Алматыда отандық жеңіл өнеркәсіпшілердің жалпы съезі өтті
Аталған жиынға жеңіл, жиһаз және ағаш өңдеу өнеркәсібі қауымдастықтарының, Qaz Textile Industy жеңіл өнеркәсіп кәсіпкерлерінің ұлттық бірлестігінің, сондай-ақ ірі өндірістік компаниялардың басшылары мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Алматы, NEGE. Съезге қатысқандар жеңіл өнеркәсіпті дамыту перспективасы мен өндіріс көлемін ұлғайту және жаңа жобаларды іске асырудың жолдарын талқылады. Сондай-ақ жастар арасында осы сала мен мамандық түрлерінің танымалдығын арттыруға ерекше назар аударылды. Себебі қажетті мамандармен қамтамасыз ету бұл индустриядағы өзекті мәселелердің бірі саналады.
Бұл ретте ҚР ИИДМ Индустриялық даму комитетінің Жеңіл өнеркәсіп басқармасының басшысы Айжан Әділова жеңіл өнеркәсіп секторына мемлекеттен қарастырылған қолдау шаралары туралы айтып берді.
«Қазір аталған саланы дамытып, өзекті мәселелерді шешу үшін екі Жол картасы бекітілді. Мәселен, Жеңіл өнеркәсіпті дамыту жөніндегі 2022-2025 жылдарға арналған Жол картасы шеңберінде тауарларды 2 жыл мерзімге дейін мемлекеттік сатып алулардағы ұлттық режімнен алып тастау тетігі белгіленген. «Өнеркәсіптік саясат туралы» Заңына сәйкес келісімшарт пен офтейк-келісімшарт жасау жолдары қарастырылған. Сонымен бірге көлеңкелі нарықпен күресу бойынша жеңіл өнеркәсіп тауарларын цифрлы таңбалау мен қадағалауды енгізуге байланысты жұмыс жалғасып жатыр», - деді Айжан Әділова.
Ал екінші Жол картасы арқылы мақтаны өңдеуге маманданған еліміздегі 4 тоқыма кәсіпорыны «Оңтүстік» АЭА-на енгізілгенін айта кетейік. Бұл отандық мақта-тоқыма кластерін құруға бағытталған амал.
Бұдан бөлек Айжан Әділова мемлекеттік бюджеттен жеңіл өнеркәсіптегі инвестициялық жобаларды қаржыландыру үшін жеңілдетілген мөлшерлемемен қажетті қаражат бөлінгенін жеткізді.
Мұндай инвестициялық жобаның саны – 66. Оларды 2025 жылға дейін іске асыру көзделіп отыр.