16 Мамыр 18:10

Орталық Азияның қауіпсіздігі Астанада талқыланды

Қауіпсіздік
Фото: NEGE

Түбі бір түркі елдерінен құралған Орталық Азия мемлекеттері Қауіпсіздік кеңесінің хатшылары бүгін Астанада бірінші кездесуде бас қосты.

Кеңестің аты айтып тұрғандай, жиында тараптар негізінен қауіпсіздіктің өңірлік және халықаралық өзекті мәселелерін талқылап, соның ішінде су-энергетикалық және азық-түлік қауіпсіздігі жөнінде жан-жақты пікір алмасты.

Қазақстан тарапынан қатысып, алғашқы сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетов Орталық Азия мемлекеттері Президенттерінің мақсаткерлік күш-жігерінің және бірізді қадамдарының арқасында ортаазиялық ықпалдастық жаңа деңгейге көтеріліп отырғанын жеткізді.

– Бұл елдеріміз арасында орнаған сенім, достық пен тату көршіліктің сан ғасырлық дәнекерін нығайтуға деген ұмтылысты білдіреді. Қарым-қатынасымызды тереңдетуде Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесуі маңызды рөлге ие. Бірлескен өзара іс-қимылдың бұл үлгісі сауда, өнеркәсіптік кооперация, энергетика, көлік және логистика салаларындағы жан-жақты ынтымақтастықтың дамуына айтарлықтай серпін берді, – деді кеңес хатшысы.

ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы әріптестеріне аталған мәселелер бойынша Қазақстанның ұстанымын жеткізді.

Қауіпсіздік
Фото: NEGE

Трансшекаралық өзен ресурстарын тиімді басқару, тең және әділ су пайдалану қағидаларына негізделіп шоғырландырылған су саясатын әзірлеу және жүзеге асыру, өзара міндеттемелерді мүлтіксіз орындау бойынша ынтымақтастықты дамыту жөнінде бірқатар ұсыныстар енгізді.

Сондай-ақ ол қазіргі таңда алдағы тамыз айында Астанада өтетін VI Саммиттің дайындық жұмыстары ойдағыдай жүріп жатқанын атап өтті.

– Геосаяси және геоэкономикалық турбуленттілік өңіріміздің қауіпсіздік жағдайына теріс әсерін тигізеді. Бүгінгі бізбен болған кездесуде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Орталық Азия елдері Қауіпсіздік кеңесінің хатшылары деңгейіндегі кездесулер сыртқы және ішкі қауіп-қатерлерге қарсы тұруда күш-жігерді біріктіру алаңы болуға бағытталған. Сонымен қатар біздің өзара іс-қимыл форматымыз саяси және сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытудағы оң динамиканы нығайтуға септігін тигізбек, – деген Ғ.Нұрдәулетов осы мүмкіндікті пайдаланып, еліміздегі су тасқыны кезінде туыстық тілектестігін білдіріп және гуманитарлық көмегін көрсеткен ортаазиялық бауырлас елдерге шынайы алғысын білдірді.

Сондай-ақ ол мемлекеттеріміздің мүдделерін ескере отырып, бүгінгі кездесудің күн тәртібі бекітілгенін атап өтті.

– Біз бастапқы кезеңде үш тармаққа басымдық беріп, оларды жүзеге асыру үшін дәйекті түрде ілгерілеуге уағдаластық. Бірінші, су-энергетикалық қауіпсіздігі, екінші, азық-түлік қауіпсіздігі, үшінші, Орталық Азия елдерінің қауіпсіздігі мен көлік-логистикалық әлеуетті дамыту. Көрсетілген барлық бағыттар орнықты әлеуметтік-экономикалық даму үшін өзекті әрі маңызды болып отыр. Сондықтан олар өңірдегі стратегиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуді ескере отырып, үйлестірілген салааралық тәсілдерді талап етеді, – деді Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетов.

Бірінші кездесудің қорытындысы бойынша тараптар өңірлік қауіпсіздікті нығайту саласындағы тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екендерін білдірді.

                                                 Сағадат БАҚЫТБЕК