Сарапшылар: Қоғамның әр мүшесі саяси жүйеге белсенді қатысуы тиіс

Елімізде Ата заңға енгізілген түзетулерді тарихи жаңалыққа балағандар көп. Соның ішінде заңгер ғалымдар басты құжаттың заңнамалық нормалары мен ережелерінің дер кезінде өзгеріске ұшырағанын тілге тиек етті. NEGE тілшісі мұны Конституцияға енген толықтыруларды жіті зерттеген, үлес қосқан мамандардан сұраған еді.
Заң ғылымдарының кандидаты,әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің аға оқытушысы Қазыбек Дәуітәлінің айтуынша, азаматтық қоғам Гегелдің философиялық еркіндік, бостандық теориясына байланысты тұжырымдамасының бір бөлігі.
«Азаматтық қоғам мүшесі екі талапқа жауап беру керек. Бірінші, жекеменшік жері болу керек, екіншісі – үйленген болуы керек. Азаматтық қоғам мүшесі көшеге шығып, «мемлекетті құлатайық» дейтін тәртіпсіздікке, бейберекетсіздікке жол бермейді. Ол бәрін ақылға салып ойлайтын саналы азамат.
Азаматтық қоғамның Қазақстан жағдайында өзекті болып тұрған ерекше тұсы – қоғамдық кеңестердің жұмыс істеуі. Бұлардың қызметі – билік пен халық арасында көпір болу, елдің мұң-мұқтажын жеткізу. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтып жүрген «Халық үніне құлақ асатын Үкімет» дегеннің түп-төркіні осы. Қазақстанда азаматтар белсенді түрде қатысып, ой-пікірін ашық айтуы керек. Кемшілікті айтып, дұрыс дүниені де қолдап, бағалауы тиіс.
Бір жаққа тартудың да қажеті жоқ. Себебі, бізде бір ғана тәуелсіз мемлекет бар. Сол сияқты билік өкілдерінің алдында иіліп, мәселені жасырып қалу да – сатқындық. Мұндай жоба Еуропа қоғамында да кездесті. Мемлекеттік идеологияны әзірлеп беруші тұлға ретінде қалыптасу қажет. Конституцияда идеологияны мемлекеттің жүргізуі айыпталады. Мұны азаматтық қоғам өкілдеріне табыстау керек», – дейді заңгер-ғалым.
Біз заң ғылымдарының кандидаты Қазыбек Дәуітәліден Конституцияға енгізілген түзетулерге байланысты да сұрадық.
«Ата заңның 33 бабына енгізілген өзгеріс Қазақстан азаматтарының құқығын қорғайды. Еліміз бірте-бірте естуші мемлекетке айналуы тиіс. «Ата заң адам құқығын шектемейді, адам бостандығына кепілдік береді. Бұған дейін адам құқығын қорғауға қатысты тетіктерде кілтипан болды. Мемлекет ретінде Конституциялық сот жүзеге аспаған еді. Конституциядағы түзетуден кейін адам құқықтары жөніндегі уәкіл институты заңнамалық құжат деңгейінде бекіді. Демек, адами құндылық жоғары бағаланып, адам құқығын сақтауға деген көзқарас өзгеріп келеді», – дейді заң ғылымдарының кандидаты.
«Конституция – билік пен халық арасындағы ортақ келісімнен туған құжат. Әлемдік заңнамалық құжаттардың даму үдерісіне зер салсақ, үш бағытта дамиды. Біріншісі, адам құқығы, екінші орталықсыздандырылған билік, үшінші – демократиялық құндылық. Дәл осы үш тұғыр біздің мемлекетіміз үшін де маңызды. Мұның бір дәлелі ретінде елімізде өткен референдум бойынша Ата заңға енгізілген толықтыру мен өзгеріс легін айтуға болады. Нәтижесінде конституциялық соттың беделі айқындалып, аудитор палатасына жаңа міндет жүктелді. Сондай-ақ, көптеген азамат өзін кандидат ретінде ұсынып, Парламентке өте алатын мүмкіндікке ие болды. Одан бөлек елімізде әр адамның өміріне жауаптылық артып, өлім жазасы алынып тасталды. Жалпы, бұл өзгеріс ел халқының саяси сауатын арттырып, құқықтық мәдениетін қалыптастыруына ықпал етті.
Тағы бір айта кетерлігі, осы кезге дейін 700-ден астам ауыл округтерінің әкімін сайлау өтті. Әлі 400-ге жуық атқамінерді жергілікті халықтың өзі сайлайды. Демек, ауыл әкімдерінің 60 пайызы бұрынғыдай тағайындалмайды, сайлану жүйесімен келеді. Енді сәтін салса, келесі жылдан аудан әкімдерін әрі қарай сайлау жүзеге аса береді. Тіпті, облыс әкімін де президент тағайындамайтын болады.
Екі-үш баламалы үміткерді ұсынса, соның біреуін өңірдегі депутаттар, яғни облыс және аудан мәслихаты депутаттары дауыс береді. Мұның өзі демократиялық қоғамның алғышарты. Бұған дейін аудан әкімі облыс әкіміне, ал облыс әкімі президентке жалтақтап келді. Бұл билік пен халықтың арасын алшақтатпаса, жақындастыра қойған жоқ. Баяғы бір-біріне табыну, бюрократиялық қоғам өкілдерінің көбеюіне әкеп соқты», – дейді заң ғылымдарының кандидаты.
«Ата заңмен таныспыз ба? Әр азамат өз құқын біле ме?» деген сауалға «Құқықтық сауатты әлі де арттыру керек. Еркін өмір сүруді қалайтын азамат аяғын аңдап басып, нормалар мен ережелерді аттамайды. Заң – тәртіпке бастайды. Сондықтан құқық мәдениетін дамытып, сауатымызды арттырсақ, халықтың билікке деген көзқарасы да өзгереді. Мемлекет пен қоғам Ата заңдағы тайға басылған таңбадай жазылған нормаларды негізге алып, құрмет тұтуы тиіс», – деп жауап берді ғалым.
Ал заң ғылымдарының докторы, профессор, Д.А.Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясы Конституциялық, халықаралық құқық және кеден ісі кафедрасының меңгерушісі Қабдулсамих Айтхожин Көшекұлының пікірінше, саяси реформалар бағдарламасы және оған сәйкес конституциялық реформаларды жүзеге асыру біртіндеп жүзеге асады.
«Бұл Қазақстанның демократиялық жолдағы қозғалысының, еліміздің демократиялық мемлекет құрылысының жаңа сапалы кезеңіне шығуының басым бағыты. Осыған орай, 2022 жылғы конституциялық реформа азаматтардың саяси процестерді терең демократияландыруға негізделген Қазақстан Республикасының саяси жүйесін жан-жақты жаңғырту және түбегейлі қайта құру жолындағы жаңа кезең болды.
Мемлекет басшысының 2022 жылғы 5 маусымда өткен республикалық референдумға Конституциялық реформаны ұсынуы шын мәнінде, ел үшін тарихи оқиға болды. Өйткені, мұндай ауқымды саяси өзгерістер тікелей демократияның ең көрнекті және айқын формаларының бірі ретінде халықтың ерік-жігері негізінде жүзеге асырылуы тиіс», – деді заң ғылымдарының докторы, профессор Қабдулсамих Айтхожин. Оның пікірінше, саясат пен экономиканың негізі рөлі идеологияға ғана емес, рухани-адамгершілік қағидаларға бағытталған әлеуметтік құндылықтарға жатады. «Оны халық, қоғам, саяси партиялар және басқа да саяси субъектілер өздеріне қолжетімді құралдармен және Жаңа Қазақстанды құру әдістерімен жүзеге асыра алады. Конституциялық реттеудің түпкілікті негізгі мақсаты бүкіл қоғамның және әрбір азаматтың әл-ауқаты мен өзін-өзі сақтауы екенін ескерген жөн. Конституция қоғам дамуының негізгі принциптерінің мазмұнын, мемлекетте құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудің шарттары мен бағыттарын анықтай отырып, мемлекет пен қоғамға әсер етеді.
Ал мемлекет қоғамның мәселелерін шешу құралы ретінде түсініп, елдің демократиялық болашағының стратегиялық мақсаттарына қатысты ықпалды болуы керек. Осыған байланысты Ата заңның Қазақстандағы қазіргі конституциялық үдерісті түсіну, қоғам мен мемлекеттің нақты саяси-құқықтық процестеріндегі басты құжат ретіндегі рөлін айқындау қажет.
Өйткені, Ата заң құқықтық категориясы арнайы құқықтық акт ретінде нұсқамаларына қатаң түрде сипаттама береді. Олардың ерекше нормативтік құқықтық ерекшелігін атап көрсетеді. Тіпті, құқықтық қасиеттін басымдыққа ала отырып басқа құқықтық нормалардан айырмашылығын айшықтайды. Қазақстан халқының заңнамалық құжатты конституциялық құрылыстың негіздерін, жеке адамның құқықтық жағдайын және мемлекеттік және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының құқықтық жағдайын белгілейтін арнайы нормативтік құқықтық акт ретінде қабылдауға және оған толықтырулар мен өзгерістер енгізуге құқығы, оларға тиесілі құраушы биліктің ең жоғарғы көрінісіне айналды.
Мұның бәрі Конституцияның қоғамдық-саяси мәнін де, оның қазақ халқының демократиялық мемлекет құрудағы мемлекеттік еркін жүзеге асыру құралы ретіндегі мақсатын айқындайды. Елімізде саяси жаңғыру тәжірибесі көрсетіп отырғандай, Конституция – қоғам өз өмірінің жаңа жағдайларына сәйкес келетін саяси-құқықтық жаңалықтарды қағидалары мен нормаларынан алатын жанды механизм», – деді заң ғылымдарының докторы, профессор, Д.А.Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясы Конституциялық, халықаралық құқық және кеден ісі кафедрасының меңгерушісі Қабдулсамих Айтхожин.
Екі заң саласының өкілі де Ата заңға дер кезінде түзету енгенін жеткізді. Бұл ел тұрғындарының азаматтық белсенділігі мен саяси сауатының артуына, құқық мәдениеті мен құқық санасының қалыптасуына өз ықпалын тигізеді.