27 Ақпан 18:19
...

Айбек БАРЫСОВ: Қорғаныс министрі ПРЕЗИДЕНТТІҢ тапсырмасына САБОТАЖ жасап жүр

Фото:

Өткен жылы қазанда «Өзгені зор, өзіңді қор санау: Қорғаныс министрлігі «Кобраға» НЕГЕ құмар?» деп аталатын мақала жариялағанбыз. Онда Қорғаныс министрлігінің не себепті отандық брондалған көліктерге тапсырыс бермей отырғанына тоқталдық.

Осыған орай Қорғаныс өнеркәсібі кешені қауымдастығының төрағасы Айбек БАРЫСОВҚА сауалдар жолдап, төмендегідей жауап алдық.

– Қорғаныс министрлігі «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» ЖШС жасап шығарған «Алан-2» брондалған арнайы көлігіне не себепті тапсырыс бермей отыр?

– Бір кездерде «Қорғаныс министрлігі тарапынан біздің машиналарға сұраныс жоқ» деген уәж келтірілген болатын. Біздің техникаларымыз барлық талапқа сай болғанына және жақсы жүретініне қарамастан, сұраныс жоқ дейтін. Алайда» олардың «сұраныс жоқ» дегені – қып-қызыл өтірік.

А.Барысов.

Әлемдік статистикаға сәйкес, техникалардың 5 пайызы  жыл сайын жаңартылып отыруға тиіс. Бұл үшін арнайы күш операциялары құрылуы керек. Міне, осыған байланысты министрлікке 200 машина мен десант қажет болды. Ең қызығы, министрлік бізге жауап бермеді, біздің техникаларды сынақтан өткізуді сұрағанымыз назарға алынбады.

Машина қандай іс-шаралардан соң сатып алынатынын біз де білеміз. Иә, машиналар белгілі бір сынақтан өтпейінше, сатып алынбайды. Машиналар алдымен зауыттың сынағынан өтуі керек. Сосын жария түрдегі сынақтан өткізіледі. Осындай машақаттары көп. Біз өз тарапымыздан «Барысты» ұсынбақ болдық. Алайда күтпеген жерден түркиялық «Отокар» деген компания пайда болып, түсініксіз жүйемен жұмыс жүргізуді бастады.

– Министрлік не себепті түріктің қымбат әрі техникалық мүмкіндігі төмен «Кобра-2» брондалған көлігіне құмартты?

– Қазіргі Қорғаныс министрі Р.Жақсылықов өзінің сол тұстағы әріптестері Өскенбаев пен Склярдің бастамасын ашық жақтай отырып, түрік машиналарының сатып алынуына ықпал етті.

«Отокардың» машинасы «Кобра-2» мен біздің «Алан-2» – техникалық тұрғыдан бірдей, ұқсас машиналар. Бірақ біздің арнайы көліктің бағасы 40 пайызға арзан.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі екі рет байқау өткізгенде, біздің бағамыз 40 пайызға арзан екені белгілі болды. Алайда министрлік бұл байқауды екі рет «өтпеді» деп жариялады. Міне, осыдан кейін оларға ақшаны «КазСпецЭксперт»-қа аударып, келісімшарт жасауға жол ашылды. Бұл – дәл қазір болып жатқан жағдай. Осындай заңсыздықтарды басымыздан өткеріп жатырмыз.

Коллаж: NEGE

– Сонда бұл келісімшартты заңсыз дейсіз бе?

– Былтыр 30 желтоқсан күні Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс комитеті түс ауа едел-жедел «КазСпецЭксперт» РГП мен машиналарды жеткізу жөніндегі келісімшарт жасады. Біз 40 машинаны 15,5 миллиард теңгеге, ал «Отокар» 26,7 млрд теңгеге (11 млрд теңге айырмашылықпен) берді.

Заң бойынша, егер ұқсас тауар Қазақстанда да өндірілетін болса, шетелден сатып алуға болмайтыны көрсетілген. Түркиялық тауардың сатылуына ықпал етіп отырған – Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, ал оған Қорғаныс министрі Р.Жақсылықовтыңтың өзі тікелей ықпал етіп отыр. Бұлардың бәрі вице-премьер Р.Склярға сілтейді.

– Қорғаныс министрі отандық өндірушілерге неге қарсы?

– Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов мемлекеттік тілді білмейді. Мемлекеттік тілге шекесінен қарайтын адамды мемлекеттің мүддесіне жұмыс істейді деуге бола ма?

Ойланып қараңызшы, сапасы шетелдік баламасынан кем емес, бағасы арзан, өзімізде шығарылған арнайы көліктер тұрғанда ол неге түріктің қымбат көлігін алады? Бұл сұрақты Антикорға, Бас прокуратураға, ҰҚК-ге жолдаған жөн.

Егер «Отокар» Қазақстанда зауыт салса, көліктерін осында шығарса, онда әңгіме басқа еді.

– 2015 жылдың 21 қаңтарындағы сол кездегі Қорғаныс министрі И.Тасмағамбетовтің №30 бұйрығы шықты. Министрлік осы бұйрыққа сүйеніп, «Кобра-2» бронды көлігін әскери-эксплуатациялық тәжірибеден өткізбей-ақ ҚР ҚМ арнайы мақсаттағы бөлімшелерін қаруландыруға қабылдамақ. Бұл заңды ма?

– Машиналарды қажетті сынақсыз сатып алу – заңға қайшы.

– Отандық «Алан-2» бронды көлігіне тапсырыс беруге әлдекімдердің лоббиі кедергі келтіріп отырған жоқ па?

– Премьер-министр бұл жағдайлардан хабардар. Хабарсыз болуы мүмкін емес. Түрік «Отокарының» лоббиі Қазақстанда ушығып тұр. Қарапайым мысал: қазақстандық бұйым 60 теңге, ал шетелдік бұйым 100 теңге, екеуінің сапасы бірдей, қайсысын сатып алған тиімді, ойланып көріңізші? Әрине, отандық өнімді, арзан әрі сапалы өнімді алатын едік. Ал бізде, өкінішке қарай, олай болмай тұр.

Алан-2

– Сіздер жасап шығарған «Алан-2»-нің шетелдік «Кобра-2»-ден қандай кемшілігі немесе артықшылығы бар?

– «Кобра-2» мен «Алан» машиналарының техникалық сипаттары, жағдайы бірдей. Ал егер жүк сыйымдылығы бойынша салыстырсақ, онда «Аланның» мүмкіндігі зор.

Екіншіден, «Кобра-2»-ні 2013 жылдан бастап шығара бастады. Қазір 2023 жыл екенін ескерсек, яғни, бұл машиналар моральды тұрғыдан ескірді. Ал біздің машиналар өткен жылы шығарылды.

Президент наурыз айында зауытымызға келіп, отандық өнімдерді қолдауды, отандық тауарды сатып алуды қадап айтып кетті. Ал Р.Жақсылықов президенттің айтқан бұл сөздеріне пысқырып та қарамады. Бір сөзбен айтқанда, Қорғаныс министрі Президенттің тапсырмасына саботаж жасап жүр.

– «Алан-2» аттестациялық тәжірибеден қалай өтті?

– «Алан-2» машинасын сынақтан өткізу барысында ұсақ-түйек ақаулары болды, олардың бәрін қайта реттеп, түзеттік. Конструкторлық бюромыздың арқасында машинаның түбегейілі түрін өзгерте алатын мүмкіндігіміз бар.

Мәселен, өзім көлікке отырып, сынақтан өткізуге дайынмын. Біздің көлік жойқын жарылыстарға шыдас береді. Әрі кетсе, аздап миым шайқалуы мүмкін, бірақ аман қалатыныма сенімдімін. Ал сырттан келетін машиналар бұған шыдамайды.

Мысалы, шетелдік көліктердің техникалық ақауларын реттеу үшін әлдебір бөлшектерін сырттан алғызуға тура келеді. Кезінде «Кобра-1»-ді сатып алған еді. Кейін тағы 3 машина сатып алған, оның біреуі ғана жүрді. Айтуыларынша, «Кобра-1» әлі де жүріп тұр дейді. Менің бұған күмәнім зор. Егер жүріп тұрса, көрсетсін!

«Алан-2» қысқаша сипаттамасы.

– «Алан-2»-нің қосалқы бөлшектерін қайдан аласыздар? «Оңтүстік Африкадан моторын алады» деген сөз рас па?

– Металын – Швециядан, қозғалтқышын – Англиядан, қорабын – АҚШ-тан аламыз.

Оңтүстік Африка мемлекеті – біздің әріптесіміз, алайда «моторды Оңтүстік Африкадан алады» деген сөз – өтірік. «Арланның» кезінде прототипі болды, атауы «Мародер» еді. Бірақ «Арлан» – «Мародерге» қарағанда, анағұрлым сапалы, жаңа машина.

Әр бөлшегі әр жақтан келетініне қарап, «бұл қалайша отандық өнім саналады?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Өнеркәсіп саласында қайта өңдеу деген нәрсе бар. Мысалы, «Аэробус» қайда жасалады? Испанияда.

«Боингтердің» де моторы RollsRoys-та шығарылады. Ендеше, америкалықтар неге «Боингтің моторы басқа жақта жасалады, сондықтан ол біздікі емес» демейді? Өйткені, техниканы жасауда оның бөлшектерін тек бір өндіріс орнынан алу мүмкін емес.

Сөз етіп отырған «Отокар» қозғалтқышын Түркиядан алады дейсіз бе? Жоқ. Ал машинаның металын ше? Олар да әр бөлшегін Испаниядан немесе Швециядан сатып алады. Өйткені әлемде мотор шығаратын, қозғалтқыш шығаратын бөлек-бөлек зауыттар бар. Моторды да, қозғалтқышты да, металлды да бір жерден сатып алу мүмкін емес.

– Құзырлы органдарға сауал жолдадыңыздар ма??     

– Құзырлы органдарға жолданған сауалымыз мекемелерге кері жолданудан әріге аспай отыр. Прокуратура – Антикорға, Антикор – министрлікке деген сияқты. Сайып келгенде, бізде қылмыстың алдын алу емес, қылмыстың болғанын күту деген мәселе бар. Мемлекеттің ақшасы шетелге шығып кеткенше құзырлы органдар барлық былыққа әдеттегідей көз жұмып қарап отыра береді.

Тегтер: