29 Сәуір 14:02

«Азын-аулақ АҚШАҒА бола жанымды қинағым келмейді»: Актриса Қарлығаш МҰХАМЕДЖАНОВА қанша қаламақы алатынын айтты

Фото:

Қарлығаш МҰХАМЕДЖАНОВА – атағы аспандап тұрған актрисалардың бірі. Беделді брендтердің де «бетпердесі» болып үлгерген оның есімі батыстық жұлдыздармен қатар аталып жүр.

NEGE тілшісі актрисамен тілдесіп, сыр тартып көрді.

– Қарлығаш, ата-анаңыз үнемі гастролдік сапарда жүргендіктен сізді көбіне әжеңіз бен атаңыз бағыпты. Ата мен әже баққан бала ерке келеді дейтін еді, сіз қандайсыз?

– Меніңше, кез келген бала атасы мен әжесінің қолында болғанда еркелікке бой алдырады. Менің әжем маған қамқоршы ғана емес, тіпті сыр алысатын құрбымдай болды. Көпшілік менің өте мейірімді екенімді айтып жатады. Бұл қасиет сол алтын әжемнен берілген сияқты, себебі ол кісінің жүзінен нұр төгіліп тұратын. Мінезі де жібектей жұмсақ еді. Күйгелектікке бой алдырмай, сабырға салатыным да сол кісіден дарыған секілді.

 

– Білуімше, сіз Қазақ ұлттық заң академиясын тәмамдап, Бостонда арнайы өндірістік тәжірибеден өтіп келген екенсіз. Бірақ өзіңізді кинодан тапқан соң ол кезеңдерді текке өткен уақытқа санамайсыз ба?

– Жоқ, еш өкінбеймін. Себебі, алған білім адамның көзқарасын өзгертіп, айналаны терең танып-білуіне негіз болады. Ол салада қызмет жасамасаң да, әйтеуір септігі тиетін кезі келеді. Мысалы, мүлде өзге мамандықты игеріп жатқан әртістерді білемін. Қысқасы, білім артық болмайды.

– Кезінде танымал топтардың бірімен сахнаға ән айтып шыққан едіңіз. Бірақ, әншіліктің қол болмайтынын түсіндіңіз бе, бірден қоя салдыңыз ғой...

– Ол кезде әкемнің сұрауы бойынша жеке кешінде ән шырқап едім. Әйтпесе, әншілермен жағаласу ойымда болмады.

– Десе де қазір әншісі мен актері бірдей сапырылысып кетті ғой...

– Меніңше, әр адам жанына жақын, қолынан келетін іспен айналысқаны жөн.  Сонда кез келген салада сапа болады.

Мойындауымыз керек, қазір кинода әнші де, блогер де актерлермен қатар жүреді. Тіпті, кейбірінің инста-парақшасына кіре қалсаң, бірнеше статусы қатар тұрады: актер, әнші, жүргізуші, блогер, вайнер, тағысын-тағы кете береді.

Бір өзің бірнеше саланы тізгіндегеніңе орай жасаған жұмысыңнан ешкім зиян шекпесе, онда мархабат! Орын бәрімізге жеткілікті.

– Киноға түсерде сценариіне мән бересіз бе, әлде қаламақысы маңызды ма?

– Әрине, сценариге мән беремін. Мұны менің киноға сирек түсетінімнен аңғаруға болатын шығар. Әр жерден бір төбе көрсетіп, қадірімді кетіргім келмейді. Ертең оның абырой әпермейтінін білемін. Сондай-ақ қаламақысына да мән беретінімді жасырмаймын. Себебі, актердің жұмысы көзге көрінбейді.  Кейбір эпизодты аптап ыстықта немесе үскірік аязда түсіруі мүмкін. Оның соңы сырқаттанып қалуға әкелуі ықтимал. Психологиялық тұрғыдан да әсері бар. Сондықтан азын-аулақ ақыға бола жаныңды қинағың келмейді.

– Біраз коммерциялық киноға түсіп үлгердіңіз. Қайсысының қаламақысы қомақты болды?

– Оны нақ айта алмаймын. Себебі, осыдан 5-6 жыл бұрынғы алған гонорарымды қазіргі девальвацияға шаққанда ауыз толтырып айтуға келмейтін сома болып қалуы мүмкін.

– Айтпақшы, ресейлік режиссер Сергей Снежкин түсірген «Так сложились звезды» киносында Дариға Назарбаеваның рөлін ойнадыңыз. Сізге сол кезде Дариғаның бейнесін жеткізуден бұрын, Снежкиннің көңілінен шығу қиын болған екен. Неге?

– Мен ол фильмге жолай қосылдым. Себебі, о баста бекітіліп қойған актрисаны алмастыруға тура келіпті. Сөйтіп, фильмнің басы-қасында жүрген Фара марқұм (Фархад Әбдірайымов – ред.) телефон шалып, экс-президенттің  қызын сомдауға  шақырды. Менің типажым сомдайтын кейіпкеріме сәйкес келмесе де келіп қатысуымды өтінді.

