Сайлау – саяси өзгерістердің бастауы
Былтыр елімізде президент сайлауы өтіп, Қасым-Жомарт Тоқаев жеті жылға мемлекет басшысы болып сайланған еді. Қазақстанның саяси-экономикалық, һәм әлеуметтік жаңарып, жаңғыру жолында қадам басып келе жатқанына да міне бір жыл болды деуге негіз бар.
2022 жылдың 16 наурызында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты халыққа Жолдауы мемлекетімізге қайта түлеп, жаңаруына бастама болды деуге болады.
Қазақстандағы ең алғашқы өзгеріс деп суперпрезиденттік басқару формасынан күшті парламенті бар президенттік формаға көшуін атап өтуге болады. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын басшылыққа алатын жаңарған жүйеге аяқ бастық.
Президенттің сайлауалды Үндеуінде: «Ең алдымен экономика, әлеуметтік сала мен өңірлік саясаттағы түбегейлі өзгерістер туралы бастама көтермекпін. Алдағы реформалар халықтың мұң-мұқтажына тиімді жауап болмақ, сонымен бірге сыртқы сын-қатерлерге қарсы тұрақтылығымызды күшейтпек», – деген еді. Міне содан бері Қазақстанның саяси жүйесін жаңғыртып, оң бастамалар әкелетін шаралар үсті-үстіне болып жатыр.
Былтыр азаматтарымыздың құқықтарын қорғап, демократиялық құндылықтарды күшейту мен ел іргесін нығайту мақсатында Қазақстан Республикасы Конституциясына бірқатар өзгерістер мен түзетулер енгізілді. Ата заң қалың жұртшылықтың талқысына түсіп, референдум негізінде қабылданды.
Еске салсақ, алғашқы рет референдум 1995 жылы, 29 сәуірде Қазақстан президентінің өкілеттік мерзімін ұзарту туралы Республикалық референдум президенттің Жарлығы жариялаған күннен бастап күшіне енетін жарлық негізінде өткізілді. Ал екінші референдум сол жылы 30 тамызда өтіп, қазіргі қолданыстағы Конституцияны қабылдау кезінде болған.
Мемлекеттік маңызы бар істі бүкілхалықтық дауыс беру арқылы шешу, яғни референдум арқылы шешу жолы елімізде бұрынғыға қарағанда жиірек қолдану керектігі сөз бола бастады.
Елімізде соңғы кезде АЭС салу қажет пе, жоқ па деген мәселеге байланысты да референдум өткізу туралы айтылып жүр. Оған Орталық сайлау комиссиясы 2023 жылы елде АЭС салу мәселесіне байланысты референдум өткізуге дайын екенін мәлімдеген.
Елемізде болған саяси өзгерістердің тағы бірқатары мәжіліс, сенат және мәслихат сайлаулары өткені екенін де айта кету керек. Енді міне қарашада Республикалық маңызы бар қалалар мен аудан әкімдерін сайлау науқаны пилотты режимде жүріп, алдағы жылдары жалғасын таппақ. Ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз сөзінде: «Ауыл әкімдері күн сайын тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдап, мәселелерін шешеді. Сондықтан олар елімізде айрықша рөл атқарады. Ауыл әкімдерінің 64 пайызы жергілікті жұрттың тікелей сайлауымен қызметке келді. Мұны, шын мәнінде, зор жетістік деуге болады. Тұрғындардың мәселесін жедел әрі тиімді шешу үшін оларға көбірек мүмкіндік беріліп жатыр. Бұл жұмыс та жалғасын табады», – деген болатын.
Аудан әкімдерін сайлау қоғам тарапынан зор қызығушылық тудырып, халықтың саяси белсенділігін сәл де болса көтерді, халық пен билік арасындағы сенім мен байланысты одан әрі нығайтты. ҚР Орталық сайлау комиссиясының таратқан мәліметтері бойынша:
«Өкілеттіктерге сәйкес облыстардың мәслихаттары осы сайлауды өткізу үшін 42 аудан мен 3 облыстық маңызы бар қаланың тізбесін бекітті. 1553 сайлау комиссиялары: 17 облыстық, 3 қалалық, 42 аудандық және 1491 учаскелік сайлау комиссиялары жұмылдырылды.
Сайлау балама негізде өтті. Сайлау бюллетеньдеріне 125 кандидат енгізілді. Сайлаушылардың келуі – 62,79 %. Сайланған әкімдердің орташа жасы 46,7 жасты құрайды. Сайлау науқаны Республиканың сайлау заңнамасы нормаларының талаптарына сәйкес өтті», – деп жазылған Орталық сайлау комиссиясының сайтында.
Дауыс беру күні байқауды Қазақстан Республикасының 8500-ге жуық кандидаттардың сенім білдірілген адамдары, байқаушылары мен БАҚ өкілдері жүзеге асырғанының өзі сайлаудың ашықтығын көрсетсе керек.
Елімізді алда бірқатар саяси өзгерістер мен жаңашылдықтар күтіп тұр. Сайлау науқандары сол өзгерістердің негізгілерінің бірі. Ел іргесін берік ұстап, демократияның даңғыл жолында адаспай жүру үшін елде әділ сайлаулар өткізілуінің маңызы орасан зор.