Риззат Берікұлы, саясаттанушы: Жергілікті сайлау комиссияларына талап күшейтіледі

Тасым Риззат Берiкұлы айтып берді.
– Риззат Берікұлы, 42 аудан мен облыстық маңызы бар қалаларда өтетін сайлаудың маңыздылығы туралы не айтасыз?
– Ең бастысы, орталықтандыру саясатынан орталықсыздандыру саясатына көшу іс жүзінде іске аса бастады. Нәтижесінде өңірлік саясат маңызды рөлге ие болады. Сондықтан алдағы уақытта өңірлік саясаттың беделге ие болуын нақты көрсеткіш арқылы көре аламыз.
– «Сайлау туралы» Конституциялық заңның нормаларына сәйкес, аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлау алғаш рет мәслихат бекітіп берген жерлерде пилоттық жоба ретінде жүзеге аспақ. Бұл қаншалықты нәтиже береді?
– Саяси доданың партиялар арасында зор маңызға ие болғанын аңғаруға болады. Бұрын партиялар бір-бірімен парламенттік сайлауға немесе облыстық, аудандық мәслихат сайлауында бәсекеге түссе, енді әр партия өзінің мүшесін әкімдік қызметке әкелуге тырысады. Сондықтан бұл сайлау партиялар арасындағы бәсекелестікке де жаңа серпін береді деп ойлаймын. Бұл сайлау пилоттық жоба ретінде жүзеге асып жатқандықтан бастапқы кезеңнің өзінде де бірқатар олқылықты аңғардық.
Мысалы, кандидат ретінде тіркелген үміткерді қайтадан кандидат ретінде тіркеу рұқсатнамасын кері алуы, екіншіден, салыққа қатысты мәселе. Заң бойынша бұл 250-ші формада көрсетілсе, оған қосымша жеке кәсіпкер ретінде нақты ақпараттың нақтыланбауы, үшіншіден, жергілікті сайлау комиссия мүшелерінің кәсіби деңгейі және оған қосымша қажетті ақпараттың қолжетімсіздігі байқалды.
Бұл шешімін таппай отырған мәселе кандидаттар үшін де, халық үшін де үлкен кедергі. Сондықтан да бұл түйткіл осы пилоттық жоба кезеңінде шешімін таппаса, алдағы уақытта жалпыға міндетті деңгейге көшкенде бұл олқылықтар кері әсерін тигізеді. Бір мысал келтірейін. Пилоттық аудандар мен облыстық маңызы бар қалаларда әкім сайлауына кандидаттарды тіркеу қорытындысына сәйкес, 42,7 пайызы – партиялар, 57,93 пайызы – өзін-өзі ұсынғандар. Бірақ осы кандидаттардың ішінде 6,1 пайызы ғана – әйел. Яғни, саяси додада, шешім қабылдау үдерісінде әйелдердің үлесі аз. Бұл бағыт бойынша да алдағы уақытта жұмыс атқарылуы керек.
Екінші, өзін-өзі ұсынғандарға қатысты. Мысалы, парламент мәжілісі сайлауында бір мандатты округтен өзін-өзі ұсынған кандидаттар өте белсенді болды. Алдағы уақытта партиялардан ғана емес, өзін-өзі ұсынған азаматтардың саны мен деңгейі жоғары болуы тиіс. Бірақ аудандық, ауылдық деңгейде партияның қолдауынсыз қандай да бір нәтижеге жетуге бола ма? Осы маңызды сұраққа да жауап табуымыз керек.
– «Жергілікті тұрғындардың әкімді өзі таңдап, өзі сайлауы – демократиялық қоғамға талпыну» деген пікірді естідік. Сіздің пікіріңіз?
– Демократиялық қоғамға талпынудан бөлек, бұл жауапкершілік мәселесі. Бұрын әкім өзін жоғарыдан сайланған тұлға сезінді. Яғни, халық тікелей сайламағандықтан тұрғындар алдында да жауапкершілік деңгейі әлсіз болды. Екіншіден, халық та «бұл әкімді біз сайламадық. Сондықтан біздің де жауапкершілігіміз жоқ» деген пікірде болды. Демек, ешкімнің жауапкершілігі жоқ, бірақ барлығы ортақ мәселені жүзеге асыру керек деген түсінік қалыптасып кеткен-ді. Осыған қарағанда бұдан былай жауапкершілікті бөлу мәселесі шешілетін секілді. Яғни, бұл жерде халықтың жауапкершілігі – өздеріне мықты, білікті, білімді әкімді сайлау. Ал әкім тарапындағы жауапкершілік – өз қызметін нәтижелі, тиянақты атқару. Егер екі тарап бір-бірінің сенімінен шығатын болса, әкім мен халық арасында сайлау арқылы жасалған келісім-шарт міндетті түрде бұзылады.
– Саяси реформалар аясында қолға алынған еліміздің сайлау жүйесін жетілдіру жұмысы қандай нәтиже бермек?
– Әрине, алдағы уақытта сайлау жүйесіне қатысты саяси реформалар әлі де жетілдіріле түседі. Мысалы, бұрын «мемлекеттік қызмет өтілі міндетті түрде болуы тиіс» деген талап болса, қазір бұл оңтайландырылды. Қазір 11 балама жол бойынша әкім болуға өтінім бере алады. Сондықтан сайлау үрдісінің ашықтығына қатысты, кандидаттардың қауіпсіздігіне қатысты нормаларды пысықтап, толықтыра түсу керек.
Сол кезде елімізде кәсіби сайлау жүйесінің қалыптасуына алып келеді. Ал бұған қатысты түйткілдер тежелсе, халықтың сайлау жүйесіне деген сенімі төмендеуі мүмкін. Бұдан кейін электоратта саяси реформаларға қатысты оң пікір қалыптасуы екіталай.
– Халық өзі сайлаған әкімге сенім артып, үміт күтеді. Егер нәтиже көрсетпесе, мерзімінен бұрын орнынан алып тастауға құқық берілген. Бұдан кейін сайланған әкім тұрғындарға өкпе арта алмайды, халық та өзі таңдаған әкіміне ренжімеуі тиіс. «Аудан әкімдерін тікелей сайлау – мүлдем өзгеше сайлау» ма?
– Сенімсіздік таныту немесе берген дауысты қайтадан алу тетігі әр дауыстың салмағын арттырады. Яғни, алдағы уақытта дауыс беруші өзінің дауысының маңызды екенін осы механизм арқасында түсіне бастайды. Әзірге мұндай прецедент орын алмаса да, бұдан былай әрбір қабылдаған шешімге басқаша қарайды. Әсіресе, мұны сайлау додасында жеңілген кандидаттар да мұқият қадағалайды.
Мысалы, парламент мәжілісі сайлауы кезінде бір мандатты округтен сайланған депутаттардың іс-әрекетін сол округтегі жеңіліс тапқан үміткерлер жіті бақылап, зерттеп жүр. Егер сайланған депутаттар берген уәдесін орындамаса, әлгі сырттай қадағалап жүргендер кез келген уақытта бастамашыл болып, мандатты қайтарып алу бойынша жұмысты қолға алуға дайын. Сол секілді сайланған әкім белгілі мерзім ішінде нақты істі жүзеге асыруы тиіс.
Бұрын осындай жүйе бойынша сайлау болмаған соң, әрине аудан және ауыл аудандарын тікелей сайлау – «мүлдем өзгеше сайлау» деген пікірмен келісуге болады. Өйткені, жергілікті сайлау комиссиялары да бұрын-соңды мұндай жаңашылдықпен бетпе-бет келген жоқ. Оларға да сайлауды ұйымдастыру бойынша кәсіби біліктілікті арттыруға қатысты және методологиялық мәселелерге қатысты қосымша талаптар бекітілді. Яғни, бұл науқанды кәсіби деңгейде алып шыға ма, жоқ па, бұл да үлкен сұрақ. Оған қоса пилоттық режимде өтетіне қарамастан, әлі күнге дейін кандидаттарға қатысты қажетті ақпаратты жергілікті сайлау комиссиялары өз деңгейінде бере алмай отыр. Екіншіден, сайлауға қатысты ақпараттар мүлдем салынбайды немесе дер кезінде берілмейді. Әрине, бұл сайлауға кандидаттардың тіркелуінен бастап, оның жүзеге асыру кезінде ашықтыққа, кәсібилікке күмән келтіреді. Осы бағыт бойынша әлі біраз жұмыс атқарылуы керек. Сондай-ақ, жергілікті сайлау комиссияларының кәсіби деңгейін арттыруға атсалысу қажет.
– Сұхбатыңызға рақмет!