17 Қыркүйек 14:49

«Әкел, әпшуден!..» Педофилді қалай анықтауға болады?

Фото:

Педофилия біздің қоғамның айықпас дертіне айналғандай. Қанша қылмыскер қолға түсіп, қамалып жатыр дегенімізбен, тоқтам болар түрі жоқ. Осы ретте NEGE тілшісі арнайы психолог маман Төреғали Батырханұлымен тілдесті.  

– Қазір баламызды есік алдындағы аулаға еркін жібере алмайтын күйге түстік. Жалпы, педофилдердің көбеюіне қоғамдағы қандай фактор әсер етіп отыр деп ойлайсыз?

– Педофилия – өткен ғасырлардан келе жатқан індет. Бірақ ол жабық тақырып болды. Мысалы, кейбір кітаптарда сонау Бабыр сұлтанның тұсында-ақ кейбір сұлтандар мен бектердің жас балаларды қызметші әрі жыныстық қажеттілігін қанағаттандыру үшін ұстағаны айтылады. Яғни, мұны алғаш ақсүйектердің арасында пайда болған деуге болады.    

– Ақсүйектер демекші, біздің елде педофилдерге қатысты жазаның күшеймеуін билік басында баланы ермегіне айналдырған шенеуніктердің барымен байланыстырады...

– Билік басындағылар арасында бар, не жоқ екенін білмеймін. Бірақ педофил атаулыға жазаны қатайтса, өзгелеріне сабақ болары анық. Дегенмен, түпкілікті жойылып кетеді деп айта алмаймын.

– Сонда бұл қандай дерт?

– Мұның екі бағыты болады. Біріншісін – психикалық аутқушылық десек, екіншісі – әдет. Мәселен, бірінші тұрғысынан айтар болсақ,  бала кезінде алыс-жақын адамдардан теперіш көрген жанның ішкі эмоциясы жинала келе агрессияға айналып, кек алуға ұмтылады. Сөйтіп, құрбанын іздейді.

Әрине, педофил өзінен мықты адамға емес, алдымен қоғамның әлсіз мүшесіне қол салудан бастайды. Сонықтан балаларға «шабуыл» жасайды.

Қорыта айтар болсам, педофилия адамның жас шағында жәбір көріп немесе қандайда бір әділетсіздіктің құрбаны болып, қалаберді талантын шығара алмауынан да туындайды.

– Ал мұның алдын қалай алуға болады?

– Ең бірінші – сексуалды тұрғыда зәбір көрген баланың  бойындағы талантын ашу керек. Сонда оның ойы өзге арнаға бұрылады. Солай ғана адам санасын қалыпқа келтіруге болады. Бірақ бұл басынан өткергенін мүлде ұмытып кетеді деген сөз емес. Ертең қоғамға керексіз болып қалғанда, ол өшпенділік қайта қылаң беруі мүмкін. Сондықтан зорлық көргені-көрмеген бар, жалпы бала атаулы бос жүрмей, қандайда бір үйірмелерге қатысып, дамуы, уақытын текке өткізбеуі керек.

– Ал өзіңіздің кей әріптестеріңіз қазіргі балаларды түрлі секцияларға беріп, оның балалығын ұрламау  керектігін айтады. Бұған айтар уәжіңіз бар ма?

– Бала бала болып ойнау керек дейтін заман өтіп кетті. Қазіргі баланы «ойна» – деп далаға жіберсеңіз де ойнамайды. Айналып келіп қалта телефонын шұқылап отыра қалады. Себебі, ойынның бәрі соның ішінде ғой. Өздігінен ләңгі теуіп, асыр салып асық ойнап жатқан баланы көрмейміз. Әсіресе, қалалы жерлерде.

Содан кейін тағы бір айта кететін мәселе – бөтен адамның арбауына қалай түспеу керектігін түсіндіретін шағын бейнежазбалар түсіріп, соны мектеп қабырғасында немесе телеарналар арқылы балалар назарына  ұсынуды әдетке айналдыру керек.

– Мемлекеттің балаларға қатысты жүргізіп отырған саясатына көңіліңіз тола ма?

– Толмайды. Баланы жастайынан өнер-білімге, ғылымға бейімдеген дұрыс. Мемлекет осы тұрғыда түрлі бағдарламалар ашып, қолданысқа енгізуі керек.

Мысалы, биылғы жылды  «Балалар жылы» деп жариялады. Бірақ бүлдіршіндерге не бере алдық, айтыңызшы?! Жазғы үш айлық демалыс кезінде бір ай балаларды лагерлерге жіберіп тұрса, жеткіншектер бөтен балалармен араласып, үлкенді силап, табиғатты, қоршаған ортаны қорғауға машықтанар еді. Сол арқылы бойында мейірімді оятуға қолқабыс болар едік.

Себебі,  мұндай  үрдіс оның жеке тұлға болып қалыптасуына  мүмкіндік береді. Қазір осы тектес методикалық жұмыстың бәрі құрдымға кетті. Барлығы жекешеленіп, ақылы болып кеткен. Салдарынан балалар бос жүреді. Тіпті, оң-солын танымай, түрлі ағымдарға кіріп кетіп жатқан жасөспірімдер де  бар. 

– Ата-аналарға сақтық шарасы ретінде айта кетіңізші, педофилді қалай тануға болады?

– Оны о баста тану мүмкін емес. Егер мен «балаға көп жақындаған жақыныңыздан араңызды аулақ салыңыз» десем, елдің бәрі өре түрегелуі мүмкін. Неге? Өйткені бұл біздің менталитетімізге қарама-қайшы келеді. Себебі, әр қазақ баланы жанындай жақсы көріп, көргенде құшырлана сүйіп жатады. Тіпті, керек десеңіз, ер баланың насыбайын иіскеп, төбесіне көтереді. Ондай жақынымыздан қашқақтай берсек, туыстың бәрі педофил болып көрінбей ме?

– Ал баланың сексуалды зорлық-зомбылыққа ұшырағанын қалай білуге болады?

– Алдымен баланың мінез-құлқы өзгереді.  Бірақ қазіргі кезде көп ата-ана жұмысбасты боп жүргеннен кейін ұл-қызының бойындағы өзгерісті аңғара бермейді.

Біздің олқылығымыз – баламызбен арадағы байланысты үздік. Киімі мен ішер тамағын, сосын  оқуға қажетті құрал-жабдықтарын түгендеп беруден аса алмаймыз. Өз баламызбен емен-жарқын сөйлесіп, сырласудан қалдық. Осы орайда мемлекет жұмыс күнін қысқартса деген ұсынысым бар.

Қазір жұрт аптасына екі күн демалады, оның өзінде кейбіреулер сенбі-жексенбіні жұмыста өткізеді. Ал демалыс күндері үйінде болатындар күйбең тірліктен аса алмайды. Сондықтан әр отбасы жанұясына қарайласатындай жағдай жасалса деймін.

Сосын тағы бір мәселе – педофилдердің құрығына көбіне әлеуметтік әл-ауқаты төмен отбасылардың балалары түседі. Себебі, «ананы әперем, мынаны әперем» деп қызықтыру арқылы дегеніне көндіреді.

– Мәселен, біздің елде педофилдерге химиялық жолмен кастрация жасауды заңға енгізді. Бұл қаншалықты қатал деп ойлайсыз?

– Азаматтық қоғам құрамыз деп жүрміз ғой. Ал азаматтық қоғамның басты принципі – адам құқығының тапталмауы. Мейлі ол қылмыскер болсын, мейлі басқа болсын.

Әрине, қылмыс жасаған адам жазасын алуы тиіс. Ал кастрация жасағанда белгілі бір уақыттан соң дәрінің күші кетеді, содан соң ол қылмысын қайта қайталауы да мүмкін.

Сондықтан педофилдерді темір тордан шыққан соң ерекше бақылауда ұстау қажет деп ойлаймын. Негізі өмір бойы бас бостандығынан айырған дұрыс. Өйткені ондай жандардың босап шыққан соң қайта қылмыс жасамайтынына ешкім кепілдік бере алмайды.

– Сорақысы сол, өткенде Өскемен қаласында итті зорлау үстінде қолға түскен адамды естіп жағамызды ұстадық. Бұл қандай азғындықтың белгісі?

– Қазір ақпараттық технологияның заманы болған соң,  ғаламтор арқылы көргенін жүзеге асырғысы келетіндер бар. Осы ретте адамдардың ой-санасын көтеру үшін түрлі идеологиялық жұмыстар жасалып, еңбекке баулу қажет. Зауыт, фабрика салып, халықтың бос жүрмеуін қадағалаған жөн.  Бұрын кеңес үкіметі кезінде осы мәселе жақсы жолға қойылған еді. Нәтижесінде қылмыс та аз болды. «Қарыны тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын», – деп Абай атамыз текке айтпаған.

Тегтер: