6 Наурыз 17:46
...

Айбек БАРЫСОВ: «Атамекен» палатасы бюрократиялық батпаққа айналды

Фото:

Терезе орнатушы қарапайым жұмысшыдан брондалған әскери көлік жасаушыға дейінгі жолдан өткен Айбек БАРЫСОВ бұған дейін де NEGE-ге сұхбат беріп, қорғаныс саласының кейбір түйткілдерін айтқан еді. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына үміткер А.Барысов бұл жолы да ұлттық экономикаға қатысты біраз жайттың басын ашып берді.

– Алғашқы өмірлік сабақты терезе орнатушы болып жүрген кезімде алдым. Сол дағды әлі де сақталған. Қазір де кез келген терезені көзді жұмып тұрып орната аламын. Қапшағайдағы пластик терезе шығаратын зауытта қатардағы жұмысшыдан бастап, атқарушы директорлыққа дейін көтерілдім. Кейін Батыс Қазақстанда құрылыс заттары өндірісінде басшы болдым, – дейді А.Барысов.

– Өзіңіз жетекшілік ететін «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» компаниясы туралы кеңірек айтып өтсеңіз.

–  Қорғаныс саласына 2012 жылы келдім. Қазір «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» Орталық Азиядағы брондалған арнайы көлік шығаратын ең ірі әрі бірегей компанияға айналды. Жылына 120 арнайы техника жасап шығаруға қауқарымыз жетеді. Біздің кәсіпорын жеңіл бронды көліктерден бастап доңғалақты танкке дейін өнімдердің барлық түрін шығара алады.

Бұдан бөлек, жоғары IT-технологияларды қолдана отырып, Қазақстан армиясы үшін атысты бірегей басқару жүйесін әзірледік. Бұл Кеңес Одағының «артта қалған шеткері аймағы» үшін бұрын-соңды болмаған жаңалық еді.

– Ал енді табысты компаниялары бар кәсіпкердің не себепті сайлауға түсіп, саясатқа араласып жатқанын түсіндіріп бере аласыз ба?

– Қазақстандық өндірушілер өлместің күнін кешіп отыр. Бір сөзбен айтқанда, жойылудың алдында тұр. Өйткені дарынсыз шенеуніктер басқарған экономикалық жүйе қатты қасаңданып, көптеген саладағы бизнесті басып-жаншып тастады. Компрадорлық капитал мен импорт үстемдік құрып, ел экономикасына өлшеусіз зиян келтіруде.

Менің ойымша, бұл жүйені тез арада өзгертіп, жаңа жүйе жасау керек. Үкімет пен парламенттегі біліксіз шенеуніктердің бұған қауқары жетпейді, тіпті оны қаламайды да. Өйткені, өзгерістерге жан-жақты кедергі жасап отырған да солар. Міне, осындай келеңсіздікті жою үшін, мемлекеттің болашағы үшін сайлауға түсіп, саясатқа араласуға бел шештім.

– Сіз айтып отырған мәселемен кәсіпкерлердің ұлттық палатасы «Атамекен» айналысуы керек емес пе?

– Кәсіпкерлердің ұлттық палатасының жұмыс стилі мен әдістерінің ескіргені соншалық, бұл ұйым бюрократияның баламасына, бизнес үшін бюрократиялық батпаққа айналды. Бұл ұйымның бизнеске ешбір берері жоқ.

«Атамекеннің» алдында екі жол ғана бар: біріншісі – қоғамдастықтың нағыз тиімді жұмыс органына айналу, екіншісі – өзінің әлсіздігін ашық мойындап, сахнадан кету. Басқа жол жоқ. 

«Qazaqstanda jasalgan» экономикалық ұлтшылдық қозғалысының өкілдері Конституциялық сотқа бірнеше шағым түсірді. Оның кейбірі «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына міндетті мүшелікті белгілеген құқықтық норманың Конституцияға сәйкестігін анықтауға байланысты.

Біздің елде бизнес ашсаң болды, палатаға мүше болып, жарна төлеуге міндеттісің. Кезінде барлық кәсіпкерлерді «Атамекен» мүшесі етіп, оған қоса жарнаны төлеуге міндеттейтін заң қабылданған, бұл – конституциялық нормаға қайшы.

«Атамекен» палатасына қатысты жауапты талапкерлер 24 ақпанда алуы керек еді, алайда, аталған мерзімнің аяқталуына бір күн қалғанда өтінішті қарау 28 күнге, яғни 24 наурызға дейін ұзартылғаны белгілі болды. Мерзімнің ұзартылуына шағым материалдарын қосымша зерделеу негіз болған.

Қарау мерзімінің ұзарғаны жақсы белгі, яғни еститін мемлекет іс жүзінде өзін таныта бастаған сыңайлы. Мемлекет басындағылар заңды түрде қойылған сұрақтардың кейбірі қосымша зерттеуді қажет ететінін түсініп отыр деп үміттенем.

– Экономикамыздың жай-күйі қалай? Шынымен де дабыл қағатындай мүшкіл ме?

– Отандық экономикамыздың жай-күйі көңіл көншітпейді. Менің ойымша, Үкімет мүшелері де, Премьер-министр де Мемлекет басшысына түрлі салалар мен өңірлердегі нақты жағдайды бұрмалап жеткізіп отыр. Нақты жағдайдан хабардар етпейді.

Техногендік апаттар саны күн санап өсіп барады. Өндіріс секторы ретсіз импорттан қирап қалды. Шенеуніктер бұл саланы несиеден қақты, мемлекеттік тапсырыстардан шеттетті. Осылайша өндіріс саласы әбден тұралап, шалажансар күйге түсті.

– Ресми БАҚ екі күннің бірінде жаңа өндіріс орны ашылғанын хабарлап жатқан жоқ па?

– Жаңа өндіріс орындарының ашылып жатқаны туралы түрлі органдардың сан шапалақтаған хабарлары өндіріс саласында ілгерілеушіліктің жоқтығын жасыру үшін «түтін шымылдықтың» рөлін ғана атқарып отыр.

Менің ойымша, ел экономикасының статистикалық көрсеткіштері шындыққа жартылай болса да жақындауы үшін, оны кем дегенде екіге көбейту керек.

– Халықтың мұнша қайыршы күйге түсуіне не себеп болды?

– Жуырда шетелдік экономистің Қазақстанға қатысты қызықты талдау мақаласын оқыдым. Оның тұжырымын бір ауыз сөзбен түйіндесек: Қазақстан сияқты жер көлемі үлкен әрі табиғи ресурстарға аса бай елдің халқын тақыр кедейге айналдыру үшін ел басшылығы алдына саналы түрде осындай міндет қоюы керек...

Орасан зор ресурстарды қалай болса солай пайдалану, жымқыру, сондай-ақ тиімсіз басшылық ел халқын қайыршыға айналдырды.

– «Qazaqstanda Jasalğan» қозғалысы немен айналысады?

– «Qazaqstanda Jasalğan» – экономикалық ұлтшылдық қозғалыс. Біз кейбір заңдарды өзгерту үшін нақты іс-қимыл жоспарын әзірледік. Мәселен, «Өнеркәсіптік саясат туралы», «Мемлекеттік қорғаныс тапсырыстары туралы» және басқа да бірқатар заңдарды қалай өзгерту керектігін нақты білеміз. Біз заңдарды көптен бері зерттеп келеміз.

Осы орайда бір ғана мысал келтірейін: «Қорғаныс саласындағы мемлекеттік тапсырыс туралы» заңды Парламентаризмді дамыту қорына сараптамаға ұсынып, заңды сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бойынша талдауды сұрадық. Соның арқасында қордың тәуелсіз және жоғары білікті сарапшылары заң баптарында «жасырылған» 30-дан астам тәуекелдерді анықтады.

Бұл – бір заңға байланысты мәселе ғана. Осыған қарап-ақ елімізде қабылданып жатқан заңдардың сапасын пайымдай беріңіз. Осындай олқылықтардың орнын толтыру үшін де Парламентке баруды мақсат еттік. Егер сайлаушылардың басым дауысын алып, Мәжіліске барар болсақ, шенеуніктердің өз шешімдері мен іс-әрекеттері үшін жауапкершілікке тартылатындай заң жобаларын жасаймыз. Өйткені мемлекеттік басқарудың барлық деңгейіндегі жаппай жауапсыздық ел экономикасына зор нұқсан келтіруде.

– Экономикалық ұлтшылдық идеясының өміршеңдігіне сенесіз бе?

– Экономикалық ұлтшылдық идеясы мәңгі өмір сүреді. Өйткені ұлттық экономикасы жоқ ұлт пен халықты таппайсыз. Депутат болсам да, болмасам да, бұл менің сеніміме әсер етпейді. Және мен осы қағидаларды үздіксіз жүзеге асыруға күш саламын.

Бізге нақты істер керек. Өкінішке қарай, билікте популистер, әдемі ұрандармен жұртты алдайтын, жауапкершілігі жоқ шенеуніктер көп. Бұл тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде бар құбылыс. Бірақ біз осыны бұзуымыз керек. Уәде бердің бе – орында, айттың ба – істе.

– Отандық өндірушілерді қолдау үшін нақты қандай қадамдар қажет?

– Қазақстандық ресурстарға, мүмкіндіктерге, интеллект пен кәсіпқойлыққа сүйену экономиканың басты қағидасы болуы керек деп есептеймін.

Қазақстанда жасауға болатынның барлығын неге елдің өз ішінде жасамасқа? Егер елде бір кәсіпкер салыстырмалы түрде ұқсас бұйымдар мен өнімдер шығарса, импортқа көпжақты және қатаң тосқауыл қою керек. Бұл экономикамен байланысты барлық мемлекеттік басқарушылардың қызметіндегі жетекші қағидаға айналуға тиіс.

Нақты бір шенеуніктің шетелдік өндірушілер мен импорттық тауарлардың мүддесін қорғауы мемлекеттік қызметшінің этикасын өрескел бұзу деп бағалануы керек! Бұл – өз отанының мүддесіне жасалған сатқындық.

– Химия өнеркәсібінің жай-күйі қалай?

– Сонау 2000 жылдары қуатты газ-химиялық кешен құру жобасын жасап, серіктестермен бірге шаруаны қолға алдық. Мемлекет оны бізден тартып алды да, кейін шенеуніктер жобаны  жауып тастады.

Ал бүгінде жоғары қысымды пластик құбырлар шығаратын екі зауытымыз шикізатты Өзбекстаннан немесе Татарстаннан сатып алады. Министрлік жуырда «он химиялық зауыт ашылды» деп есеп берді. Қайда сол зауыттар?

Ілеспе газдың шексіз қорына ие бола тұра, полиэтилен мен полипропилен өндіруге арналған түйіршіктерді шетелден сатып алу – ұят! Осындай ұят пен абсурдқа қашанға дейін көз жұма қараймыз?

– Осы уақытқа дейін шетелге шығарып әкеткен қыруар қаржыны қалай қайтарамыз?

– Бұл мәселеде адалдық пен шынайылық керек. Шетелдердегі ақшаны қайтару – көп қаражатты, орасан еңбекті қажет етеді. Бұл процесс ондаған жылдарға созылуы мүмкін әрі өте қиын, күрделі іс. Сондықтан «бүгін-ертең ақшаны қайтарып аламыз» деп өз-өзімізді алдамауымыз керек. Кейбіреулердің «Біз ақшаны қайтарамыз!» деп жар салуын, процестің қиындығын ашып айтпауын хайп деп санаймын.

– Сайлауалды бағдарламаңыз қандай?

– Бағдарламада бес міндет бар. Біріншіден, Алматының экологиялық ахуалына қатысты мәселемен тығыз айналысуды көздеп отырмын. Таза ауа, таза жер, таза су – елдегі ең ірі мегаполистің барлық тұрғындарына қолжетімді болуы керек. Менің сайлауалды ұраным – «Еркін тыныс ал!».

Екіншісі – алматылықтардың және олардың мүлкінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін шешу.

Үшінші міндет – монополистердің коммуналдық қызметтерге тарифтерін қайта қарау. Монополистердің барлық қателіктері мен кемшіліктері үшін бүгінде түптеп келгенде қарапайым адамдар төлем жасап отыр. Бұл мүлдем дұрыс емес.

Төртіншіден, Алматыда жүздеген азаматты жұмыспен қамтамасыз ететін заманауи өндіріс ошағын ашамын.

Бесіншіден, «Сәтті» бизнес орталығының базасында Алматыда Жоғары инженерлік мектеп ашуды көздеп отырмыз. Олар саламыз үшін заманауи жағдайда жұмыс істеуге білімі мен дағдысы жететін кәсіби мамандарды дайындайтын болады. Кадр тапшылығы бүгінде экономиканың барлық саласында бар. Біз бұл мәселенің практикалық шешімін тапқымыз келеді.

– Сайлаушылар не себепті сізге сенуі керек?

– Өйткені бес жылдан кейін сол округке, олардың дауысы үшін қайта келемін. Егер өзіме жүктеген міндеттерімді орындай алмасам, онда депутаттық мандаттан өз еркіммен бас тартамын.

Тегтер: