«Nazira Gold» ісі: Салымшылар кәсіпкерге қатысты әділ тергеу жүргізіп, босатуды талап етті

Жуырда Қаржы мониторинг агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті «Nazira Gold» ұйымының қызметін тоқтатқаны туралы хабарлаған болатын.
Агенттік бұл ұйымды «қаржы пирамидасы» деп танып, 21 ақпан күні оның иесі Назира Бибосынқызының үйіне тінту жүргізу барысында 374 млн теңге мен құны 300 млн теңгеге бағаланатын 12 келі алтын бұйымы тәркілегенін жария етті.
Сондай-ақ, ҚМА таратқан ақпаратта: «Өзін зергерлік бұйым сатумен айналысатын компания ретінде таныстырған күдіктілер салымшыларға салған сомаларынан 20-40% көлемінде ай сайынғы табыс деп уәде берген. Алайда, шын мәнінде төлемдер сатудан түскен пайдадан емес, жаңа қатысушылардың салымдарынан жүзеге асырылған. Қылмыстық табысқа күдіктілер екі пәтер, тұрғын үй және 10 автокөлік сатып алған», – делінген-ді.
Алайда, «Назираға бостандық берілсін!», «Назира түрмеге емес, құрметке лайық!», «Назираны емес, әділетсіздікті қамайық!» деген ұранмен әуелі Астанаға, одан кейін Шымкент қаласына жиналған «Nazira Gold» ұйымының салымшылары Назира Бибосынқызының ешкімді алдамағанын, адал жұмыс істеген кәсіпкер екенін алға тартты.
NEGE тілшісі салымшылар мен қорғаушылардың пікірін білді.
Ұлбала Адырбекова, салымшы:
Оның жолын біреулер кес-кестеген сияқты

– «Nazira Gold» ұйымына салымшы ретінде 2024 жылдың желтоқсан айынан бастап 4 млн теңге салдым. Бұл ұйым заңды түрде жұмыс істеп келді. Арнайы лицензиясы да бар. Сөйтіп, салған ақшамның үстінен пайдасын көрдім. Яғни, айына 200 мыңнан алдым. Біз Назира Бибосынқызының жаманшылығын көрген жоқпыз. Оның адал жұмыс істегенін айтқым келеді. Өйткені, оның дұрыс жұмыс істегені әрбір әрекетінен көрініп тұр. Бірге жиындарда болдым, жеке сөйлестік те. Менің ойымша, оның жолын біреулер кес-кестеген сияқты. Оған бостандық беруін талап етемін. Өз ісін жалғастыруға мұрсат берсін. Бұл қыздың ешқандай кінәсі жоқ.
Айсұлу Мырзанова, салымшы:
Несиелерімнен құтылып, жағдайымды біршама түзеп алған едім

– Түркістан облысы, Шәуілдір елдімекенінің тұрғынымын. Ауруханада жұмыс істеймін. «Nazira Gold» ұйымын Инстаграм желісі арқылы білдім. Бір жылдай өзім зерттеп көрдім. Келісімшартқа қол қойған жоқпыз, бірақ салымшы ретінде айтқан сөздеріне сендім. Шымкент қаласында арнайы кеңсесі болды. Әу баста былтыр қазан айынан 500 мың теңгеден сала бастадым. Оның үстінен 150 мың пайда көрсем, 1 млн салғанда үстінен 410 мың алдым. Соның арқасында несиелерімнен құтылып, жағдайымды біршама түзеп алдым. Алтынын сатып алдық. Ара-тұра өз тарапынан бонус ретінде сыйлық беріп отырды. «Егер айналдырмаймын десеңіздер, 6 айдан кейін ақшаны қайтарам» деді. Қазір барлығы 3,5 млн теңге болды. Соны алып, ұлымды үйлендіремін деп отыр едім, жағдай мынандай болып кетті.
Тіпті, денсаулығы жоқ адамдарды өз ақшасына емдетіп, жағдайы төмен отбасыларға қаржылай қолдау білдірді. Өзі де бізге үнемі «Ақшаңыз артылса, айналаңызға көмектесіңіз» деп айтатын. Ол қаржыны басқаруды ұйымдастырып, бізді асырап келді. Бұл жерде «Айран ішкен құтылады, шелек жалаған тұтылады» дегеннің кері сияқты.
Наргиза Мұсабекова, салымшы:
Соңғы салған 6,5 млн теңгенің пайдасын көрмедім

– Тараз қаласының тұрғынымын. Жалғызбасты анамын. «Nazira Gold» жайында Инстаграм, Tik Tok желісінен былтыр мамыр айында көріп, маусымда 500 мың теңге салдым. Алғашқыда анама алтын алу үшін келгенмін. Тіпті, аз грамдағы алтынға 150-180 мың теңге құйғандар да бар. Мұнда қаржы пирамидасы сияқты адам тарту деген болған жоқ. Ол алтынды Түркия, Ресей, Италиядан көтерме бағамен әкеліп тұрды. «Менен арзан бағаға алып, өздерің сатып, пайдасын көріңдер» деген. Оны кімге сата береміз? Сосын «Халыққа жеңілдік жасап, көтерме түрде өткізейік», – деді.
Кейін несие алып, тағы ақша құйдым. Одан 1 млн 426 мың теңге көрдім. Үстінен тапқан пайданы ата-анама беріп отырдым, өз қажеттіліктерімді өтедім. Ақшамызды кешіктіру деген болған жоқ. 2 мың теңге қалып қойса да ұмытпай салып жіберетін. Қараша айында бір мәрте қолма-қол ақша әкеп бердім. Бірақ соңғы салған 6,5 млн теңгенің пайдасын көрмедім. Осы ақшаға жер алып, үй салам деген жоспарым болған еді.
Өзім Назирадан сұрағанымда «Қай кезде болса, сол кезде, егер мамыр айында десеңіз, сол уақытта шығарып беремін» деген. Ол барлық адамға көмектесті. Маған алтын жиынтығын сыйға берген болатын. Осылайша, бәрін қуантып жүрді. Бір таңқалғаным, «Ол ұсталған кезде үйінен алтын мен ақша табылды» дейді. Алтын сататын адамның үйінен басқа не табылады? Бұл – Назираның емес, чатта отырған 4 мың адамның ай сайын алатын ақшасы еді. Екі айдан бері алған несиені төлей алмай отырмын. Сондықтан Назира Бибосынқызынан тек жақсылық көрген адам ретінде бостандыққа шығуын талап етемін. Оған жұмыс істеп, біздің ақшамызды қайтаруға мүмкіндік берсін.
Бауыржан Кішкенебаев, Назира Бибосынқызының қорғаушысы:
Назираның іс құжаттарынан ешқандай жарнама табылған жоқ

– Алматы қаласы адвокаттар алқасының мүшесімін. Прокуратура саласында 20 жылдан астам жұмыс істедім. Назира Нұржанның іс материалдарымен, тергеудегі жауаптарымен таныстым. Жалпы, қаржы пирамидасы ұйымы болса, іс-әрекетін халыққа жарнамалайды. Ал Назираның іс құжаттарында ешқандай жарнама жоқ. Үйін тінтігенде ондай қағаздар шықпады. Іс матералдары бойынша берген Назираның жауабында: «Мен көп көлемдегі алтынды көтерме бағамен алып, оны сатумен айналыстым. Ресейдің лицензиясы, рұқсат қағазы, сертификаты бар зауыттан 1 млрд теңгеге алтын алсам, төменгі бағамен береді. Оған қаражатым жетпеген соң, алтын сататын адамдармен бірігуді жөн көрдім. Яғни, халықтан ақша жинап, сол алтынды алып, өздеріне беріп отырдым. Кейбіреулер «алтын алмаймыз, үсітіндегі ақшамызды ғана алсақ болады» дегенде оларға үстіндегі пайызын бердік. Менің жұмысым осындай», – деген. Расымен де, 10 мыңнан астам салымшының бір де біреуі жаман пікір айтпаған. Керісінше, Назира Нұржанның арқасында салымшылар тұрмыстық жағдайын жақсартып алған, Түркияға барып емделген, баспаналы болған.
Ең бастысы, Назира Нұржан бір жылда 1 млрд 200 млн теңге салық төлеген. Яғни, жеке кәсіпкер ретінде заңды түрде тіркелген, бес сауда орнында нүктесі бар, бюджетке тиісті салығын төлеп отырған. Президент әр жолдауында кәсіпкерлерге қолдау көрсету, көмек беру туралы айтады. Ал Шымкент қаласының Экономикалық тергеп-тексеру департаменті кәсіпкерді қорғап емес, қорлап отыр.
Тергеу органдары «Оның әрекетінде қаржы пирамидасының белгісі бар» деп асығыс шешім қабылдап, заңсыз қамады. Соның салдарынан Назира ғана емес, қаншама халық зардап шекті. Сондықтан оның әрекетінде қылмыстың құрамы жоқ деп есептеймін. Біздің талап – ҚР Қылмыстық кодексінің 35 бабының, 1-бөлігінің, 2-тармағы бойынша Назираның әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылықтың болмауына байланысты ақтау негізімен қылмыстық істі тоқтату.
Тілеужан Кішкенебаев, заңгер:
Назираға бостандық сұраған 12 мың адамның қолы қойылған петицияны жеткіздік

– Назира Бибосынқызына «ҚР Қылмыстық кодексінің 217-бабы бойынша қаржы пирамидасын құрған, айналысқан» деген айып тағылып отыр. Оның қамалғанына 2 айға таяп қалды. Дәл осылай айыпталатындай, сотқа адамдардан ешқандай арыз-шағым түскен жоқ. «Назира құрған қаржы пирамидасына алданып қалдым» деген ақпаратты естімедік. Осы тұрғыда тергеу тарапынан ешбір дәйек ұсынылған жоқ. Осында бірге жұмыс істеп келген қаншама салымшы «Назира Бибосынқызы пирамидамен айналысқан жоқ. Бірге тауар сатып, бірге пайда көруді ғана көздеді. Қаржы пирамидасы ретінде жарнама жасап, адамдардан ақша тарту деген болған емес» деп отыр.
Шынында, әлеуметтік желіге салынған жазбаларға ешкім жағымсыз пікір қалдырмаған. Бәрі де кәсібін адал атқарып келгенін, ешкімнің ақысын жемегенін, салымшыларға тиесілі ақшаларын уақытылы беріп тұрғанын айтқан. Сондықтан қаншама халықтың жанайқайын арқалап, Бас прокуратураға барып, Назира Нұржанның ұсталуына қарсылық білдіріп, бостандық сұраған 12 мың адамның қолы қойылған петицияны жеткіздік.
Назира Байбосынқызына қатысты әділетті тергеу жүргізіліп, әділетті шешім қабылданып, ақталып шықса екен дейміз. Қаншама халық күн санап отыр. Әрқайсысының несие төлейтін уақыты келген. Ашынған халық түрлі әрекетке баруы мүмкін.
Сондай-ақ, 2 ай қамауға алынған Назира Нұржанның туғандары, отбасының ақсақалдары сөз сөйлеп, тергеуді әділ жүргізуді талап етті. Әпкесі Жазира Бибосынқызы: «Оған жалған айып тағып, қамап қойды. Бірде-бір қарсы арыз жоқ,. Кәмелетке толмаған үш баласы бар, оның кішісі – бір жаста. Сондықтан құзырлы мекемелер халықтың үніне құлақ асып, әділ шешім шығару керек», – десе, ақсақал Батырхан Исақов: «Қызымыздың басына қиын жағдай туды. Ол ер азаматқа бергісіз іс атқарды. Елге пайдасын тигізіп, кәсіппен айналысты. Оны ұстау – қолдан ұйымдастырылған әрекет. Бүгін жиналып отырған халықтың атынан қызымызды қамаудан босатуын сұраймын», – деген пікірін жеткізді.

Айтпақшы, басқосу соңында залға Шымкент қаласы Абай ауданы әкімінің орынбасары Мейіржан Ғаниұлы бастаған полиция өкілдері келіп, көпшіліктің тез арада тарауын сұрады. «Бұл – заңсыз жиын. Бес күн бұрын әкімшілікке арнайы хабарлама беріп, рұқсат алу керек. Егер тарқамасаңыздар, полиция қызметкерлері заң аясында шара қолданатын болады немесе 15 тәулікке қамауға алып, айыппұл төлейсіздер», – деді әкім орынбасары.
Қаржылық мониторинг агенттігінің Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне хабарласып, «Назира Бибосынқызының әрекетінде қаржы пирамидасының қандай белгілері бар?», «Оның үстінен салымшылар тарапынан қандай да бір шағым түсті ме?» деген сауал қойған едік. Кезекші бөліміндегі маман бұл іс бойынша арнайы ресми сауалға ғана жауап берілетінін жеткізді. Ал тергеуші қандай да пікір білдіруден бас тартты.