12 Қазан 12:57

«Қазақтелеком»: Шалғайдағы елді мекендер телемедицинаға қосылды

Фото:

«Қазақтелеком» шалғайдағы ауылдарға Елордалық дәрігерлерді «жеткізіп» берді. Телемедицинаның көмегімен ауылдағы фельдшердің қызметіне қоса тұрғындар бас қаланың білікті дәрігерлеріне де онлайн қаралуға мүмкіндігі пайда болды. Бұл ауылдықтардың денсаулығын сақтауға қосымша көмек болып қана қоймай, уақыты мен қаражатын үнемдеуге сеп болды.

Үшқұдық елді мекені Ақтөбе қаласынан 35 шақырым қашықтықта орналасқан. Мұнда жоғары жылдамдықтағы интернетті 2019 жылы ауылдық жерлерге талшықты-оптикалық байланыс желісін (ТОБЖ) қосу жобасы аясында қосқан екен. Ал қазір 1250-дей адам тұратын шағын ауылдың тұрмысы сапалы интернет пен байланыс орнатылғалы бері күрт өзгерген.

«Қазақтелеком» интернеті қосылған сәттен бері ауылдықтар үшін жаңа мүмкіндіктер ашылды. Интернет желісін балаларымыз  сабағына, біз жұмысымызға пайдаланамыз. Тіпті, дәрігерлердің де жұмысы әлдеқайда жеңілдеді. Тұрғындар бұрынғыдай талон алып кезекке тұрмай, телемедицинаның көмегінің арқасында алдын ала қабылдауға жазыла алады. Сондай-ақ, интернет көмегімен қалаға шықпай-ақ, салалық дәрігерлерден медициналық кеңес аламын. Мәселен, бүгін елордадағы медициналық орталығының гинеколог-дәрігері Гүлмира Мағзұмовамен онлайн режимде кездесіп, жүкті әйелдерге қатысты қажетті нұсқаулық алдым», – дейді ауыл тұрғыны Гүлім Докина.

Үшқұдық дәрігерлік амбулаториясының учаскелік дәрігері Құсман Сисеновтің айтуынша, дәрігерлердің қызметі қолжетімді болып, сапасы жақсара түскен. Яғни, медициналық көмек беру ісі ұйымдастыру жағынан тиімділігін көрсетіп, Денсаулық сақтау министрлігінің барлық жүйесіне қосылды.

«Біз баяғыша алғашқы медициналық-әлеуметтік көмек көрсетеміз. Пациенттерді жеке қарап, барлық анализін алып, өз деңгейінде емдейміз. Егер дерті асқынған науқас болса, тағы да тексеруден өту үшін аудан орталығына немесе қалалық стационарға  жібереміз. Ал телемедицинаның көмегімен Үшқұдық ауылында қанша адам тұрады, олар немен ауырады және бұрын ауруханаға жатқан ба?» деген сауалдарға жауап алып, арнайы тіркеу жасаймыз. Сосын электронды денсаулық паспортына қандай амбулаториялық және стационарлық ем алғаны жазылып, оған барлық анализ нәтижесі жүктеледі. Онымен жергілікті амбулатория, тіпті еліміздің кез келген медицина орталығы кіріп, таныса алады», – дейді учаскелік дәрігер.

Ауылдық жерлерге ТОБЖ тарту жобасы аясында Ақтөбе облысында шамамен 600 шақырым «оптиканың» құрылысы жүргізіліп, жылдамдығы жоғары интернетке аймақтың 22 елді мекеніндегі 77 мемлекеттік мекеме, оның ішінде 24 мектеп, 18 денсаулық сақтау нысаны, 18 әкімдік, сондай-ақ мыңдаған үй қосылды. 

«ТОБЖ құрылысы негізінен шалғайда жатқан аудан елді мекендерінде жүргізілді. Бұл ауқымды жұмыс Қазақстандағы телекоммуникация саласындағы құрылыс ұйымдары мен барлық жобалық ресурстарды қызықтырды. Себебі, жоба ең маңызды әлеуметтік мәселені шешуге атсалысты. Шалғайдағы ауылдар цифрлық жүйе арқылы мемлекеттік қызмет түрлерін пайдаланып, білім алу, кәсіп жүргізу жағынан қарым-қатынасқа кіріге бастады. Яғни, бұл қала мен ауыл арасындағы алшақтықты бұзды десе болғандай. Мұнымен қоса, инфрақұрылымның дамуы нарықтағы басқа да қызмет көрсету жұмысын дамытуға, телекоммуникация қызметі мен ұялы байланыс компанияларының жұмысын қамтамасыз етуге септігін тигізеді», – дейді «Қазақтелеком» АҚ Корпоративтік сегмент бойынша бас директор Алмат Қараманов.

«Қазақтелеком» топ-менеджері ауылдық амбулаторияны интернетпен жабдықтаған соң, медициналық мекемеге бір сәтте төрт жұмысты атқаратын теңдесі жоқ Imedicus құралын сыйға тартты. Яғни, бұл құрал дене қызуын, қан сатурациясын, қан қысымын анықтап, ЭКГ жасай алады.

Бір айта кетерлігі, жағымды өзгеріс тек денсаулық сақтау жүйесінде ғана емес, білім беру процесінде де болып жатыр. Бұдан былай оқушылар интернеттен алатын қажетті дүниені жарты сағат бойы көшіріп отырмайды. Ал ұстаз қауымы кәсіби біліктілігін арттыратын вебинарларға қатысып, қажет кезде жұмысын қашықтан оқыту процесінде жалғастыра алады. 

«Біз қазір оқу процесінде «Bilimland» бағдарламасын белсенді түрде қолданып, оқушылардың білімін Kundelik жүйесінде бағалаймыз. Сол себептен пән мұғалімдері де интернетті тиімді пайдаланып отыр. Нәтижесінде жұмысымыз жаңа деңгейге көтерілді. Меніңше, жоғары жылдамдықты интернет, әсіресе, білім саласына ауадай қажет. Былтыр біздің мектептен үш «Алтын белгі» және екі «Үздік аттестат» иегері шықты. Енді интернет желісі қосылған соң, білім үздіктерінің саны да артады деген үміт бар», – дейді Үшқұдық мектебінің директоры Нұрболат Балғожин.  

ТОБЖ құрылысы еліміздің барлық елді мекендерінде «250+» атты тағы бір ауқымды жобаның негізін қалады. Бүгінде шамамен 250-дей адам тұратын барлық ауылдық аймақтарда жоғары жылдамдықты интернет және сапалы ұялы байланыс қызметімен қамтамасыз ету үшін жұмыстар жүргізілуде. Ол үшін ұялы байланыс операторлары елді мекендердегі CDMA ескі байланысын жаңартатын 1035 мобильді желі базалық станциясын орналастырды. Мұның нәтижесінде батыс аймақтағы 616 ауыл 194 заманауи станцияға қосылды. Ақтөбе облысында ұялы байланыс операторларының көмегімен тұрғыны 250-дей болатын барлық 214 ауылды қамтамасыз ететін 3G стандартындағы 100 базалық станция іске қосылды.

Айта кету керек, бұған дейін ауылдық жерлерде ТОБЖ қосу жобасы аясында Батыс Қазақстан облысында 220 шақырым бойынша 81 елді мекенге жетерлік талшықты-оптика желісін жүргізіп, 300 мемлекеттік мекемені интернетпен қамтамасыз етті. Ал Атырау облысында 16 елді мекенге 425 шақырым оптикалық желі құрылысы жүргізіліп, 49 мемлекеттік мекеме интернет желісіне қосылса, Маңғыстау өңірінде жобаға бір елді мекен кіріп, 4 мемлекеттік мекеме интернеттің пайдасын көріп жатыр. Мұның арқасында қаламен қарым-қатынасы алшақ ауылды аймақтар жоғары жылдамдықты интернет пен ұялы байланыс қызметін тиімді пайдаланып келеді.  

Тегтер: