3 Маусым 20:53

Белгілі күйші НЕГЕ Қайрат БОРАНБАЕВҚА араша түсті?

Фото:

Асылбек Еңсеповті білмейтін қазақ жоқ шығар. Әке аманатын арқалап, домбыраны серік еткен ол күй өнерін дәріптеу жолында аянбай еңбек етіп келеді. Сөзден гөрі іске жұмылғанды жаны сүйетін өнер иесінен біраз сыр тартып көрдік.

– Халық күйлерін  жастарға жеткізу жолында акустикалық домбыраны сахнаға алып шыққан едіңіз. Ал қазіргі заманауи музыкадан қалыспау мақсатында не істеп жүрсіз?

– Қазіргі жастарға жаңашылдық болмаса назар аудара қоюы екіталай. Себебі, уақыт ағымына сәйкес музыкада өзгеріс көп. Жас буын не тыңдап жүр деген мақсатта  қызығушылық танытып, біліп отыруға тырысамыз. Бір қуантарлығы, талантты жастардың қатары артып келеді.

Бұйырса, аладағы күндері жас әншілердің бірімен коллаборация жасамақ ойым бар. Жаңа есімдерді танытуға септігімді тигізу мақсатында жас күйшілерді де сахнаға алып шығуым мүмкін.

Ол енді алдағы күннің еншісінде, әзірге келіссөз жүргізіп жатқан жайым бар.

– Әдетте бишілер әншілердің тасасында қалып жататынын айтады, ал  күйшілер ше?

– Ән сөз бен әуеннің үйлесімінен тұратын болғандықтан, жадыда тез жатталып қалады. Ал жүрегіне жақын ән болса, тыңдарман күнделікті ыңылдап айтып жүруі де мүмкін. Оның үстіне жиын-тойда көпшілік әнге шарқ ұра билейді дегендей.

Ал күй дегеніміз – күрделі жанр, оған талғамы жоғары жандар құлақ асады. Дегенмен, күйдің тыңдармандары азайып кетті деп айта алмаймын. Орта деңгейде. Ал біздің мақсат – сол деңгейді жоғарыға көтеру. Яғни, домбыраны фортепиано, саксафон, виоленчель, сынды әлемдік аспаптармен тең тұратындай дәрежеге жеткізу.

– Айтпақшы, жуырда мәжіліс депутаты Абзал Құспан ұлттық өнердің шашбауын көтеріп жүрген өнер ошақтары мен классикалық өнерді дәріптейтін мәдени мекемелерге бөлінетін бюджет жер мен көктей екенін айтты. Сіз айтып отырған мәселеге осындай олқылық тұсау болып тұрған жоқ па, қалай ойлайсыз?

– Ол кісі орынды айтты. Себебі, біздегі жыршы-термешілердің саны саусақпен санарлық қана. Сондықтан ол өнерпаздарға  өзге кәсіпке мойын бұрмай, тек өнермен ғана айналысуға мүмкіндік беру қажет.

Себебі, жыр, терме, дастан деген – біздің тарихымыз әрі тұнып тұрған тәрбиенің көзі.  Мұның ұрпақ тәрбиесінде алар орыны да ерекше.

Осы орайда жыр-термені насихаттап жүрген ат төбеліндей жандардың жағдайын жасасақ, ұтылмасымыз анық.

– Белгілі композитор, күй өнерінің шебері болған марқұм әкеңіз Жасарал Еңсеповтің жолын жалғадыңыз.  Әке аманатын қаншалықты арқалап жүрмін деп ойлайсыз?

– Иә, әкем тәні топыраққа тигенше «қазақ» деп өтті ғой. Домбыра оның айнымас серігі болды. Қысқа ғұмырында қаншама ғылыми еңбектер жазып, шәкірт тәрбиелеу жолында аянбай еңбек етті. Тура әкем сияқты тұлға болып қалыптасуым мүмкін емес болар, десе де уақыт өте келе мен де білген-түйгенімді  үйретуге тырысамын.

– Ол кісінің металға бедерлей сурет салатын өнері сізге де дарыған болар?

– Негізі біз отбасында үш ағайындымыз. Үлкен ағам Айбек дизайнер болғандықтан, әкемнің нақышында сурет салатын өнері тұңғышымызға дарыған ба деймін. Мен ортаншымын. Ал менен кейнгі ұл Сырымтай Еңсепов өздеріңіз білетіндей әнші.  

– Келіншегіңіздің өнерге қатысы бар ма?

– Жоқ, ол кісі мүлде өзге саланың маманы. Дегенмен, өнерді бір кісідей сүйетін болғандықтан, мені қолдайды.

– Тұңғышыңыз Исатай да қолына домбыра алып тұра ма?

– Әрине, күмбірлете күй тартады. Бірақ мүлде басқа мамандықты таңдады. Қазір философия және психология мамандығы бойынша Аустрияда білім алып жатыр.

Негізі, үлкен қызым музыкаға жақын сияқты көрінеді. Ал одан кейінгі екі кішкентайымның таңдауын уақыт көрсетеді.

Десе де балалардың біреуі атасының жолын қуады деген үмітіміз бар.

– Батыс жұрты «Адай» күйі орындалған жиын-тойда жақсы ақша төлейді деп есиміз. Сіз барғанда аяғыңызды жерге тигізбейтін болар?

– Аллаға шүкір, бір қазақты бөліп-жарғаным емес, бірақ батыс жұртының дәстүрлі  өнерге деген құрметі шексіз. Кез келген өнер адамын ерекше ілтипатпен қарсы алады. 

Мойындауым керек, алғаш «Адайды»  жергілікті халықтың алдында орындап шыққанымда, аяғымды жерге тигізбегені анық. Ол шақтар енді естен кетпейді. 

– Жуырда қазына қаржысын жымқырды деген айыппен жазаға кесілген Қайрат Боранбаевты қолдауға арналған  петицияға қол қойып, желіге арнайы жазба жарияладыңыз. Не себепті?

– Өз басым Қайрат Советайұлымен сонау 90-жылдардың соңынан бері етене таныспын. Мен сияқты көптеген өнердегі азаматтармен отбасымен аралас-құралас болды. Өте қарапайым әрі таза адам. Жалғыз спорт пен мәдениет саласындағы мамандарға ғана емес, алдына келген қаншама қарапайым адамның бетін қайырмай, қолынан келгенше қолдау танытты.

Басына күн туғанда ел алдында жүрген адам болғандықтан үн қатып едік, жұрттың біраз сөзіне қалдық.

Бар нәрсені бар деп айту керек қой. Қайрат Боранбаевқа араша түстім және оны азаматтық борышым деп білемін. Сексен бес жастағы қарт анасы әлі күнге дейін баласына тағылған айыппен келіспей,  «ұлым келді ме?» деп есікке телміріп отырады екен. Азаматтың басына не келіп, не кетпейді. Бар айтарым, ағаның ақталып шығуына тілекшімін.

Тегтер: