Газдандыру жүйелі түрде жүзеге асып жатыр ма?

Елдімекендерді газдандыру экологиялық ластануды азайтып қана қоймай, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыратыны анық. Сондай-ақ тауарлық газдың қолжетімді бола түсуі баламалы отын сатып алу жолында халықты әбігерге түсірмей, қаражат көзін үнемдеуге септігін тигізеді.
Энергетика министрлігі мемлекет жыл басында жеті елді мекенді газдандыру бойынша 45 жобаны іске асыру үшін бюджттен 65,9 млрд теңге бөлінгенін жеткізді. Егер алға қойылған жоспарлар толыққанды жүзеге асса, газдандыру деңгейі 62%-ға дейін жетіп, нәтижесінде 12,4 млн-нан астам адам газбен қамтамасыз етіледі деген үміт бар.
«Қазіргі таңда халықты газдандыру мәселесі Солтүстік және Шығыс Қазақстан өңірлерін қамтамасыз ету бойынша қолға алынып жатыр. Бұл мақсатта екі бағыт бойынша жұмыс жасау қарастырылып отыр. Біріншісі – «Сарыарқа» магистралдық газ құбырынан Астана-Көкшетау және Көкшетау-Петропавл қалаларына дейін газ тарту. Екінші бағыт Ресей федерациясынан газ тарту мәселесі. Осы ретте мемлекетаралық келіссөз жүргізілуде», – дейді Энергетика министрлігі газ өнеркәсібі департаментінің бөлім басшысы Аян Хамидуллин.
Халықты газдандыру мақсатында үміт артып отырған жобалардың бірі – «Фин-120» автоматтандырылған газ реттеу станциясын салып, қолданысқа беру. Сондай-ақ Атырау облысындағы магистральды газ құбырын бұру да біраз мәселенің шешімін таппақ. Бұл өз алдына Атырау қаласының Еуропалық бөлігі үшін қажетті газ көлемін қамтамасыз ету үшін газ құбырының өткізу қабілетін арттыруға жол ашады. Мұның өңір өнеркәсібін де дамытуға септігін тигізері белгілі.
Жоспар бойынша 2025 жылы «Талдықорған-Үшарал» магистральды газ құбырының құрылысы да аяқталуы тиіс. Қазіргі таңда аталмыш аймақта 302 км магистральды газ құбырының құрылысы жүріп жатыр. Бұл жоба шамамен 124 мың адамды жарылқайды дейтін дейтін болсақ, орта есеппен алғанда Жетісу облысының 66 елді мекенін табиғи газбен қамтамасыз етеді екен.
Энергетика министрлігінің арнайы сайтындағы межеге назар салар болсақ, биыл жеті өңірді газдандыру үшін 45 жоба қолға алынып отыр екен. Осы мақсатта 65,9 млрд теңге бөлінген. Бұл газдандыру межесін биыл 62 %-ға жеткізіп, орта есеппен алғанда 12,4 млн адамды газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік сыйлайды.

Еске салар кетейік, өткен жылы «Әлеуметтік әмиян» бастамасы аясында Батыс Қазақстан облысы мен Шымкент қаласындағы тұрғындардың әлеуметтік осал топтарына тауарлық газ таратуға 24 % жеңілдік берілген. Ведомство 6000-ға жуық адамды газбен қамтыған бұл пилоттық жоба өзге өңірлерде де жалғасын табатынына сендірген. Бірақ әзірге бұл бастаманың қай елдімекенде жалғасын тапқаны жөнінде есеп бере қоймады. Жалпы жыл басынан бергі жағдайға сүйенер болсақ, халықты газдандыру деңгейі 61,8%-ды құрайды екен.
Осы тұста қай өңірлерді газбен қамтамасыз ету қиындық тудырып отыр деген сұрақ туындайды. Бұған «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ активтерді басқару департаментінің директоры Береке Ізімберген жауап берді.
«Елдімекендерді газдандыру бойынша 2023-2030 жылдарға арналған арнайы жоспары бар. Ондағы мақсат халықты газбен қамтамасыз етудің 61,8 пайыздан 65 пайызға дейін жеткізу. Бірден жүз пайызға жеткізу мүмкін емес. Себебі газ құбырын салу және тарту үлкен қаражатты және қажырлы еңбекті талап етеді.
Республикамыздың Батыс өңірінде газдандыру мөлшері 90 %-дан жоғары, сондықтан ол жақта тек газ құбырларының қуаттылығын арттыру бойынша ғана жұмыс жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытты Орталық және Оңтүстік өңірлерді газбен қамтамасыз ету жұмыстары күннің басты тәртібіне қойылып отыр. Осы ретте «Талдықорған-Үшарал» магистральды газ құбырымен қатар «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралды газ құбырының екінші желісін жандандыру қажет. Бұл еліміздің Батыс өңірінде шығарылатын газды Оңтүстік өңірлерге тасымалдайтын ірі инфрақұрылымдық жоба болмақ», – деді.
Департамент директорының айтуынша, «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралды газ құбырының екінші желісін салу катарлық инвесторлармен бірлесе отырып жүзеге асады.
Қалай деген күнде елімізде табиғи газға жете алмай отырған ауыл-аймақ аз емес. Салынып жатқан газ құбырлары сол шалғайдағы ағайынды көгілдір отынмен қамтамасыз ете ала ма?! Энергетика министрлігі газ өнеркәсібі департаментінің бөлім басшысы Аян Хамидуллин бұл мәселенің шешімін табу жағы қарастырылып жатқанын алға тартты.

«Қазіргі таңда жергілікті атқарушы органдар ауылдарды газдандыру мақсатында жобалық сметалық құжаттар әзірлеу үстінде. Бөлінетін қаражат жеткізуші және ауылішілік газға қол жеткізуге жол ашады. Энергетика министрлігі түскен бюджеттік өтінімдерді қарап, іске асыру тиімділігін қарастырып, нәтижесін қаржы министрлігіне жолдайды. Ол Республикалық бюджетке байланысты комиисияның отырысында қаралады», – дейді.
Қазіргі таңда газбен жүретін көліктер қатары артқандықтан, тауарлық газбен қатар сұйылтылған газдың да сұранысқа ие бола түскені анық. Алайда оның бағасы да күн санап өсіп келе жатқаны тағы бар. Мұның себебін Активтерді басқару департаментінің директоры Береке Ізімберген былай түсіндірді:
«Сұйылтылған газды тұтыну көлемі өскенімен, өндіру көлемі бұрынғы деңгейде қалып отыр. Оның бағасын мемлекет өзі реттеп отырғандықтан, тартылатын инвестиция көлемі де аз. Өйткені әр бизнесмен салған қаражатын қайтаруды көздейді. Сондықтан Энергетика министрлігі сұйылтылған газдың бағасын көтеру бойынша нормативтік құқыққа өзгеріс енгізу бұйрығының жобасын жариялады».
Иә, Қашаған кен орнында жылына 700 мың тоннаға дейін сұйытылған мұнай газын өндіру жөніндегі технологиялық кешеннің құрылысы басталғаны әмбеге аян. Министрліктің есебі бойынша, бұл жоба да жемісті аяқталар болса, келер жылдан бастап сұйытылған мұнай газының қосымша көлемі халықты автогазбен қамтамасыз етеді.
Айтпақшы, біздің елден Қытайға газ экспортталатыны жасырын емес. Мәселен, 2024 жылы көршілес мемлекетке 5,655 миллиард текше метр көлемінде тауарлық газ жөнелтілген. Статистикаға сүйенсек, аталған көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 1,6%-ке артық көрінеді. Бұл берістің экономикалық тұрғыдан алғанда өзіндік қайтарымы бар болар.