8 Шілде 18:03

Алакөлге барғанда...

Фото:

Әлемді шарпыған індет еліміздегі табиғаты көрікті, суы шипалы жаһұт жерлердің қадірін арттыра түскендей. Бұрын жұрт демалысқа шықса, шетел асуға асық еді. Ал карантиндік шектеулер өзіміздегі демалыс орындарын тамашалауға мүмкіндік туғызды.  

Алматы облысы Ішкі саясат басқармасына қарасты «Jetisy media» КММ және Алакөл ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Alakol Open Air»  ақпараттық-танымдық жобасы өтті. Жобаның негізгі мақсаты – аймақтағы журналистердің біліктілік деңгейін көтеру, тәжірибе алмасу, ең бастысы – жер жәннаты Жетісу өңірінің туризмін көркейтуге атсалысу. Осы шараға қатысу үшін Алматыдан біз де аттандық. Арнайы бара жатқан айдынды Алакөлдің емдік мөлдір суына шомылу да ойда тұрды...

Ақши жағалауына 10 дәретхана қойылды

Сонымен, Талдықорған қаласынан бір топ журналист Алакөл ауданының орталығы Үшарал қаласына бардық. Әдеттегідей әкімдік ауданның экономикалық-әлеуметтік жағдайымен таныстырды. Есеп бойынша бәрі ойдағыдай. Көрсеткіш көз қызықтырады. Журналистер тарапынан қойылған сұрақтың дені – Алакөлге апаратын жол мәселесі мен сервистік қызмет жайында. 

Бұл жолдың жырын айтпаған, жазбаған адам жоқ шығар. Жол құрылысының қолға алғанына да пәлен жыл. Бірақ әлі күнге бітер емес. Бөлінген ақша дер кезінде діттеген жеріне жетпей ме, әлде жұмыс өте сылбыр жүріп жатыр ма, кім білсін? Әйтеуір, мұнда келгісі келетін жұрт жолдан зәрезап болғанын айтады үнемі. Ал сервистік қызмет туралы ауыз толтырып айтуға ерте. Бұған дейін демалуға келгендер дәретхана қызметі мен тазалығы жайында айтқанда жылауға шақ қалатын. Қазір не оңалды?

Алакөл ауданы әкімі Алмас Абдиновтың айтуынша, жол өз жобасымен жүзеге асып жатыр. Ал сервистік қызмет инфрақұрылым негізінде жасалуда.

«Қазір 10 дәретхана қойылды. Биыл тәулігіне 6,5 мың текше метр канализациялық тазарту нысанының құрылысына 3,5 млрд теңге қарастырылып, 2022 жылы пайдалануға беріледі. Жағалаудың тазалағын қамтамасыз ету бойынша арнайы мердігер компания бар. Яғни, тазалық жұмыстары реттеліп келеді.

Демалушылар үшін жататын орындық та, шатыр да беріледі. Бізде сервис төмен болса, миллион халық келмейтін шығар. Туристер үшін спорт алаңдары, саябақ салынды», – деп жауап берді аудан әкімі.

 

Тоқетерін айтқанда, Алмас Сапарғалиұлы Алакөлде демалушыларға құны 5 млрд теңгенің қызметі көрсетілетінін жеткізді.

«Бүгінде бұл маңда 264 демалыс орны 23 336 демалушыға қызмет көрсетуде. Ауданда туризм қарыштап қарқын алуда. Осыдан екі жыл бұрын Алакөлдің сұлулығын көрмекке келген бұқараның жалпы саны 1,5 млн-ға жеткен болатын. Өткен жылы ел аумағындағы пандемиялық ахуалға байланысты 798 мың турист демалды. Ал биыл 1 млн турист келіп, құны 5 млрд 270 млн теңгенің сауықтыру қызметі көрсетіледі», – деді ол.  

«Комфорттың» бағасы да – «комфорт»

Аңсарымыз ауған Ақши жағалауына да жеттік. Біз әуелі демалыс орындарымен таныстық. Баға да жылдағыдан өскен. Жаңадан ашылған демалыс үйлеріндегі стандартты бөлменің бір күндік құны – 55 мың теңге. «Grand villa», «Comfort» демалыс орындарына бас сұққанымызда әкімшілік қызметкері бұл ең төменгі баға екенін айтты. Айтуынша, бұл бағаға тамақ кірмейді. Яғни, жатын орынның өзі 55 мың теңге! Ал егер отбасымен немесе екі-үш отбасымен келсе, 120-150 мың теңгеге шағын коттедж жалдауға болады. Неге қымбат? Алған жауап – «артықшылығы – бассейні бар». Біздің «Жатын орынға 55-120 мың төлеу қымбат емес пе?» деген сауалымызға демалыс орны иесінің жауабы төмендегідей болды:

«Қазір бәрі қымбат. Осы демалыс орнын салуға қыруар ақша жұмсадық. Құрылыс материалдарының бағасы да шарықтап кетті. Бірақ соған қарамастан келушілер көп».

Бұл жауаптан әркім өзінше ой түйді. Біреуі «Осындай бағаға  демалушылар жатса, демек, жұрттың қалтасы көтереді» десе, енді бірі «Бұл ақшаға шетелге барып демалып келмейміз бе?», – деді таң қалып. Екі пікірден шыққан қорытынды – әркім «көрпесіне қарай көсілуі керек».

Демалыс орнындағы бағаның өскенін алдын ала естігенбіз. Nege.kz тілшісі Алакөл ауданының әкімі Алмас Абдиновтен: «Бағаны еркіне жібермес үшін мониторинг жүргізесіздер ме?», – деген сауал қойған.

«Түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Өздерінің серфистеріне сай тарифі бар. Баға әртүрлі. Біздің тарапымыздан бағаны шарықтатпау жөнінде айтылады. Бірақ «мынандай баға қой» деп айта алмаймыз. Меніңше, баға жалпы халыққа қолжетімді», – деп жауап берді.

Алакөлге жеке көлікпен жету жүйкеңізге біраз салмақ салады. Сондықтан жарты жолға дейін пойызбен жетіп алған жөн. Қазір Алматыдан Алакөл демалыс аймағына жүретін пойыздар саны артты. Үш рейске тағы бір пойыз қосылды.

Алакөл – Тәңірдің бізге берген сыйы. Оны көргісі келетін жұртта есеп жоқ. Көптің тілегі – «Алакөлге апаратын жол тезірек аяқталса». Әйтпесе, айдынды көлден алған әсерді бару-қайту жолы шайып кетеді екен. Талдықорған-Өскемен тас жолына күрделі жөндеу жұмысы 20 жыл бұрын жүргізіліпті. Одан кейін тек жамап-жасқап келген. Жаңа жолды салу жұмысы былтыр ғана басталды. 763 шақырым жолдың 313 шақырымы – Алматы облысына тиесілі. Бұл жол қытайлық компанияның инвестиция есебінен салынуда.

Көлденең кедергі болмаса, 2022 жылы Алакөлге тақтайдай жолмен барамыз. Сол кезде ағылатын туристердің саны артатыны сөзсіз. Оған дейін демалуға барып, шаршап қайтуға мәжбүрміз...

Тегтер: