Атырау облысының әкімі Индер көлін ерекше қорғалатын аумақтар тізімінен қалай шығартты
Қорық статусынан айырылған Индер көліне үш компания қатар кіріп жатыр.
Тұзды көлге талас
Атырау облысындағы Индер кентінің тұрғындары қазір үш бірдей тұз өндіруші компаниямен Индер көлінің болашағы үшін арпалысып жатыр. Көлден ондаған жыл бойы «Индертұз» кәсіпорны ас тұзын өндіріп келген. Енді оған «Аралтұз» бен «АралСода» қосылмақ. Бірақ кент тұрғындарының басым бөлігі бұған қарсы. Өйткені соңғы жылдары көлдің айналасына тұз жайылып, жайылымдық жерлер тарылып, кей аумақтар сорланып кеткен. Халық өндіріс көлемі мен аумағы ұлғайса, Индердің табиғи тепе-теңдігі бұзылады деп қауіптенеді.
-
Тақырыпқа орай: АМӨЗ-дегі экологиялық жанжал және Атырау тұрғындарының денсаулығы: деректер не дейді?
Индердегі даудың түп-төркіні көл астындағы орасан зор тұз қорына барып тіреледі. Мұндағы тұз қоры Кеңес одағы кезінде-ақ мемлекеттік деңгейде бекітілген.
2023 жылғы «Inder Tuz Company» жобасының қоршаған ортаға әсері туралы есебінде осы деректер келтірілген.
«Кен орнындағы қор КСРО пайдалы қазбалар жөніндегі мемлекеттік комиссиясының 18.03.1981 жылғы №8729 қаулысымен бекітілген. Мемлекет балансында ас тұзының қоры 646 млн 760 мың тонна деп тіркелген», – деп жазылған құжатта.
Осы құжатта Индер көлінің ауданы 12 300 гектар екені, ал табанында натрийден бөлек калий, магний, бор, бром секілді компоненттердің бар екені көрсетілген.
«Индертұз» компаниясы осы көлден 2023-2041 жылдар аралығында 4,9 млн тонна шөгінді тұз алуды жоспарлап отыр. Бірақ тұзды көлге қызығып отырған жалғыз «Индертұз» емес.
2025 жылғы «АралСода» ЖШС жобасының қоршаған ортаға әсері туралы құжатта көлден 2026-2035 жылдары ашық әдіспен тұз өндіру көзделетіні жазылған. Ол үшін карьер қазылып, экскаваторлар мен бульдозерлер пайдаланылады, дизельді генераторлар орнатылады, ал өндірілген тұз арнайы штабельдерге жиналады. Компания жылына 37 мың тоннаға дейін тұз өндіруді жоспарлап отыр.
Биыл 17 наурызда Индер көлінің мәселесіне арналған көшпелі отырыс өтіп, әлеуметтік желіде соның хаттамасы мен видеосы жарияланды.

Жиын хаттамасында «АралСода» мен «Аралтұзға» берілген лицензиялардың көлемі ашық көрсетілген: «АралСода» ЖШС 1370 гектарды қамтитын 6 блокқа, ал «Аралтұз» АҚ 685 гектарды қамтитын 3 блокқа лицензия алғаны жазылған.
29 сәуірдегі қоғамдық тыңдауда «Аралтұз» акционерлік қоғамының өкілі Дәулет Асанов осы мәліметті растады.
«Жоспарланған өндіріс аумағы 685 гектар болады. «Аралтұз» компаниясының барлау жұмыстарына лицензия бойынша бөлінген жер учаскесінің көлемі – 685 гектар. 1Бірінші кезеңде 10 гектарды ғана көрсетіп отырғанымыз, тұздың сапасын анықтау қажет. Осыдан кейін технологиялық регламент жасалады. Кейін 10 гектар аумақтан шығып жұмыс істеу керек болса, тағы да осындай қоғамдық тыңдау өткізіп, барлық процедураларды сақтаймыз», – деді ол.
Бірақ бұл сөздер халықтың күдігін одан әрі күшейтіп, жобаға қарсы тұрғындар кезек-кезек кәсіпорын өкілінің сөзіне сенбейтіндерін ашық мәлімдеді. Олар «Аралтұз» бен «АралСода» көлге бір кірсе, кейін олардың жұмысын тәртіпке келтіру қиын болады деп қауіптенеді. Жауапты органдар бұл кәсіпорындардың табиғатты қорғау талаптарын толық сақтауын қамтамасыз ете алмайды деген сенімсіздік те бар.

Мұндай күдікке негіз де жоқ емес. Себебі Индер көлі 2006 жылдан бері ерекше қорғалатын нысандар тізімінде тұрғанмен, кейін облыс әкімдігінің ұсынысымен бұл тізімнен шығарылған.
Қызылқоға аудандық мәслихатының депутаты Есенбай Нұров Экология және табиғи ресурстар министрлігінің ресми жауабын оқып берді. Осы жауапта көлдің бұл тізімнен қалай шығарылғаны егжей-тегжейлі баяндалған.
«Атырау облысы әкімдігінің 2023 жылғы 21 маусымдағы және 2023 жылғы 30 қарашадағы хаттарымен Индер көлін аталған тізбеден шығару туралы ұсыныс енгізілген. Атырау облысы әкімінің ұсынысы негізінде Индер көлін тізбеден шығару мәселесі Инвестиция тарту жөніндегі кеңестің отырысында қаралды. Министрлік тиісті Қаулы жобасын әзірлеп, ҚР Үкіметі аппаратына енгізді. Соның негізінде ҚР Үкіметінің 2024 жылғы 22 қарашадағы №997 қаулысымен Индер көлі тізбеден шығарылды», – деп жазылған.
Қоғамдық тыңдау құпиясы
Министрліктің жауабында Индер көлін тізімнен шығару үшін қоғамдық тыңдау өткізілгені де жазылған.
«Атырау облысының әкімдігі «Инновациялық білім беру ғылыми зерттеу орталығы» ЖШС-мен бірлесіп, жергілікті тұрғындар арасында қоғамдық тыңдаулар өткізді. Министрлік қоғамдық тыңдаулардың қорытынды есебін және қаулы жобасын ҚР Үкіметінің аппаратына енгізді», – делінген жауапта.
Бұл мәлімет биыл 17 наурызда көшпелі отырыста айтылған мәліметтерге қайшы. Кездесуде жергілікті әкімдік өкілдері ондай тыңдаудың нақты өткенін растай алмаған.
Көшпелі отырыс төрағасы Ғазез Ғабдуллин:
«Бұрын-соңды халықпен қоғамдық тыңдау өтті ме?» – деп сұрайды.
Индер ауданы әкімінің орынбасары Айболат Сансызбаев: «Өткен жоқ» деп жауап берген.
Ғазез Ғабдуллин бұл жауаптан кейін Экология департаментінің қорытындысына күмән келтірді. Осы кезде барып Айболат Сансызбаев жауабын нақтылай түседі.
«Мынау ерекше қорғалатын аймақтан алып тастау бойынша айтып тұрсың ба? Мен оны анықтап берейін, өткен де болуы мүмкін», – деген аудан әкімінің орынбасары.
Осылайша жергілікті әкімдік өкілдері қоғамдық тыңдаудың нақты қашан және қандай форматта өткенін анық айта алмай отыр.

29 сәуірдегі қоғамдық тыңдауда Индер ауданы әкімінің орынбасары Артур Мурзин халықтың басым бөлігі «Аралтұз» және «АралСода» компанияларының жобаларына қарсы екенін ашық мойындады.
«Көріп отырсыздар, қоғамдық тыңдауға қатысушылардың басым бөлігі қарсы болып отыр. Халықтан үлкен ешкім жоқ. Халық үніне құлақ асатын мемлекет құрамыз деп жатырмыз. Жергілікті әкімдік өкілі ретінде маған жұмыс орындарының ашылғаны, жұмыс болғаны, қолайлы орта қалыптасқаны жақсы. Ал лицензияны қалай алған дейтін мәселеге тиісті құзырлы органдар құқықтық бағасын береді. Оны қозғай бермеңіздер. «АралСоданың» түстен кейінге жоспарланған қоғамдық тыңдауын өткізудің қажеті жоқ деген ұсынысым бар. Халықтың ұстанымы бәріңізге түсінікті болды деп ойлаймын», – деп түйіндеген шенеунік.
Осы жиында Атырау облысы экология департаментінің Индер ауданы бойынша бұрынғы мемлекеттік экологиялық инспекторы, зейнеттегі геолог Марат Мұқанов жалпы көл аумағындағы өндіріске үзілді-кесілді қарсы екенін, бұл өңірде жел шығыстан батысқа соғатындықтан іргедегі кент тұрғындары тұзды шаңнан зардап шегетінін айтты.
«Индер тұзды көлінің үстіне гидравликалық, жанар-жағармаймен жұмыс істейтін техникаларды шығаруға мүлдем болмайды. Сондықтан бұл жобаларға түбегейлі қарсымын», – деген ардагер маман Қазақстанда тұз тапшылығы жоқ екенін, тіпті жергілікті «Индертұз» компаниясының өзі осы көлден алған тұздың көп бөлігін Ресейге экспорттап отырғанын айтты.
Түйіндесек, Индердегі тартыс тұз өндіретін кәсіпорындардың өзара бәсекесінен жаңа деңгейге шығып отыр. Табиғи көлдің тағдырын өзгертіп жіберген Үкімет шешіміне әсер еткен облыс әкімінің ұсынысы қаншалықты деңгейде заңды рәсімделген? Ресми құжаттардағыдай қоғамдық тыңдау дер кезінде өткен болса, жергілікті белсенділер одан неге бейхабар? Әкімдік өкілдері неге екіұшты жауап беріп отыр? Көл тағдыры әзірге әкімдік хаттары, күмәнді қоғамдық тыңдаулар мен өндірістік лицензиялардың арасында қалып отыр.
Автор: Анық Есімбай