Сөйтіп, Снежкиннің киносына түсу екінің біріне бұйырмайтын бақ болғандықтан, үкідей ұшып түсірілім алаңына бардым. Тіпті, менде репитиция жасайтын уақыт та болмады, ертесі бірден образды келістіруге кірісіп кеттім.

Ашығын айтқанда, менің мақсатым Дариға Назарбаеваның рөлін сомдау арқылы беделімді өсіру емес, атағы аспандап тұрған Снежкинмен жұмыс істеу арқылы тәжірибе жинау болды. Ол кісінің өзі де кейіпкерді көшіріп алмай, сценариде жазылған персонажды  сомдауым қажет екенін ескертті.

– Киноиндустрияның қыр-сыр-сырына біраз қанық болып қалдыңыз ғой, авторлық кино түсуіру ойыңызда жоқ па?

– Иә, кино саласында он бес жылдан артық жүргендіктен бұл саланың жай-жапсарына біраз  қанықпын. Сондықтан фильм түсірудің машақатын жақсы білемін. Десе де мақтан үшін түсіруден аулақпын. Авторлықты қойып,  бірлескен продюсерлік жобаға қатыссам да әр деталін өте мұқият қарауға тырысамын. Бірақ, жаныңды салып түсіргенмен көрермен табу қиынға соғуы әбден мүмкін. Себебі, қазіргі таңда кино нарығының тілін табу өте қиын.

– Әсел Сағатова екеуіңіздің жұлдызыңыз қарсы дегенді естіп жатамыз. Осы рас па?

– Жоқ, бұл қауесет әңгіме. Күні кеше ғана тауға шығып, сырласып қайттық. Әңгімеміз жараспайтын болса, бір-бірімізден мүлде аулақ жүретін едік.

– Бір кездері қыз-қырқынға етене таныс атақты L’Oreal брендінің өнімдерін жарнамалаған едіңіз. Бұл Қарлығаштың беделін қаншалықты қарыштатты?

– Әрине, мен бұл брендті жалпы Орта Азияның атынан таныстырдым. Екі жыл бойы компанияның өнімдерін жарнамалап, мығым серіктестік орнаттым. Әлі де компания өкілдерімен тығыз қарым-қатынастамын.

Наоми Уоттс, Джуллиана Мур, Ева Лонгория, Айшвария Рай сынды әлемдік деңгейдегі танымал жұлдыздармен менің есімім қатар аталды. 

Түрлі елдерде роликтер түсірдік. Олардың жылт еткен  бір жарнамасының өзі біздегі мықты фильмдермен пара-пар еді. Бір менің айналамда елу шақты халықаралық дәрежедегі маман жұмыс атқарды. Бұл да менің жолымды оңғарған жобалардың бірі болды. 

– Сахна мен кинода жалаңаштану арқылы атағыңды аспандатуға болады деген стереотип ескіріп бара жатқан сияқты ма, қалай?

– Иә, қазіргі уақытта желі арқылы атын шығарғысы келетін қыздар бар.  Бірі өнерін көрсеткісі келсе, бірі әдемі бөксесін жалаңаштап көзге түсіп жатады. Бірақ, ол дұрыс немесе бұрыс деп біреудің сыртынан тон пішуден аулақпын. Әркім қалауынша өмір сүреді. Өз басым ондай анайылықтан аулақпын.

Мысалы, кезінде Егор Кончаловский бір киносында сценарий бойынша жартылай жалаңаштануымды өтінді. Бірақ, менің ұлтымның менталитеті мен ата-анамның тәрбиесі оған жібермейтінін айттым.

Сондықтан,  әрдайым түсірілім басталмас бұрын ашық сахналарда өзімді дублермен алмастыруды сұраймын.

– Киноға түсерде күйеуіңізден рұқсат аласыз ба?

– Жоқ, рөлді ойнайтын өзім болғандықтан, өзім шешемін. Дегенмен, қандай киноға түсіп, кімді ойнайтынымды  жасырмай айтамын. 

– Әріптестеріңіз сізді көпшілік кештерде үнемі жалғыз жүретініңізді айтады. Себебі неде?

– Бұл – менің шешімім. О баста тұрмысқа шыққанымда  жеке өмірімді жұртқа жарияламаймын деп шештім. Біреу желіге  ішкен-жегенін, ал біреу отбасын салып жатады. Қалай десек те ол әркімнің өз таңдауы. Дегенмен, отбасымды көрген адам түрлі пікір жазуы мүмкін. Сондықтан көлденең сөздерге көңіл аударып, көңілімді құлазытқым келмейді.  

– Күйеуіңіз қызғаншақ па?

– Мұны да айтқым келмейді. Бұл жарымыз екеуміздің арамыздағы әңгіме болып қалуы керек деп санаймын.

– Қанша балаңыз бар?

– Шүкір, Ажар, Азиза, Альфия есімді  ұш қыздың анасымын.

Тегтер: