3 Қараша 21:21
...

Айдос САРЫМ, Мәжіліс депутаты: ТҰРАН? Болашақта не болатынын құдай біледі

Фото:

Астанада Түркі мемлекеттері ұйымының Х саммиті өтіп жатыр. Барша түркі мемлекеттерінің басшыларының басын қосқан бұл алқалы жиында назар аударарлық мәлімдемелер көп айтылды. Мәселен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Түркі әлемі» туралы сөз қозғады.

«Біз «Түркі әлемі» атты жаңа брендті дәріптеуіміз керек. Сонда ғана түркі халықтарының ынтымағы барынша нығайып, әлеуеті арта түседі»,– деді Президент.

Каспийдің арғы бетінен келген бауырлас Әзірбайжан мемлекетінің президенті Ильхам ӘЛИЕВ Түркі мемлекеттерінің ұйымына мүше елдерді қауіпсіздік пен қорғаныс және қорғаныс өнеркәсібі саласында ынтымақтастықты арттыруға шақырды.  

«Бүгінде әлемнің түкпір-түкпірінде халықаралық құқық бұзылып жатыр. Жанжалдар мен соғыс өрті тұтануда. Мұндай жағдайда негізгі қауіпсіздік кепілі, ең алдымен, елдеріміздің қорғаныс қуаты болмақ», – деп тұжырым жасады ол.

Бұл саммиттің маңызы мен Түркі мемлекеттері ұйымының болашағы жайлы NEGE тілшісі Мәжіліс депутаты Айдос САРЫМҒА сауалдар қойды.

Сарапшылардың бірқатары Түркі мемлекеттерінің бірлігіне сене бермейді. «Мақсат-мүдделері әртүрлі елдер, біріктіріп отырған тек қана мәдени-тарихи, тілдік бірлік қана», – дегендей. Десе де, бұл саммит мүлде басқа әсер қалдырып отыр. Осы ұйымға мүше елдердің кейбір басшылары ортақ қорғаныс жөнінде де сөз қозғады. Бұл нені білдіреді?

Әлемдік үдерістерге назар аударатын болсақ, ұжымдасу, аймақтасу деген дүниелер жиі кездеседі. Соның бірі – түркі бірлігінің мәселесі. Алысқа бармай-ақ, өзіміздің аймақты алып қарайық. Орталық Азия мемлекеттерінің «5+» қосындысы бар. Бұрын бұл тек қана сыртқы істер, премьер-министрлер қарым-қатынас жасайтын формат еді. Қазір әлемдік державалардың басшылары бес елдің басын қосып, бірге әңгіме-дүкен құратын жағдайға жетті. Владимир ПУТИН де, Си ЦЗИНЬПИН де, Джо БАЙДЕН де осы форматты құп көреді.

Бұл нені білдіреді? Бұл – Орталық Азияның әлемдік субъектіге айналғанының айқын көрінісі. Бұл аймақтағы Сырдария, Амудария өзендерінің түйткілдерін, транспорт,  көші-қон және басқа да мәселелерді ешбір мемлекет жеке дара шеше алмайды. Біздің шаруамен бірге айналысқанымыз дұрыс нәрсе.

Қазір біздің бүкіл әңгімеміз екі бағытта өрбіп жатыр. Олар – Украина мен Ресей арасындағы соғыс, Қытаймен қарым-қатынас. Бірақ миллиондаған адамның көшеге шығып Палестинаны қолдағанын көрмедім. Әр елдің өзіндік бағыты, өзіндік ұстанымы бар.

Қазақстан да өз шаруасын істеуі тиіс. Сол арқылы мүдделерімізді жүзеге асыруымыз керек. Басқа әңгіме жоқ.

И.Әлиев

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтің әскери ынтымақтастықты дамыту туралы көтерген бастамасы туралы не айтар едіңіз?

– Кеше ғана Қорғаныс министрлігіне барып, көшпелі комитеттің арнайы жиынын өткіздік. Оның ішіндегі кейбір әңгімені айтуға болады, кейбірі құпия. Бірақ қазір Қазақстан мен Қырғызстанның, Қазақстан мен Өзбекстанның, Қазақстан мен Түркия арасында әскери байланыстарымыз бар. Және ол байланыстарымыз қорғанысымыздың мығым болуын қамтамасыз етеді.

Қазір біздің Қытаймен әскери-технологиялық қатынасымыз өркендеп келеді. Бұл да қажет дүние. Қытайдың қару-жарақ өнеркәсібі Ресейден екі-үш қадам асып түсті. Сондықтан өзімізге қажет бағыттарда жұмыс істеуіміз керек.

Түркі мемлекеттері ұйымының Астана саммиті кезекті жиынның бірі ғана болғаны ма, сонда?

– Бұл – кезекті жиын емес. Үлкен қадам, үлкен бағыттардың басы деп ойлаймын. Бір сөзіңізде өзіңіз айттып өткендей, кезінде солтүстік көршілерімізден және солардың сөзін қайталайтын азаматтардан «қазақ пен өзбек, өзбек пен қырғыз, қырғыз бен тәжік ешқашан келісе алмайды, Орталық Азияда ешқашан татулық, бірлік болуы мүмкін емес» деген әңгімелерін естідік. Құдайға шүкір, мұның бәрі бос сөз болып шықты. Аймақтың саясаткерлері, зиялылары татуласа алатын болса, шешілмейтін мәселе жоқ.

Әртүрлілікке қарамастан, бәрімізге қатар қарайтын жағдайға жетіп отырмыз. Мәселен, кеше ғана Франция президенті Эммануэль МАКРОН Қазақстан мен Өзбекстанға барды. Бұл – бүкіл аймаққа сапар жасады деген сөз. Бұл – жақсы нәрсе.

Ең басты мәселе – біз өзіміздің халықаралық, ішкі дәрежедегі мүдделерімізді халық ретінде айқындап алуымыз шарт. Қазаққа не керек? Қазақ қайтсе, дамиды? Біз осы нәрселерге көбірек назар аударуымыз қажет. Мемлекеттің, президенттің басты міндеті – өз халқымыздың жағдайын жасау.

Кейбір көршілес елдердің ішінде Түркі мемлекеттерінің одағының құрылуынан «ойбай, Тұран құрылады екен» деп қауіп көрушілер бар. Расымен де, бұл ұйым үлкен интеграциялық бастамаларға мұрындық бола ала ма?

– Болашақта не болатынын құдай біледі. Қазір бұған негіз жоқ. Ұзақ мерзімді жұмыс керек.

Қазақстан Қырғызстанның және Өзбекстанның армиясымен әскери жаттығулар жүргізіп жатыр. Өзіміздің қарулы күштерді қаруландыру, қаржыландыру бойынша көп жұмыс істелуде. Мұндай жұмыстарды ешкімге қарамай, ақырындап жүргізе береміз.

Көршілерімізді қорқып отырған «Тұран» – артық, қажетсіз әңгіме. Бос ұрандармен біреулерді дүрліктіретіндей жағдайымыз жоқ. Мәжіліс депутаты ретінде мұндай сөздерге қосыла алмаймын.

Өз басым, ШҰЫ, ҰҚШҰ, ТМД айналасында күнде дауласып жүрген адаммын. Қазақстанның ресми ұстанымы көп адамдарға тоқтау болып отырғанына куә болып та жүрмін. Мұндай әңгімелерге тоқтам салатын бірден бір мемлекет Қазақстан болып отыр.

– Бұл қандай әңгімелер?

– Мәселен, КАРТАПОЛОВ деген Ресейдің генерал-полковнигі бар. Қазір Мемлекеттік Думаның мүшесі. Ол: «Заңнамаларыңызды өзгертіп, Қазақстан азаматтарына Украинаға қарсы соғысуға мүмкіндік беріңіздер», – дейді. Біз ашық қарсы шықтық. Бұл заңнаманың ғана емес, конституциялық мәселе екенін алға тарттық. Ата заңды 20 миллион халық қолдады. Сондықтан, «бұл туралы армандамай-ақ қойыңыздар, әңгіме қозғамаңыздар» деген сөзді айттық.

Мұндай әңгімелер көп. Оның бәрін қозғап жату артық болар.

Түркі мемлекеттері ұйымы да ШЫҰ, ТМД, Еуразиялық экономикалық одақ секілді бір бағыт қана ма?

– Ең бастысы – қазақтың мүддесі. Сол үшін әртүрлі форматты пайдалануымыз қажет. Қажет болса, бір мүддені екінші мүддеге айдап салу арқылы да өз мүддемізді іске асыруымыз керек. Және біз соны жасап жатырмыз.

Сондықтан артық сөйлейтін азаматтар ойланса екен. Халыққа шын жаны ашыса, бізге келсін. Біз жолдарын айтып берейік. Олар қоғам туралы айтса, біз мемлекет, парламент тұрғысынан сөйлейік. Бөліп жаратын ештеңе жоқ.

Қазақты билікке айдап салу, билікті қазаққа жау қылу секілді мысықпиғылдан арылып, қиын кезеңде «қоғамға, сыртқы істер министрлігіне, парламентке, президентке қалай көмектесе аламыз, ұлт мұратын қалай іске асырамыз» дейтін әңгімелер көп айтылуы керек. Шын саясатқа араласқан адам интернеттегі әсіре белсенділер секілді «біз ғана ұлтты ойлаймыз, қалғандары – сатқын» дейтін пікірден ада болуы тиіс.

– Саммит туралы сұрап едім, ішкі жағдайға көшіп кеттіңіз. Неге?

– Кез келген саммит ішкі мәселеге қатысты. Саммитті біреуге ұнау үшін емес, өз мәселемізді шешу үшін, өз ықпалымыз бен әлеуетімізді артыру үшін жасап жатырмыз. Әйтпесе, ол үшін ақша шығарып, даурығып неміз бар? Саясатқа ақша шығармайтын, тек қана туризмді насихаттайтын кішкентай Малдив аралдары секілді мемлекет емеспіз. Біз өз саясатымызды іске асыруымыз керек. Бар екенімізді дәлелдеуіміз қажет.

Тегтер: