24 Қараша 23:06

Депутаттар Бозымбаевқа қатысты ойын айтты

Фото:

Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Қанат Бозымбаев Алматы облысы әкімі болып тағайындалды. Ал өңірді жеті жыл басқарған Амандық Баталов қызметінен босатылды. Ал жаңадан тағайындалған әкім Қанат Алдабергенұлы кім? Тағайындауға байланысты Nege.kz тілшісі Мәжіліс депутаттарынан пікір сұрады.

«Көп нәрсеге жалтақтамайтын азамат»

«Жалпы қалай болғанда да жастарға жолды ашу керек. Қанат Бозымбаевты өте жас дей алмаймыз. Бірақ оның қай салада болмасын тәжірибесі бар, іскер азамат екенін анық.
Амандық Ғаббасұлының ақсақал ретінде жасаған еңбегі жоқ деп айтуға болмас. Алайда қалай болғанда өзгеріс керек еді. Тіпті жоғары жақта да өзгрістер керек. Бұл қоғам мен уақыттың талабы. Қазіргі жағдайда берілген уәденің бәрі орындалуы керек. Ол орындалмайтын болса, жолың да болмайды. Түбегейлі өзгеріс болмаса да, мықты-мықты азаматтар жауапты орынға келуі керек. Бұған үкімет басшылығында отырған адамдар ренжуге тиісті емес. Өйткені қазіргі сұраныс, уақыт соны талап етіп отыр. 

Қанат Алдабергенұлын жақсы білемін. Ол көп нәрсеге жалтақтамайтын азамат. Облыс басқарғанда және Энергетика министрлігінде ауқымды істер атқарды. Мәселен Жамбыл облысын басқарған кезде кәсіпкерлер тендер алып, жұмыс істеген кезде жемқорлыққа жол бермеді. Ол қолынан іс келетін кәсіпкерге кедергі келтірмей, «Облысты көркейтуге күш салсаңдар мен сендерге көмектесемін» деген тәсілмен жұмыс істеді. Мен мұны жамбылдық азаматтардан талай рет естіген болатынмын. Қазіргі тілмен айтсақ, «откат» алмайтын әкім. 
Энергетика министрлігін басқарған кезде қарапайым адамдарды әбіржітіп, пара сұраған жағдайлар болған екен. Ары-бері табанынан тоздырып, құжаттар сұратқан кезде ол өзінің бір бұйырығымен мәселені шешіп берген екен.
Алматы облысы – үлкен өңір. Алматының көгалды мыңдаған гектер жерлерін тіпті «мынау зират қой» деп қарамай сатып алған. Қазір өлінің әруағын, тірінің тартысын салып жерді бермеймін деп жатқандар бар. Солардың бәрі кезіндегі әкімдердің немқұрайлы қарағанынан болған олқылық. Әкім ауысқан сайын кейде ақыл ауысып кетеді. Осы және өзге де кемшіліктерді түзеп, халыққа қызмет етеді деген сенімдемін», – дейді Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл.

«Бұл – саяси процесс»

Мәжілістің тағы бір депутат Ерлан Сайыров бұл ауыс-түйістің терең мәні бар деген пікірде. Сондай-ақ ол Қанат Бозымбаевтың қандай мәселеге назар аударуы керек екенін тілге тиек етті.

«Кеше Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Нұр Отан» партиясының төрағалығын мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырды ғой. Яғни, біздің елімізде ұрпақтар сабақтастығы приципі жүріп жатыр. Елбасы 30 жылда біздің Тәуелсіздігімізге үлес қосқан толқын ретінде өзінің «Егенмендіктің 7 тұғыры» деген өсиетін айтты. Менің ойымша, бұл – саяси процесс. Жас саясаткерлерге жол беріліп, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосатын жаңа үрдіс келе жатыр.

Алматы облысына әкім болып тағайындалған Қанат Бозымбаев Жамбыл және Павлодар облысында басшы болып, сәтті жұмыс жүргізді. Менің ойымша, Алматы облысының әлеуметтік-экономикалық мәселелері бойынша жақсы-жақсы істер жасалатын шығар. Сондай-ақ жаңа әкім ең бірінші кезекте ифрақұрылым яғни жолға назар аударуы керек деп есептеймін. Бұдан бөлек облыста жарылып жатқан бөгеттерді ретке келтіріп, ауыл шаруашылығын дамытудың оңтайлы әдістерін жасаса дұрыс болар еді», – дейді Е.Сайыров.

Серік ЖОЛДАСБАЙ, Нұр-Сұлтан.

Тегтер: