12 Маусым 15:05

Ерлан ДОСЖАНОВ, эколог: Орманды толық қалпына келтіру үшін кем дегенде 50 жыл қажет

Фото:
Алапат өрт

Абай облысында он төрт адамның өмірін қиды. Тағы бір адамды іздеп жатыр. Жауапты лауазым иелері сөгіс алып, кінәлілер анықталар. Қылмыстық іс қозғалды. Өрт 60 мың гектар жерді шарпыпты. Бұл еліміздің экологиясы үшін үлкен залал екені айдан анық.

Қазақстандық эколог, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасының профессоры Ерлан ДОСЖАНОВ адамдардың өмірін жалмаған алапат өрттің қоршаған ортаға тигізген зияны жөнінде NEGE-ге сұхбат берді. 

Е.Досжанов.

– Абай облысындағы өрттің экологияға тигізген залалы туралы айтып берсеңіз. Шығынның көлемі қандай?

– Қазақстанның орманды алқабы  жеріміздің бес-ақ пайызын алып жатыр. Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан аймақтарында орман шаруашылығы бар. Оңтүстік өңірлерде тоғайлар ғана кездеседі. Кейде аласа орман деп те аталады.

Бүгін қаралы күн жарияланды. Қаншама адам қайтыс болды. Өртке оранған аймақта флора мен фаунаның жағдайы қатты алаңдатады.

«Өрт неден пайда болды?» деген сауалдың басы ашық.

– Бұл сұраққа өзіңіз қалай жауап берер едіңіз?

– Табиғи фактор болуы да мүмкін. Көбінде күн қатты қызып, өсімдіктер қаудырлап қураған кезде өрт қаупі күшейеді. Бұдан бөлек, найзағай ағаштарға түскенде өрт лаулайды.

Адам факторын да жоққа шығаруға болмайды. Қасақана от қоюы немесе байқаусыз да шоқ түсіріп алуы да мүмкін. Орман ішінде адамдар от жағып, толық өшірмей кетуі де ықтимал.

Күн қатты ысып, өсімдіктер қурап тұрған кезде, адамдар қалдырып кеткен бөтелке де өртке себеп бола алады. Тіпті, кәмпиттің жылтыр қағазы да аса қауіпті.

Фото: ғаламтордан

Біз орманның көп бөлігінен айырылып қалмадық па?

– Қанша орманның өртенгенін сарапшылар нақты есептеп айта жатыр. Бірақ «70 пайызы өртенді» деп байбалам салуға да болмайды. Соңғы деректер бойынша, 60 мың гектар жер өртенген.

Ресейде Белгияның аумағына пара-пар орман өртенді. Ол кезде «қасақана өрт қойылған» деген сөз жиі айтылды. Адамдарға шикізат керек. Содан кейін әдейі өртейді.

Орман өртенсе, кесіп отап алады. Ағаштарды сатуға шығарады. Ақша жасайды. Оның үстіне, өрт сөндіруге көп қаражат бөлінетіні тағы бар.

Өрттің алдын алу үшін бірнеше мемлекеттік орган бірлесе жұмыс істеуі тиіс.

– Өртенген орманды қалпына келтіруге бола ма? Бұған қанша уақыт керек?

– Өртенген орманды, жерді қалпына келтіру үшін ондаған жылдар керек. Толық қалпына келуі үшін кем дегенде 50 жыл қажет. Алғашқы он жыл өсімдіктердің жас буын ретінде өсуіне кетеді.

Десе де, ол жерге қайта орманның қайта өспеуі де ғажап емес. Қалалардың айналасына ағаш егіп, жасанды орман өсіріп жатырмыз. Ал табиғи ормандарға көздің қарашығындай қарап, сақтап қалуымыз керек еді.

Өрттен қаза тапқан орманшылар.

– Осы орманды мекендеген өсімдіктер мен жануарлар жөнінде не дер едіңіз?

– Абай облысындағы өсімдіктер мен жануарлардың қандай тізбекте жасайтыны, қызыл кітапқа енгендері, сирек кездесетін өсімдіктер мен жан-жануарлардың нақты дерегін шығару қажет. Олардың жойылып кету қаупі зор.

Бір сөзбен айтсақ, орманды алқап флора мен фаунаға өте бай болады. Шөл даладағы өсімдіктер мен жануарларды салыстыруға келмейді. Сирек кездесетін, дәрілік өсімдіктер кездесуі мүмкін. Олардың түрлерін жоғалтып алсақ, қайта қалпына келтіру өте қиын болмақ.

– Өрттен шыққан түтін Жетісу облысына дейін жетіпті. Төтенше жағдайлар министрлігі осы облыс тұрғындарын сақ болуға шақырды. Қою қара түтіннің өзі экологияға тигізер зияны қандай?

– Өрт болған жерде түрлі газдар бөлінеді. Көмірқышқыл газы, тұншықтырғыш, улы газдар тарайды. Әрине, зияны бар.

Ауаның құрамында оттегі – 21 пайыз, азот – 78 пайыз және инертті газдар – 1 пайызға жуық. Көмірқышқыл газының құрамы артып кетсе, адамның тыныс алу мүшелеріне зиян келтіреді.

Тұншықтырғыш газ өте қауіпті. Одан сақтану қажет. Дәкені сулап мұрынға таңып немесе маска киіп, қорғану әрекетін жасаған жөн.

Абай облысындағы өрттің түтіні Талдықорғанға жетті. 

– Мұндай өрттердің алдын алуға бола ма?  

–  Алдын ала сақтану ережелерін ұстану қажет. Демалыс орындарында ескертулер жасалуы тиіс. Тікелей жауапты органдардың жұмысын жіті қадағалау керек. Дер кезінде хабар жететін болса, өрттің алдын алуға болады. Өрт қаупін қадағалағаны үшін орманшыларға үстеме ақы төлесе, құба-құп болар еді.

Тегтер: