14 Маусым 18:34

Еділ Жаңбыршин: 2030 жылға қарай су ресурстарына тапшылық болуы әбден мүмкін

Фото:

Жер бетіндегі тіршілік атаулының дені суға тәуелді екені белгілі. Жаһандық климаттың күрт құбылуы мен маңызды акваторияларды тиімсіз басқару жағдайында мұның өзектілігі одан сайын арта түсті. Қазақстанның су саласын дамыту перспективалары туралы Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршинмен өрбіген сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз. 

– Су саласының перспективалары туралы Парламенттік тыңдаулардың мақсаты не?

– Парламенттік тыңдаулар – мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатындағы өзекті мәселелерді мамандармен, сарапшылармен және қоғаммен талқылауды ұйымдастырудың формаларының бірі. Су саласы еліміз үшін ең актуалды сұрақ. Парламенттік тыңдаулардың негізгі мақсаты – су саласына қатысты заңға өзгерістер мен жаңа заңдарды қабылдауға және мемлекет тарапынан су ресурстарын тиімді басқаруға бағытталған. Өйткені әлемде 2050 жылға қарай суды тұтыну 50%-ға өседі деген болжам бар.

Қазақстан – су дефициті жоғары елдердің санатына жатады. Еліміздің географиялық орналасуы мен климаттық жағдайлары да қазірдің өзінде су ресурстарының проблемасына әкеліп отыр.

Оның үстіне су ресурстары мемлекетімізде біркелкі орналаспаған, кейбір өңірлер тіпті трансшекаралық өзендерге тәуелді. Мысалы, Маңғыстау облысында жер бетіндегі су ресурстары жоқ, ауызсумен қамтамасыз ету үшін тұщытылған теңіз суы, жер асты сулары және Астрахан-Маңғышылақ су құбыры арқылы Қиғаш өзенінің суын пайдаланады.

Сыртқы ресурсқа тәуелділік Қызылорда мен Түркістан облыстарына да қатысты. Олар ауыз суға жер асты суларын пайдаланса, ауыл шаруашылыққа  қажетті суды трансшекаралық Сырдария өзенінен алуға мәжбүр.

Осыған орай еліміздегі су саласындағы мәселелерді Парламент қабырғасында талқылап, нақты проблемаларды анықтап, алдын-ала жүйелі жұмыстарды ұйымдастыруымыз қажет.

– Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары жөніндегі кеңесі «Адам құқықтары және қауіпсіз ауыз суға және санитариялық қызметке қол жеткізу» резолюциясын қабылдады. Бұл құжаттың маңыздылығы қандай?

– 2010 жылы БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесі «Адам құқықтары және қауіпсіз ауызсуға және санитариялық қызметке қол жеткізу» резолюциясын қабылдады. Бұл құжатқа сәйкес адамдардың қауіпсіз ауызсу мен санитария құқығы расталды. Халықаралық гуманитарлық құқық, мемлекеттерді ешбір дискриминациясыз су мен санитарияға барлығына бірдей қолжетімді болуын міндеттейді, сонымен бірге ең мұқтаж адамдарға басымдық береді. Суға тапшылық тек қана экономиканы тежемейді. Ол адамдардың физикалық және психологиялық жағдайына кері әсер етеді.

– Қазақстанда су ресурстары экономика мен тұрғындарды толық қамти ала ма?

– Қазіргі таңда су ресурстары экономикамызды да, халықты да толық қамтып отыр деп айта аламын. Елімізде өзендердің су ресурстарының көлемі 102 км3,  оның 50%-ы бізге трансшекаралық өзендер арқылы келеді. Ал жер астындағы су кендері келетін болсақ, мемлекеттің балансында 4 324 кен орындары бар және олардың жалпы болжамдық қоры – 58 км3. Халық пен экономиканың салаларына қажетті судың жалпы көлемі – 25 км3. Оның 65%-ы ауыл шаруашылығына, 30%-ы өнеркәсіпке, 5%-ы тұрмыстық-коммуналдық шаруашылыққа пайдаланылады. Алайда 2030 жылға қарай су ресурстарына тапшылық болуы әбден мүмкін. Себебі соңғы 20 жылда Қазақстанда ауыз суды тұтыну 18%-ға  артқан.

– Біздегі қабылданған заңдар су саласын реттеуге мүмкіндік бере ме?

– Елімізде 2003 жылы су кодексі қабылданды. Содан бері ол Кодекске 72  өзгеріс енгізілген. Бірақ  қазіргі таңда Кодекс заман талабына сәйкес емес деп айтуға болады. Себебі су кодексінің негізгі мақсаты – суды пайдалануға ғана бақытталған. Алайда суды үнемдеуге қатысты мәселелер кенже қалып қойған. Сондықтан қазіргі су кодексін қайтадан қарастырып, суды үнемдеуге бағыттау керек. Себебі бүгінгі күні біз барлық қолжетімді су ресурстарын бейберекет және үнемсіз пайдаланып отырмыз.  

Біздегі заң нормалары мен нормативтік-құқықтық актілер азаматтарды да, өндірістерді де, агросекторды да суды үнемдейтін әдістер мен технологияларды қолдануға ынталандыру қажет. Мысалы, агросектордағы судың шығыны 40-50%-ды құрап отыр.

Екінші мәселе, елімізде гидротехникалық құрылымдар мен су қоймаларының қауіпсіздігі жөнінде заң қабылданбаған. Су қоймаларын жобалау, салу және оларды ұстап отыру тиісті нормаларға сәйкес іске асуы керек. Әйтпесе елді-мекендерде апатты су тасқындары болып, төтенше жағдайлар орын алуы мүмкін. Жақында ШҚО-ға жұмыс сапарымен барғанда, су қоймаларының жағдайымен таныстық. Көбі Кеңес Одағы заманында салынған, күрделі жөндеу көрмеген, апаттық жағдайда. Адамдардың қауіпсіздігі мемлекет үшін қашанда ең басты міндет. Сондықтан гидротехникалық қондырғыларды қауіпсіз пайдалану заң жүзінде реттелуі керек.

– Парламенттік тыңдаулардан қандай нәтижелер күтесіз?

– Ең бастысы Парламент, Үкімет ғалымдармен, сарапшылармен және қоғаммен бірге су саласындағы ең қордаланған мәселелерді ашық айтып, өзіміздегі «ауруларды» нақты анықтауға мүмкіндік береді.

Осы мәселелерді шешу үшін біз қандай заңдарды қабылдауымыз қажет, қандай заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізуіміз керек, соларды жүйелеп аламыз.

Су саласын мемлекет тарапынан тиімді басқару үшін кемшіліктер мен мүмкіндіктерді анықтаймыз. Мемлекет тарапынан жүйелі басқаруды және реттеуді қалыптастыратын уақыт келді.

Жалпы жоғарыдағы мәселелерді нақты іске асыру үшін Парламенттік тыңдаулардың Үкіметке, министрліктер мен ведомстволарына және жергілікті басқару органдарына нақты ұсыныстар жинағын қамтитын ұсынымдар дайындалып жатыр.

– Сұхбатыңызға рақмет.

Тегтер: