мінезім аса бір мәдениетті, жайлы деп те айта алмаймын. Өмірге осылай келдім, осылай кетем. Күн сайын «Е, Құдай, осы мінезімнен жаңылдыра көрме!» деймін.

Кейбір адамның құжатында «Бүркіт» деп тұрса да, кейін небір қарсылыққа шыдай алмай «Шымшыққа» айналып кеткен. Ал өзім анадан Сұңқар боп тудым, Сұңқар боп өлемін. Өлсем, өліп кетейін, сөзімнен қайтпаймын.

Қазір танымал тұлғаларға жабылғаннан ләззат алатындар көп. Көбі психологиялық тұрғыдан шаршаған. Баяғыда жас кезімде бір-екі әнім шығып, ауылға барғанда жұрт сыйлап үйіне шақырып, тілеулес болатын. Танымайтын адамдар көлігімен алып жүріп, жеген тамағымның ақшасын төлей салатын. Бүгінде барлық жерде адамның ниеті, пейілі бұзыла бастапты. Қоғамның өзі ластанып барады. Адамнан мейірім кеткен, пейілі тар.

Билікті сына, қателігін айт. Басқа мемлекеттен қаржы алып, «демократ» болып, Қазақстанның бөлініп кетуін көздесе, солардың қолында өлемін. Мемлекетіме қауіп төндіретін адамның жағасынан аламын. Атылсам, атылып кетейін, өліп кетуге дайынмын. Маған мемлекеттің тұтастығы, ұлтымның амандығы керек. Менде үш мүдде бар: ұлттық, мемлекеттік, жеке мүдде. Қазір көпшілік жеке мүддені көздеп жүр. Өзімде мемлекеттік пен ұлттық мүдде бір әннің қайырмасы мен шумағандай үйлесім тапқан. Ал жеке мүддемді мемлекет пен ұлттан жоғары қойған емеспін. Әркімде осы екі мүдде болса, сонда ғана мемлекет ұзаққа барады.

«Құдды қайтыс болған шешең тіріліп келетін сияқты алаңдап отырады екенсің»

– Соңғы кезде болып жатқан жайттарды білесіз. Әлеуметтік желі талайдың түбіне жетіп жатыр. Бұл алаң кибербуллингке айналып барады деген пікір бар. Бірін-бірі қорлау, қудалау басым. Әлгі қызға да ауыр сөздер айттыңыз. Ертең бірдеңеге ұрынса, өзіңізді кінәлі сезінбейсіз бе? Жалпы, әлеуметтік желі сізге керек пе?

– Журналистерді бәлендей қорғап жатпаса да, әйтеуір БАҚ туралы заң бар. Бірақ  соның әлеуметтік желіге байланысты тұсын қатаңдату керек. Мұнымен ешкім жазаланғанын естімеппін. Егер біреу заңдық тұрғыдан сазайын алса, аузына келгенін оттай бермес еді. Әлеуметтік желі – қоғамды, ұлтты алға сүйрейтін қаймақтардың пікір алаңы емес. 19 млн адам ойына келгенін жазады. Соның ішінде адамды түкке алғысыз ететін топтарды ауыздықтау керек.

  

Ол қыз бірінші өзі бастады. Біреудің бетінен алып жатыр. Намыстанып кеттім. Ертең ол қыз ешкімді аямайды. Өз басым кез келген қазақ қызының намысы үшін ешкімді аямаймын. Біреу қазақ қызына тиісіп жатса, мойнын жұлып аламын. Ол қай жақтың қызы, қай рудың қызы, бәрібір. Ал қазақтың қызы бола тұра беттен алып тұрса, кім аяйды? Шектен шығып кетті ғой. «Өз бетін аямаған кісі бетін шиедей қылар». Солай жауап беруге мүдделі болдым. Бүйтіп төмпештей берсе, ертең қазақта тұлға қалмайды. Біреу «Қалдыбек, сен оңбаған адамсың!» деп жаза салады. Жақсы адам екенімді қалай дәлелдеймін. Жақсы адаммын ба, жоқ па білмеймін. Мәдениетті адаммын ба, жоқпын ба, оны да білмеймін. Алла мені осылай жаратты, болды.

Аягүл Мантай да әлеуметтік желідегі ауыр сөздерді көтере алмапты. Кезінде бір рет сұхбат алған. Сезімтал қыз екен. Жылап қала салады. Тосын әңгімелер айтады. Кейде баланың, кейде өмір көрген қария сияқты сөйлейді. Бірақ жазғандары ұнады.

Жалпы, әлеуметтік желі маған керек емес екен. Менің форматыма, мінез-құлқыма, болмыс-бітіміме әлеуметтік желінің қажеті жоқ сияқты. WhatsApp желісінде кластастарым мен курстастарымның тобы бар. Екеуінен де шығып кеттім. Құдды қайтыс болған шешең тіріліп келетін сияқты кәдімгідей алаңдап отырады екенсің. Баяғыда жүрген қызың бәлен жылдан кейін қайтып келетін сияқты ма, бірдеңе. Қайдан білейін, балаларым «Әке, елге танымалсыз ғой, әндеріңізді Фейсбукке, Инстаграмға салып тұрайық» деп қосып беріп еді. Бірақ бұл, әсіресе, мен сияқты пікірін айтып тастайтын адамға қол емес екен. Мұндағылар біреуді жамандаса, жерге тығып жібереді екен. Екінші жаман жағы – біреуді мақтаса, көкке ұшырады. «Құс қанатымен ұшып, құйрығымен қонады» дегендей тура.

– Біраз жыл бұрын елге кеткеніңізді естідік. Шығармашылық ортадан алыстап кеткен жоқсыз ба? Шабыт шалқып тұр ма?

– Біз де жас емеспіз. Көңілдегі арманым – туған жерге барып, әкемнің шаңырағына ие болсам екен деген еді. Елге көшіп барып, қарашаңырақтан үлкен үй салдым. Осы күнге дейін қоныс той беріп қоятын едім. Екі ағам өмірден өтті. Жылын бердік. Одан кейін індет өршіп кетті. Ауылға барғалы жаңа әндер жаза бастадым. «Шаян өзені», «Ағайынды аңсау», «Менің бабам» деген әндер туды. Бабам – Сіргелі Тілеуке Қарабатыр Абылайханның кезінде түмен батыр болған. Ол туралы Бұқар жырау жырына қосқан екен. Дәлігерінде, шабыт шалқып тұрғаны былай тұрсын, аспанда қалқып тұр.

Әннен бөлек, екі кітап жазып жатырмын. Шәмші Қалдаяқов туралы «Шәмші жайлы: дақпырт пен шындық» деп аталады. Шәкең жайлы ел арасында небір әңгіме жүр. Шәмшінің бір әнін «маған арналған» деп жеті адам таласып жатыр. Соның қайсысы шындық, қайсысы жалған екенін жүйеге келтірсем деймін. Оны осы кітапта қате жазсам, мені ешкім кешірмейді. Сол үшін көзі тірілерден сұрап, нақтылап жатырмын.

Фотолар Қ.Құрманәлінің Фейсбук парақшасынан алынды.

Екіншісі –  өнер саласындағы қалыптасу жолым туралы. Өмірде маған талай тұлға аға болды. Алматыға жалғыз шабаданмен келіп, ниеттес, тілектес ағалар таптым. Небір марғасқалармен жүрдім. Бұл естелік кітап іспеттес болады. Одан бөлек әндерім таспаланған жеке фото-альбом шығады. Алла амандығын берсе, індетті жеңсек қоныс той жасап, «Қарашаңыраққа оралу» атты іс-шара өткіземін. Сосын Шәмшінің әндерін насихаттау, еске алу кешін бұдан былай ұлым Шәмші Қалдаяқ өткізеді. Өзім тек жоба жетекшісі, кеңесші есебінде боламын. Демек, менің шығармашылығым тоқыраған жоқ. Алатау мен Қаратаудың арасында жүрмін. Кез келген уақытта сұраныстағы адаммын. Ауылда тұрсам да, қоғамдық пікірден қалысып жатқам жоқ. Өз пікірімді айтып жүрмін.     

Қайта ауылға кеткенім жақсы болды. Алматыда жүре берсең, ешкімді бағаламайды екенсің. Шетке кеткенде есіңе түсіп, сағынасың. Кімді ренжіттің, кімді өкпелеттің, кіммен дұрыс сыйласа алмадың, бәрін ойша саралайсың. Киноның лентасы сияқты көз алдыңнан өтеді. Бірақ ешкімнің тойынан, өлім-жітімінен қалған емеспін.

Кеше өліп кетсем де болар еді, бірақ Алла аман қалдырды. Соған қарағанда әлі керек шығармын. Адам болған соң, бір-бірімізді бағалай білгенге не жетсін?! «Бағалай алмаған адамға бақ қонбайды, қадірлей білмегенге құт қонбайды».

– Сұхбатыңызға рахмет! 

Динара Мыңжасар, Алматы.

Тегтер: