«Бәріне төрешілер кінәлі емес»: футбол арбитрлері кәсіподақ ашуды қолға алды
Бұрынғы футбол төрешісі Руслан Дүзмамбетов Қазақстанда футбол арбитрлерінің кәсіподағын құруды ұсынды. Бұл бастама Премьер-лига мен Бірінші лига матчтарындағы төрешілік сапасына қатысты сынның күшеюі аясында көтеріліп отыр.
Астана, NEGE. Руслан Дүзмамбетовтің айтуынша, бүгінде қазақстандық төрешілер өте күрделі жағдайда жұмыс істеп жүр. Оның пікірінше, мәселе алаңдағы қателіктермен ғана шектелмейді. Арбитрлер тұрақты қысымға тап болып, кәсіби тұрғыда қорғалмай отыр.
«Төрешілерді сынауға болады, кей жағдайда ол орынды да. Қателік кез келген елде, кез келген спорт түрінде болады. Бірақ Қазақстан футболындағы барлық мәселенің кінәсін тек төрешілерге арта беру дұрыс емес.
Арбитрдің құқықтары қорғалмаса, одан тәуелсіздік төрелікті талап ету де қиын. Сондықтан біз Қазақстан футбол төрешілерінің кәсіподағын құруды ұсынып отырмыз.
Бұл федерациямен күрес те, саяси әрекет те емес. Бұл – төрешілерге лайықты еңбек жағдайын жасап, олардың білім алып, дамуына мүмкіндік беретін қалыпты кәсіби орта қалыптастыру әрекеті», – деді Дүзмамбетов.
Оның сөзінше, кәсіподақ төрешілердің жұмысын ашық әрі әділ жүйеге көшіруге көмектесуі тиіс. Әсіресе жаза қолдану, қызметтен шеттету және матчтарға тағайындау тәртібі баршаға түсінікті болуы қажет.
Сондай-ақ ол бүгінде көптеген талантты жастар төрешілікке келуге құлықсыз екенін айтып, мұны қазақстандық футбол үшін алаңдатарлық жағдай деп атады.
«Төрешілердің өз дауысы болғанын қалаймыз. Шешімдер жабық түрде қабылданбауы керек. Жас арбитрлер бұл мамандықтан қорықпай, сеніммен келуі қажет.
Мен осы жүйеде көп жылдан бері жүрген адам ретінде бір нәрсені нақты айта аламын: мықты әрі тәуелсіз төрешілер корпусы болмайынша, мықты футбол да болмайды», – деді ол.
Қазақстан футболындағы төрешілік мәселесі биылғы маусым басталғалы қайта қызу талқылана бастады. Премьер-лиганың төртінші турында өткен «Ордабасы» мен «Атырау» матчынан кейін төрешілер Санжар Ысқақов пен Татьяна Сорокопудова өрескел қателіктері үшін матчтардан уақытша шеттетілген еді.

Осы аптада Премьер-лига мен Бірінші лига клубтары Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаров атына ашық хат жолдады. Онда клубтар ел чемпионатындағы төрешілерге сенімнің азайғанын айтып, төрешілік және инспекция департаментінің директоры Нуну Каштруды қызметінен босатуды талап етті.
Хат авторлары маусым бойы төрешілер жіберетін қателіктер матч нәтижесіне де, командалардың турнирлік кестедегі орнына да әсер етіп жатқанын айтты.
Аталған үндеуге «Астана», «Атырау», «Алтай», «Елімай», «Жетісу», «Жеңіс», «Ертіс», «Каспий», «Қайсар», «Қызылжар», «Ордабасы», «Тобыл», «Ұлытау», «Тұран» және «Тараз» клубтарының басшылары қол қойған.
Ал спорт журналистері мен футбол клубтарының PR-мамандары Нуну Каштрудың Қазақстанда тұрақты тұрмайтынын және жергілікті клубтардың барлық матчтарын толық бақылап отырмағанын бірнеше рет айтқан.