20 Қараша 18:21
...

ҰЛЫТАУ облысы НЕГЕ қоқысқа көміліп жатыр? Облыс әкімі сұрағымызға жауап берді

Фото:

Ұлытау облысы – қатты тұрмыстық қалдықтарды ең көп шығаратын өңірлердің бірі. Облыстағы қоқыс полигондарының санитарлық нормаға сәйкес емес екені де жиі айтылады. Жуырда Экология министрлігі Ұлытау облысына барып, жағдаймен танысқан. Сол кезде Ұлытау облысының экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған жол картасы қабылданғаны мәлім болды. 

Өңірде қоқыс тазалау мәселесі қалай шешіліп жатыр? NEGE тілшісі жолдаған бұл сауалға Орталық коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихаты барысында Ұлытау облысының әкімі Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ жауап берді. 

Облыс әкімінің айтуынша, қоқыс полигондарына қатысты мәселені шешу үшін бюджеттен 272 млн теңге бөлінген. 

– Өкінішке қарай, Жезғазған мен Сәтпаев қалаларының төңірегінде қоқыс үйінділері өте көп. Ол ғарыштан мониторинг жүргізу барысында да анықталып отыр. Қателеспесем, биыл осы мәселені шешуге  бюджеттен 272 млн теңге қаражат бөлдік. Қазір үш мердігер белгілі, олар жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Фото: kazpravda.kz

Менің қолымда бар ақпарат бойынша қоқыс үйілген 60 орын тазартылды. Қалған жұмыстар да жүріп жатыр. Ғарыштан жасалған мониторинг арқылы Экология және табиғи ресурстар министрлігі бізге тиісті ақпаратын береді. Экология департаментімен бірге санитариялық-эпидемиология мекемелері бізге ескертіп, бақылауда ұстап отыр.

Өзіміз де қазір қала бойынша бейне-бақылау камераларын орнатып жатырмыз. Бұл бір жағынан тәрбиеден де көрінеді. Халықтың қоқысты полигонға жеткізбей, қаланың сыртына төге салуы жаман үрдіске айналған. Қазір түсіндіру жұмыстары, полициямен бірігіп айыппұл салу, БАҚ арқылы насихаттау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Қоқысты қала маңына, жол жиегіне төге салу әрекеттері де жиі болып тұрады. Бұл тек қала ғана емес, ауылдардың шетінде де байқалатын жағдай.

Тиісті шара қолданылып жатыр, қаражат бөлінді. Бұған эмиссия арқылы қаражат бөле аламыз. Біздің жалпы облыс бойынша 8 млрд теңгеге жуық эмиссиямыз бар. Соңғы Экологиялық кодекс бойынша бұл эмиссия осындай жағдайларға бөлінеді. Сондықтан қаражат бар. Ең бастысы бұл халықтың мәдениеті, тәрбиесіне де байланысты. Кейде қоқыстардан тазартылған орындарға барып, қайтадан қоқыс төгіп кете береді. Қазір осы мәселемен күресіп жатырмыз, – деді Берік Әбдіғалиұлы.

Фото: pixabay.com

Ұлытау облысында қоқыстан бөлек қордаланған мәселенің бірі – ауыз су тапшылығы мен су құбырының салынбауы. Сенатор Серік ШАЙДАРОВ Ұлытау облысында су құбыры салынбаған, ЖЭО әлі дайын емес деген мәселе көтерді. Сенатордың айтуынша, Жезқазған қаласын сумен жабдықтайтын Есқұла су құбырының құрылысы осыдан екі жыл бұрын аяқталуы керек болған, бірақ 530 миллион қаражат игерілмегеннен нысан тапсырылмай қалған. Халық та нысан биыл берілмейтін шығар деп алаңдаушылық білдіріп отыр.

Бұл жағдайға қатысты NEGE тілшісі облыс әкімінің пікірін сұрады. Сұрағымызға облыс әкімі төмендегідей жауап берді:

– Серік Шайдаров көтерген жағдай біздің Үкіметке қойған мәселеміз болатын. Өйткені, Есқұла су құбырының құрылысы бірнеше жылдан бері шешімін таппай келеді.

Қазір 450 млн теңге ғана қаржы қалған. Мердігер міндетін орындай алмай жатыр. Оған біздің ықпал ететін құзыретіміз жоқ.

Жақында Су ресурстары және ирригация вице-министрі келіп, осы мәселені көтердік. Олар қазір мердігерді ауыстыру туралы шара қолданып жатыр. 

Облыс әкімінің сөзіне қарғанда, ауызсу мәселесі өңірде өте күрделі. Жезқазғанға Есқұланың суы жетпейді.

– Есқұла тек қана Сәтпаев қаласына арналған. Сонымен қатар Кеңгір ауылы бар, ал Жезқазғанға бұл резервтегі су болып есептеледі. Жезқазғанға Есқұланың суы жетпейді. Бізде көпшілігі Есқұланы қоссақ, Жезқазғанда су мәселесі шешіледі деп ойлайды. Жоқ, ол жоспарда Жезқазған үшін резервте тұр. Жезқазғанға Үйтас-Айдос жерасты суы тиесілі. Біз қосымша Қожамсейіт жер асты суының зерттеу балансын тексеріп жатырмыз.

Фото: ОКҚ

Жалпы біздің қаламыздағы ауыз су мәселесі өте күрделі. Бүгінгі күні халық Кеңгір су қоймасынан 70 пайыз су алады. Қалған 30 пайызын Үйтас-Айдостан алып, араластырып отыр. Су құбырының ескі болуына байланысты қысымды көп бере алмаймыз, себебі жарылып кетуі мүмкін. Жаңа су құбыры тартылғаннан кейін жер асты суы Жезқазғанға көп келеді. Біздің су тазалау гидроцехте жаңа мембраналық технология енгізілуде. Ол Кеңгір су қоймасын тазалайды, бұлақтың суын қосқан кезде біздегі ауыз су мәселесі толықтай шешілуі керек, –  деп жауап берді Ұлытау облысының әкімі.

Тегтер: