20 Қыркүйек 13:58
...

Аятжан Ахметжанұлы: Қазақ тілін білмегені үшін таяқ жейтін заман келе жатыр

Фото:

Орта білімге қатысты айтылатын сын да, тағылатын мін де көп. Мектеп формасынан бастап, мектептегі тіл мәселесіне дейін қоғамда үнемі резонанс тудырып жатады. Осыдан 4-5 ай бұрын Астанадағы №93 мектепте мемлекеттік тілге қатысты дау болып, оның соңы бір ата-ананың «Путинге хат жазамын» деп ашу шақыруына ұласып еді.

NEGE тілшісі №90 гимназия директоры, «QAZBILIM» жобаларының авторы Аятжан Ахметжанұлымен қазіргі мектептердегі білім сапасы мен ондағы тіл мәселесі төңірегінде сұхбаттасты.

«Дарынды адам – мемлекеттің локомотиві»

– Қазір «Білімді ұлт», екі-үш ауысымды мектептерді азайтуға бағытталған «Жайлы мектеп» бағдарламалары бойынша жұмыстарға басымдық берілуде. Өзіңіз жетекшілік ететін «QAZBILIM» жобаңыз осы бағдарламалар аясында жұмыс істей ме?

– «QAZBILIM» – жеке жоба. Мемлекет пен министрліктің қандай да бір бағдарламаларының қатысынсыз жүзеге асырып жатырмыз. Алғашқы жұмысын 2014 жылы ақпараттық агенттік ретінде бастағанбыз. Білім беру мен ұрпақ тәрбиесіне қатысты маңызды, көкейде жүрген армандарды жүзеге асырсақ деген оймен басталған еді. Кейін 2016 жылы қосымша білім беру саласы ретінде құрылды. Биыл алғашқы мектеп-лицейлері ашылды. Жалпы, бүгінде «QAZBILIM» – 12 қалада 17 бөлімшесі мен 300-ден аса қызметкері бар үлкен ұжым.

Мұнда негізінен 5-11 сынып арасында қосымша білім беру саласы, орта білім беретін мектеп-лицейлер мен қазақ тіліндегі оқу-әдістемелік құралдарды дамыту сияқты әртүрлі бағыттарда жұмыс істейді. Республикалық «QAZBILIM» орталығының ұстанып отырған бес бағыты бар. Ол жерде ҰБТ-ға дайындық, пәндік олимпиадаға дайындық, Назарбаев мектебі, БИЛ, «Зерде» сияқты дарынды балаларға арналған мектептерге дайындық, сонымен IЕLTS сияқты халықаралық емтихандарға дайындық. Бұл – қосымша білім беру бағыты.

Екінші, Ақтау, Атырау және Қостанай қалаларындағы «QAZBILIM» мектеп-лицейі мамандандырылған, тереңдете білім беретін жекеменшік мектептердің желісі. Бұл жерде біз ұлттық мектептердің моделін жасаймыз деп, осы №90 гимназияда біраз жұмыс істедік. Сол жұмысты ары қарай дамытпақ мақсаттамыз.

Үшінші бағыты – «QAZBILIM» баспасы. Ол жерде пәндік олимпиада, ҰБТ, балалардың логикасын дамытуға байланысты 120-дан астам оқу-әдістемелік құралдарын шығардық. Тек қана қазақ тілінде. Оның ішінде республикалық деңгейде таратылған жұмыстар бар. Бұлардың барлығы – ұстаздар мен ата-аналардың сұранысындағы құралдар.

Төртінші бағыт, «QAZBILIM» ақпараттық агенттігі алғашқы құрылған кезден бері qazbilim.kz ақпараттық сайты арқылы жұмыс істеп келеді. Сонымен қатар ютуб пен телеграм-арналары да ұрпақ тәрбиесі мен білім саласына қатысты кеңестер беру, жаңалық тарату, ақпараттық-сараптамалар жасаумен айналысады.

Бесінші бағыт – «QAZBILIM» ғылым-білімді дамыту қоры. Бұл қордың аясында отбасылық тұрмыстық жағдайы төмен мыңдаған оқушыға жылына мектеп-лицейлеріміз бен қосымша білім беру орталықтарымызға тегін гранттар бөлеміз. Шығармашыл ұстаздарды қолдау мақсатында да түрлі шаралар өткіземіз. Міне, біз жұмыс істеп жатқан бес бағыт – осы. 

– НИШ, БИЛ сияқты дарынды балаларға арналған білім ордалары «орта мектептердің дайындаған қаймақтарын сүзіп алады» деген пікірлер айтылады. Бұл шынымен де оқушылар арасындағы деңгей алшақтығын арттырып, диссонанс тудырмай ма? Ал осындай қосымша білім беру орталықтарының көбеюі сол алшақтықты одан сайын бекітпей ме?

– Бірінші сұраққа жауап берейін. Дарынды адам – мемлекеттің локомотиві. Оларға көбірек көңіл бөліну керек. Өйткені әлемдік компаниялардағы бір ғана дарынды адам біздің мемлекеттің бюджетін толтыратындай жұмыс істеп отыруы мүмкін. Билл Гейтс, Илон Масктар – соның дәлелі.

Ал біздің мемлекеттен де сондай дарындар шығару үшін оларға үлкен дәрежеде жеке қамқорлық жасау ешқандай артықтық етпейді. Бұл жүйені ойлап тапқан біз емес қой. Еуропа, Жапония мен Шығыс Қытайда да дарынды балаларға арналған мектеп пен оларды бөлек тәрбиелеу тәртібі қалыптасқан. Солайша оларға артық бонустар беріледі, айрықша көңіл де бөлінеді. Кез келген мемлекеттің негізгі қозғаушы күші – дарынды адамдар.

Ал екінші сұраққа келетін болсам, мен ежелден бері «Қосымша орталықтардың көбеюі – мектептің нашарлауының белгілі бір деңгейдегі картинасы» деп айтып келемін. Елімізде балаларды екі ауысым, үш ауысыммен оқытатын мектептер көп. Апаттық жағдайдағы мектептер бар. Сондай мектептердің білім сапасына қанағат қылмаған жағдайда ата-аналар баласына репетитор жалдайды, қосымша білім беру орталықтарына барады. Сол сұранысқа сай жасалатын ұсыныс ретінде олар дамып келе жатыр. Бірақ бір нәрсені ашық мойындауымыз керек. Біз 10-15 жыл көлемінде екі ауысымды мектептерді жоя алмаймыз. Демек, бала таңертең сабағын оқып, түстен кейін қосымша ізденіс, шығармашылықпен шұғылданатындай әлемдік деңгейдегі бір ауысымды мектептердің негізіне көшпесек, қосымша білім беру орталықтарының өмір сүргені – өмір сүрген. Оны трагедия деп қарастыруға келмейді. Керісінше, қазір үш ауысымды мектептердің болуы трагедия. Бұл соның салдарынан пайда болған дүние. Мемлекеттің жамай алмай жатқан білім сапасының жыртығын жамауға көмектеспесе, қосымша білім беру орталықтарының басқа кесірі тиіп жатқан жоқ.

«Істеп жүргенім кейде Дон Кихоттың тірлігі сияқты көрінеді»

– «Әлемде фин мектебі, жапон, ағылшын мектебі деген сияқты брендтік ұғым бар. Ал неге осы 30 жылда қазақ оқу-ағартуында осындай ұлттық мектеп моделі қалыптаспады?» деген пікір айтыпсыз. Шынымен, оған не кедергі?

– Мемлекет бұл мәселемен айналыспағаннан кейін жеке адамның бұған күші жетпейді. Кез келген бір брендтік дүниені жасау үшін ең алдымен материалдық ресурс керек. Ал ол екіге бөлінеді: экономикалық ресурс және интеллектуалдық ресурс.

Интеллектуалдық ресурс ол – кадр. Кадр дайындау, кадрға жұмыс істету оның бәрі экономикалық ресурсқа келіп тіреледі. Мен мектеп директорлығына келгендегі үлкен миссияның бірі осы ұлттық мектептерді жасау болды. Шыны керек, мен – миллионер немесе миллиардер емес, тек мүмкіндіктермен ғана жұмыс істейтін адаммын. Сондықтан мен жеке мүмкіндіктерден бөлек, мемлекеттік мектепті басқарып отырған шеңберден шықпау аясында әрекет етудемін. Жасай аламын ба, жоқ па деген қорқыныш бар, әрине. Қазір мен басшы болып отырған №90 мектеп-гимназияда да біраз тірлік істедік. Бұл мектеп 900 балаға арналған. Бірақ мұнда 1600 бала оқып жатыр.

– Демек екі ауысымда оқытасыздар...

– Иә, солай. Ал егер нағыз брендтік мектеп жасаймын десең, оқушы саны соған сәйкес болуы керек. Баланың сабағын ұйымдастыру, сосын оның сабақтан тыс қызығушылығына сай жауап беру, мұғалімдердің шығармашылық мүмкіндіктерін дамытудың бәрі соның ішіне кіреді. Ал менің мұғалімдерге қосымша интеллектуалды еңбегі үшін беретін қаражатым жоқ. Бір брендті жасау үшін қаншама күш керек екені содан аңғарылады. Назарбаев зияткерлік мектептері, БИЛ, бұрынғы КТЛ бәрінің жоғары дәрежеде қалыптасуы үшін қаншалықты қаржы мен қолдау беріліп жатыр, мұның бәрі үлкен мәселе. Сол себепті кейде маған өзімнің жасап жүрген істерім Дон Кихоттың тірлігі сияқты көріне береді.

Ұлттық мектепті жасау үшін ең басты керек ресурс – қаржы. Талай «мен-мен» деген бизнесмендердің, ұлтқа жаны ашиды деген азаматтардың алдына бардым, еш нәтиже жоқ.

– Сіз «ұлттық мектептің бағдарламасы – бір бөлек, ал мемлекеттік білім беру стандарты – бір бөлек» деген ойды да айтыпсыз.

– Ұлттық мектептің бағдарламасы, оның тұтас концепциясы жасалу керек. Біздегі мемлекеттік бағдарламалар ұлттық дүниеге бағытталмаған.

– Оны қалай деп бағалауға болады сонда?

– Біздікі – ұлттық дүние түгілі отарсыздандыру идеологиясы енбеген, яғни, тәуелсіздіктің бір толыққанды жүйесі жасалмаған бағдарлама. Тек кеңес үкіметі кезіндегі білім беру жүйесін өзгертіп, сыртқы формаларын ғана ауыстырған. «Тәуелсізбіз» деп әркез айқайлағанымызбен, әлі көршілеріміздің ықпалынан ажырай алмай келеміз. Сондықтан бұл жерде ұлттық деңгейде ойлану туралы айтудың өзі артық. 

– Жалпы, ұлттық деңгейде ойлану және солай әрекет ету біздің барлық салаға қажет сияқты. Дегенмен адамның негізгі көзқарас, танымы мектепте қаланатын болған соң білім саласына тағы да айналып келесің.

– Мектеп пен балабақша белгілі бір деңгейде ұлттық реңк алмай, ұлт тәуелсіз бола алмайды. Ұлт тәуелсіз болмаса, мемлекеттің тәуелсіздігі – ол шалажансар тәуелсіздік. Қазақстан шынайы тәуелсіз болу үшін, қазақ шынайы тәуелсіз болу керек. Жұрт айтады, «Тәуелсіз елге ұлттық дүние туралы айтып не керек» деп. Шындап келгенде әлемде ұлт ретінде жойылып кету қаупі жоқ мемлекеттердің де өз ұлттық мектептері бар.

– «Ұлттық мектептің мақсаты – Алаш арыстары негізін салып кеткен ұлттық педагогиканы қалыптастыру. Ахмет, Мағжанның идеяларын бүгінгі ұрпақтың санасына сіңіру» дейсіз. Сіздің арманыңыздағы ұлттық мектеп концепциясы қандай?

– Оны бір сөзбен жеткізу қиын. Оның концепциясы, бағдарламасы, тәрбие беру, білім беру үрдісі, тұтас мектептің ішкі-сыртқы келбеті, мұғалімдердің ішкі мазмұны мен сыртқы болмысы бәрі тұтас кешенді қамтиды. Ал бұл тұтас кешенді жасамай, тоғызқұмалақ, асық, домбыра сабақтарын енгізе салу тәрізді ұлттық мектеп моделінің элементтерін ғана қолдану мәселені түбегейлі шешпейді. Бұл дегенің – қазақша білмейтін адамға домбыра шерткізіп қойған сияқты дүние.

Яғни, «заманауи ХХІ ғасырдағы қазақтың келбеті қандай болуы керек?» деген сауалға ұлттық мектептің шәкірттері жауап бере алатындай тілі, ділі, рухы, жаны таза, нағыз ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу басты мақсат болуы тиіс.

«Мен оларды емес, олар мені іздеуі керек»

– Енді осындай мектеп қалыптастырудың жолын бөгеп тұрған не?

– Ол жай ғана мемлекеттің ұлтты керек етпеуінің нәтижесі. «Біздің мемлекеттік билікке қазір қазақ ұлты немесе қазақ тілі қаншалықты қажет?» деген сауал қойып көріңізші. Кеше ғана биліктен «Нұр-Сұлтан» деген атаудан бас тарту туралы ым шығып еді, бүгін бір күнде бәрі бас шұлғып соған кірісіп кетті. Егер Президент ұлтқа, тілге қатысты бір ауыз сөз айтатын болса, мен осы кезге дейін алдына барып, ұлттық мектептің жобасын ұсынып жүрген адамдар өздері іздеп келіп, бір-ақ күнде қолға алар еді. Ал негізінде мен оларды емес, олар мені іздеуі керек еді. Өйткені менде құнды идея бар, жұмыс бар және соның нәтижесі бар. Мемлекет мені керек қылмағаннан кейін маған олар керек боп тұр. Бәрі керісінше болуы тиіс.

– Біз патриотизм, ұлттық тәрбие туралы айтатын болсақ, міндетті түрде қазақ тілі мен әдебиеті, тарих сияқты гуманитарлық пәндерді ойға аламыз, ал таза қазақи тәлім алған бала химия, физика, информатика сияқты жаратылыстану бағыттарынан кенже қалатындай түсінік бар. Оған не дейсіз?

– Біздің қателігіміз – ұлттық тәрбиені сөздің айналасынан іздейтініміз. Әлемде «Ғылымдағы меншік» деген ұғым бар. Мысалы, әлемдік терминде «элементтердің периодтық кестесі» осылай ғана аталса, ал посткеңестік мемлекет кеңістігі «Менделеев кестесі» деп атайды. Негізі, бұл – Менделеевке ары кетсе 10 пайыз ғана қатысы бар кесте. Тіпті оның үлесі 10 пайызға да жетпейтін шығар. Бірақ олар Менделеевтің атын меншіктейді. Ал Ломоносовтың «Массаның сақталу заңын» әлем мойындамайды мысалы. Пифагор теоремасын қытайлар «Гоу-гу» деп өзінікіне санайды.

Бұлар – белгілі бір деңгейдегі идеологиясы бар ғылымдағы ұлттық меншіктер. Ал біз ғылымдағы меншік туралы ойланбаймыз. Біз халық ауыз әдебиеті мен салт-дәстүр, ғұрпындағы ғылыми тұжырымдарға ғылыми негіз жасамаймыз. Сондықтан бізге «ұлт» десе, тарих пен әдебиет қана елестейді. Бұл – трагедия.

Ұлт деген тіл болса, тіл деген – тұтас ғылым. Бір ғана Ахаңның өзі ғылымға, қазақ тілінің ғылымға айналуы үшін қаншама еңбек жасап кетті. Ал біздің қазіргі ғылым – калькалық аударма. Бүгін біз «сөзжасам» дегенді ұмытып, тікелей аударма күйінде өмір сүріп жүрміз.  

– Өзіңіз басқарып отырған 90 мектеп-гимназияны «ұлттық мектеп» деп айтасыз. Дәл осындай Астанада басқа мектептер бар ма?

– Бағана мен айтқан сияқты, ұлттық мектептің элементтерін кіргізіп жүрген мектептер бар. Астанада да, өзге аймақтарда да. Ал тұтас ұлттық мектептің моделін жасауға талпынып жүргендерді мен естімедім. Естіген болсам, бірлесіп жұмыс істеуге дайын едім. Кезінде Алма Қыраубаева деген апамыз осы жолда біраз әрекеттер жасаған.

– Мектептің қабырғасының бәрі қазақ тарихындағы елеулі кезеңдер мен айтулы тұлғаларының суретімен безендіріліпті. Әсіресе ХХ ғасырдағы Алаш қайраткерлерінің заманауи үлгіде салынған суреттері әдемі екен. Бұл да сіздің идеяңыз ба?

– Иә. Осы мектепке директор болып келген кезден бері жасалған тірлік. Мектеп Қайым Мұхамедхановтың атына берілгендіктен, біздің мақсат оның тұлғасын ашу болды. Ал Қайым абайтанушы, алаштанушы болған соң біз Абайдан бастадық. «Абай» кітапханасы, «Алаш» тарих кабинеті, «Мағжан» дәріс залы, «Мұхтар» мәжіліс залы, «Қайым» мұражайы және қайымтанушы Ербол Іргебайға арналған «Ербол» қазақ тілі кабинеті. Яғни Қайым таныған тұлғадан Қайымды таныған тұлғаға дейінгі комплексті жасап шықтық.

Оның сыртында тұлғалар дәлізі, «Қасиетті Қазақстан» алаңы деген сияқты үлкен тұстас кешен жасауға тырыстық. Біздің идеямыздың 30-40 пайызы ғана жасалды. Ал қалғанына экономикалық және кадрлық мүмкіндігіміз жетпеді. Қазір біздің параллель жасап отырғанымыз – күнделікті сабаққа кіргізу, білім беру сияқты мазмұндық концепцияға ұлттық идеологияны енгізу. Бұл – бір сөзбен айтылатын шаруа емес. Қысқаша айтқанда, мақал-мәтел, ырым-тыйымнан бастап қазақтың салт-дәстүрі мен тұрмыс-тіршілігіне еніп кеткен ұғым, ғұрыптарды сабаққа енгізе отырып, балаларға мәнін түсіндіру.

«Біздің ұлттық түсініктеріміздің қаншалықты дәрежеде ғылыми негізі бар?» деген сұраққа тек гуманитарлық қана емес, жаратылыстану бағытындағы пәндерде жауап бергіміз келеді. Осы бойынша әрбір мұғалім ізденеді. Міне, осы айтылған дүниелердің бәрі біздің білім беру бағдарламамызда көрініс табуы керек.

– Мектептің ішкі макетіндегі қазақ хандығының құрылуы, тұңғыш қазақ дәрігерлер картинасы да әдемі бейнеленіпті. Оған қызығып, қосымша ізденетін оқушылар да бар шығар?

– Әрине. Ізденіп, зерттеп жүретін балалар бар. Сол үшін де «Бұны қалай берген дұрыс?», «Бүгінгі балаға қалай әсер етуге болады?» деп ұзақ ойландық. Қабырғадағы бір суреттің өзіне біз 2-3 күн бойы еңбектендік. Бұл – бір.

Екінші, қазіргі ақпараттық технологияны қолдана отырып, қалай толық ақпарат бере аламыз деп тағы іздендік. Барлық тұлғаның қасында QR-мен берілген деректі фильм бар. Олардың өзін саралап отырып, біздің ұлттық сипатқа келетіндерін таңдап алдық. Мысалы, Ыбырай Алтынсариннің қасында «Ұстаз» деректі фильмі, ал Шоқан Уәлихановтың жанында тура соның тұлғасын ашатын «Аққан жұлдыз» тұр. «Абай» кітапханасында Абайдың толық шығармасы қойылған.

Сондай-ақ, бізде балаларға арналған шағын каворкиң зал бар. Онда балалар аяқ киімдерін шешіп кіреді. Неге? Өйткені бала мектепте үйде жүргендей сезінуі керек. Сол жерде отырып та, тіпті жатып алып та «Менің атым – Қожадан» бастап, Абайға дейінгі QR-кітаптарды оқуға болады. Егер адамды қоршаған ортасы тәрбиелейді дейтін болсақ, ол тәрбиені балаға мектеп толықтай беруі керек. Сол бағытта жасалып жатқан шаруа. Шыны керек, әлі көп нәрсе жасағымыз келеді. «Әттең тонның келтесі-ай» дейміз тек.

– Сіздерде барлығы қазақша ғой сонда?

– Бізде мектептегі толықтай қарым-қатынас тілі – қазақ тілі. Мұғалім мен мұғалім, мұғалім мен оқушы 100 пайыз қазақша сөйлеседі. Бірақ оқушы мен оқушының қазақшасын 100 пайызға жеткізе алмай отырмыз.

– Орыс сыныптары жоқ па?

– Жоқ, тек таза қазақ сыныптары. Мен директор боп келген кезде солай еді. Әлі де солай жалғасады.

«Білім деп қашан ақша шашамыз?»

– №93 мектеп-гимназиядағы «орыс сыныбын ашпасаңдар Путинге хат жазам» деп шулаған ата-аналар дауы кезінде тіл жанашырларының қатарында сіз де жүрдіңіз. «Балаларыңызды орыс мектебіне беру арқылы олардың тамырына балта шауып жатырсыздар» деген сөзді сол кезде айттыңыз.

– Жалпы, ол  интернетке шығып кеткен көріністің бір шеті ғана. Ал шықпай жүргендері қаншама?! Біздің қоғамның жалпы трагедиясы – бүгінгі күнмен ғана ойлану.

Бүгінгі мектепке баратын бала – 14-15 жылдан кейін қоғам алдына шығатын маман. «Сол уақытта Қазақстаннның жағдайы қандай болады?» дегенді ата-ана сәл ойлануы керек. Билік қанша рет «бала екі тілді білуі керек» деп айтып тұрса да, 18 жылдан кейін біздің қазақ ұлтының үлесі 85 пайыздан қалай да асады. Ол демографиялық өсімді ешкім тоқтата алмайды. Ал бұл көрсеткішті көрсеткен халықтың тілі де еш кедергісіз өз орнына отырады. Бүгін де, кеше де жұрт орыс тілін білмегені үшін таяқ жесе, болашақта қазақ тілін білмегені үшін соншалықты дәрежеде таяқ жейтін қоғам келе жатыр.

– «Енді Қазақстанда орыс мектебінің болашағы жоқ. Болашақ мектептер тек мемлекеттік тілде болатын күн жақын» деген пікір айтыпсыз. Сенгің-ақ келеді, бірақ...

– Егер 1986-89 жылдары тәуелсіздік туралы айтса, біреулер тура сіз сияқты «сенгім-ақ келеді, бірақ» дегені анық. Кейбір құбылысты тарих өзі жасайды. Қазір демографиялық өсімді беріп отырған өңірлер қайсы? Алматы, Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облысы. Төртеуінен өзге ұлт шыға ма? Жоқ. 98-99 пайызы қазақтар. Ал кеміп жатқандар – орыстілді облыстар. Яғни, қазақ тілінің ағысын енді ешкім де, ештеңе де тоқтата алмайды.

– Демек, ана тілдің мәртебесін заң да, Жолдау да емес, тарихтың өзі көтеріп береді...

– Иә. Тілге қатысты биліктегі сөздердің бәрі қазіргі геосаяси жағдайға, тағы басқа дүниелерге байланысты айтылды деп жүр ғой.

Әлихан айтады, «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деп. Мінез жетіспейтін қоғамда өмір сүреміз ғой. Бірақ Ахаңның «Біреу жұмыс істейін десе, көршім жаман дейді, біреу жағдайым жоқ дейді, екеуінікі де – бос сөз» дегені де бар. Биліктегілер енді қанша тырысса да, ұлт жұмысына кедергі келтіре алмайды.

– Сіз «орысша білмейтін адамды білімсіз санау – біздің қоғамдағы соқыр стереотип» дегенді айтыпсыз. «Орысша білмейтін адам дұрыс жұмысқа тұра алмайды, бизнес бастай алмайды, қалада тұра алмайды» деген сияқты қасаң қағидалардың әлі де қабырғасы сөгілмей тұрған сияқты.

– Біздің қоғам мінезінен айырылған. Оны айырған – кеңес үкіметі. Сондықтан біз жеке әлемімізде қатыптастырып алған көзқарастармен, стереотиптермен өмір сүреміз. Оны бұзғымыз келмейді, тыңнан жол салғымыз келмейді. Өкінішті. Мен сол үшін де орыс тілін үйренгім келмейді. Осы қате қағиданы бұзу үшін. Барлық ғажап дүниені қазақ тілімен де жасауға болатынын дәлелдеп көрсеткім келеді. Принципті түрде. Осы стереотипті бұзу жолында құрбан боп кетуге де дайынмын.

– Айтпақшы, Павлодар мен Петропавлда ұлттық мектеп ашқыңыз келетінін естігем.

– Ол да үлкен армандарымның бірі. Үлкен мектеп-интернатын ашқым келеді сонда. Әзірге қаржылай қиындықтарға байланысты бұл жоспарым тоқтап тұр. Солтүстік өңірлерден жұмыс істеп тұрған Қостанайдағы мектеп-лицейіміз бар.

– Ол жақтағы жергілікті тұрғынның қызығушылығы, оқитын оқушылар саны қалай?

– Қиын. Біз тегін жасай алмаймыз ғой. Ғимаратты жалға аламын, мұғалімдерге жалақы төлеймін. Ал ақы төлеп және оны қазақша оқуға қоғам дайын емес. Ол жақта жеке орыс мектептері бар. Бірақ қазақша жеке мектеп жоқ. Жалпы, Қазақстанда қазақша білім беретін жеке мектептер саусақпен санарлық. Бізде жекеменшік мектептердің көбі ағылшын, орыс тілінде.

– «Ақша жинап мешіт салатындар бар. Осы дүниені неге мектеп салуға қолданбасқа?» деген де ой айтасыз.

– Соны байқамаққа ақша жинап көрдік. 2 миллион 800 мың жинадық. Ахаң айтады ғой, «Той деп шашамыз, ас деп шашамыз, осы біз білім деп қашан ақша шашады екенбіз» деп. Сол Ахаң айтқан сөзден еш өзгергеніміз жоқ әлі.

– Әңгімеңізге рақмет!

Тегтер: