26 Шілде 14:55
...

Ресей Қазақстан азаматтарын қудалатпақ па? Бас прокуратура пікір білдірді

Фото:

Еліміздің Бас прокуратурасы «Ресейдің пәрменімен украиналық үкіметтік ұйымдардың қызметіне тыйым салынады, «нацист» деп айдар тағылып, бір топ Қазақстан азаматтары қудаланбақ» деген ақпаратты жоққа шығарды. Ведомствоның хабарлауынша, ресейлік тарап бұл мəселе бойынша қандай да бір өтініш, ұсыныс айтпаған.

Десе де, Ресейдің Бас прокуроры Игорь Красновқа еліміздің Бас прокуроры Берік Асылов «Қазақстанда русофобия жоқ» екенін айтып, есеп бере кеткен.

ТМД Бас прокурорлары қандай мәселелерді талқылады?

Әңгіме 24 маусымда Беларусь астанасы Минск қаласында өткен ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің бас прокурорларының Үйлестіру кеңесінің 32-ші отырысы туралы болып отыр. Бас прокуратураның Халықаралық ынтымақтастық департаменті бастығының міндетін атқарушысы Нұрман Дайрабаевтың пікірінше, бұл – жыл сайын өткізілетін кезекті отырыстың бірі.

«Отырыстардың тақырыбын қатысушы елдердің барлық бас прокурорлары бекітеді. Іс-шара барысында қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға қарсы күрестің жəне активтерді қайтарудың, экстремистік ақпаратты таратуға, адам саудасына жəне заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл мəселелері талқыланды», – дейді Бас прокуратура өкілі.

Бас Прокурор Берік Асылов қылмыстық-құқықтық саладағы ынтымақтастықты күшейту үшін Беларуссияның, Әзербайжанның, Қырғызстанның, Арменияның жəне Өзбекстанның бас прокурорларымен жеке кездескен.

Бас прокуратураның мәліметінше, осындай іс-шаралар түрлі шет елдердің жəне жетекші халықаралық ұйымдардың сарапшыларының қатысуымен, оның ішінде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарын орындау шеңберінде тұрақты негізде өткізіледі.

Қыл бұрау кімге салынады?

Мұның алдында Қазақстанның Бас прокуроры Берік Асыловпен кездесуінде Ресейдің Бас прокуроры Игорь Красновтың:

«Бұл туралы айту ыңғайсыздау. Бірақ маған ұдайы мынадай ақпарат түседі: «Украинаның үкіметтік емес ұйымдарының қолдауымен Қазақстанда да белсенді түрде русофобтық әрекет жасалып жатыр», – деген әңгімесі әлеуметтік желі арқылы тараған еді.

Алматыдағы соғысқа қарсы митинг

Кейбір ресейшіл блогерлер бұл ақпаратқа ерекше назар аударып, жерден жеті қоян тапқандай жалаулатып жіберген-ді. Айталық, Семен Уралов:

«Қазақстанның нацистері әзірлене беріңдер. Экстремизм мен терроризмге қарсы тұру  тәжірибесімен алмасуға біздің сарапшыларымыз шілде айында Нұр-Сұлтанға келеді. Жақында барлық соросшылар, тұраншылар мен басқа да нацистерге қылбұрау салынады деген үміт бар. Бірқатар қазақ саясаттанушыларына ленталарын барынша тазартып, бұдан былай қайдағы жоқ нәрсені жазбауға кеңес беремін», – деп қоқан-лоқы жасаған болатын.

Божко һәм ресейлік сарапшылардың сапары

Бас прокуратураның мәліметіне сенсек, Семен Уралов босқа байбалам салған. Ресейлік сарапшылардың Нұр-Сұлтанға сапарының мақсаты мүлде басқа.

«Ресейлік сарапшылардың Қазақстанға сапары жыл басында жоспарланған. Мақсаты – терроризм мен экстремизмге қарсы күрес мəселелерінде тəжірибе алмасу. 2022 жылға арналған бірлескен іс-шаралар жоспары аясында өтеді. Оның «русофобия» тақырыбымен немесе Украинадағы жағдайға байланысты оқиғалармен ешқандай байланысы жоқ», – дейді Нұрман Дайрабаев.

Бір қызығы, Семен Ураловтың таратқан ақпарат қазақстандықтардың бір бөлігін қуантқаны жасырын емес. Соның қатарында Мәжілістің экс-депутаты Владимир Божко да бар. Ол сес көрсеткен жазбаны өз парақшасына бөлісіп, қолданушылардың наразылығы күшейген соң, өшіріп тастауға мәжбүр болды. Қоғам белсендісі Арман Шораев Божконы «ватник» деп атап, сепаратистік пиғылы үшін айыптаған еді.

Десе де... «русофобия» туралы әңгіме болған

Прокуратураның там-тұм мәліметінен Бас прокуроры Берік Асылов пен Ресейдің Бас прокуроры Игорь Краснов өзара «русофобия» жөнінде сөз қозғағаны аңғарылады.

«Бас прокурор «русофобияға» қатысты Қазақстанда мұндай көңіл-күйдің жоқ екенін атап өтті. Қазақстан Республикасының заңнамасы адамды кемсітудің кез келген түрлері мен көріністеріне тыйым салады. Ұлтаралық араздықты қоздырғаны үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 174-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік көзделген», – дейді Бас прокуратура өкілі.

Бірақ ведомство бұл мəселе бойынша ресейлік тарап қандай да бір өтініш, ұсыныс айтпағанын алға тартады. Игорь Красновпен кездесу барысында «Байқоңыр» кешені бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылып, екі елдің Құқық қорғау органдары академияларының өзара іс-қимылы шеңберіндегі білім беру бағдарламаларының мəселелері қозғалыпты.

Кереғарлық жиілей түсті

Соңғы кездері Ресей мен Қазақстанның ұстанымдары арасында кереғарлық жиі көзге түседі. «Русофобия» сөзі Кремльдің ТМД елдеріне қарсы қолданылатын саяси қысымның бір құралына айналды. Қазақстанға қатысты Игорь Красновтың мәлімдемесі – осының айғағы. Ал еліміздің Бас прокуратурасы «Қазақстанда русофобиялық көңіл-күй бар» деген пікірді жоққа шығарып отыр. Демек, Бас прокуратура өзге елдің өз азаматтарын қудалауды талап етуін құптамаса керек.

Мұның алдында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Украинаның шығысындағы екі сепаратистік аймақты «квазимемлекеттік құрылым» деп атап, тәуелсіздігін танымайтынын ашық айтқан болатын.

Тегтер: