3 Қараша 14:13
...

Сарапшы: Әбдіхалықованың «дипломатиясы» облыстық деңгейде ғана

Фото:
Әлеуметтік желіде Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіхалықованың Жапонияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Джун Ямаданды протоколға сәйкес қарсы алмағаны сыналып жатыр.

Сондай-ақ Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбетов те елшімен төрде отырып сөйлесті.

Облыс басшылығы мәртебелі Елшіні хаттамаға сай қарсы алды ма және Сыртқы істер министрлігі дипломатиялық міндеттерді мінсіз атқарып жүр ме?

Nege.kz тілшісі осы және өзге де сұрақтарды экс-дипломат Қазыбек Бейсебаевқа қойды.

– Қызылорда облысы әкімі Гүлшара Әбдіхалықованың Жапония елшісін хаттамаға сай қарсы алмағы сыналып жатыр. Бұрынғы дипломат ретінде әкімнің әрекетін қалай бағалайсыз?

– Менің ойымша Гүлшара Әбдіхалықованың Жапония елшісін қабылдағанда төрде отырғанында тұрған ештеңе жоқ. Мәселен, елші Сыртқы істер министрінің орынбасарымен кездессе, бір-біріне қарама-қарсы отыруы керек. Ал облыстағы кездесуге мән берудің қажеті жоқ. 

Гүлшара Әбдіхалықова дипломат емес. Сондықтан да оның әрекеті қате емес, қалыпты жағдай. Өз облысының қожайыны ретінде қалай қабылдаймыз десе де, өз еркі бар. Елші бұл жөнінде біледі деп ойлаймын.

Ал енді қандайда бір елдің елшісін Сыртқы істер министрлігі облыс әкімі секілді қарсы алса, онда әңгіме басқаша болар еді. Облыс болғандықтан оның басшылары дипломатияны жете түсіне бермейді.

– Гүлшара Әбдіхалықова кезінде Мемлекеттік хатшы болып, Ақордада жұмыс істеген адам. Протоколдың тәртібін білмей қалуы мүмкін емес қой...

– Мүмкін ойына келген жоқ шығар. Оның көмекшісі немесе кеңесшісі секілді азаматтар жөн-жосығын айту керек еді. Бірақ мұны мен әдейі төмендету үшін істеді деп айта алмаймын. Бұған аса назар аударып, саяси астар іздеудің қажеті жоқ. Гүлшара Әбдіххалықова – дипломат емес, облыстың әкімі. Оған дипломатиялық талапты орындау міндетті емес. Оның үстіне облыста протокол деген нәрсе жоқ. Хаттама тек астанадағы Сыртқы істер министрлігі мен Парламентте ғана сақталады.

– Мәселен Елорда әкімі шетелдің елшісін қабылдаса, қарама-қарсы отырады. Ал Гүлшара Әбдіхалықова елшіні қабылдағанда қарама-қарсы отырса бұл ізеттің белгісі емес пе?

– Иә, қарама-қарсы отырса, құрметтің белгісі болар еді. Бірақ енді облыста протокол деген нәрсеге мән бермей, білмеген шығар. Алайда облыс әкімі елшіні менсінбеді деп айыптаудың қажеті жоқ.

– Жақсы. Президент Тоқаев облыс әкімдері мен министрлерді қабылдаған кезде қарама-қарсы, ал экс-президент Назарбаев болса төрде отырады. Бұл көрініс нені білдіреді?

– Бұл Тоқаевтың қабылдап отырған адамды сыйлап, «Сен менің қол астымда жұмыс істейтін қызметкер емессің, біз әріптеспіз» деген белгі. Бұл жағынан алғанда президенттің көрсетіп отырған құрметі дұрыс. Ресей президенті Владимир Путин де өзінің қоластындағы қызметкерлерді солай қабылдайды. Мәселен сен біреумен кездескенде столда қарама-қарсы отырасың ғой. Бұл лауазымның жоғары немесе төмен дегенді білдірмейді.

Ал бұрынғы президент «Мен мемлекеттің негізін қалаушымын. Мемлекетті жасаған – мен» дейді. Бір жағынан ақсақал ретінде төрде отыруы керек те шығар. Қазақша айтсақ, тағайындаған адамдарының бәрі өзінің «інішектері» ғой. Бастық болғаннан кейін солай қабылдайды. Сондай-ақ Назарбаевты бұрынғы Кеңестік партияның өкілі екенін ұмытпайық.

Ал қазіргі мемлекет басшысы – замануи президент, дипломатияның жілігін шағып, майын ішкен адам. Негізі «Мен сенен жоғары емес, біз теңбіз» деген көзақарас, ұстаным дұрыс деп ойлаймын.

– Қарапайым азаматтар дипломатиядағы қателік туралы біле бермеуі мүмкін. Кәнігі дипломат ретінде сыртқы істер министрлігінің қандай қателігін айтар едіңіз...

– Мысалы бір жыл бұрын АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Майкл Помпео Қазақстан ұшып келгенде біздің дипломаттар оны дұрыс қарсы алған жоқ. Дипломаттар қолын қалтасына салып, курткамен барды ғой. Бұл біздің дипломатияның қателігі деп есептеймін. Дипломаттар дұрыс киініп, бәрі хаттама сай жүргізілуі керек. Сыртқы істер министрлігінің осы бір қателігінен басқа бір оғаш қылық байқамадым.

 

Негізі, біздің дипломаттарға жақсы киім алуға бюджеттен арнайы ақша бөлінеді. Мысалы костюм-шалбардан бастап, пальто, плащ тіпті аяқ киім алуға дейін ақша беріледі. Өйткені дипломат Қазақстанның бет-бейнесі болғаннан кейін жақсы киінуі керек.

– Пікіріңіз үшін рақмет!

Серік ЖОЛДАСБАЙ, Нұр-Сұлтан.

Тегтер: