«Рақымшылық туралы» заң дұрыс жұмыс істеп жатқан жоқ – Мәжіліс депутаты Абзал Құспан

2020 жылы RBK Bank-тен 144 млрд теңге ұрлады деп сотталып, жалпы режимдегі колонияда жазасын өтеп келген Жомарт Ертаетың рақымшылыққа іліккені қоғамда түрлі пікір тудырды. Бұл жаңалықты естіген жұрт «Бұл қалай?» дескен. Соның бірі бұрынғы экс-министр Елжан Біртанов та «Банкирлерге бөлек сот бар ма?» деп жазды көпшілікке ой салып.
Талайдың көкейінде кептеліп тұрған сұрақтың жауабын тілші қауымы іздеп көрген. Бұл сауал Мәжіліс депутаты, заңгер Абзал Құспанға да қойылды. Ол мәселеден бейхабар екенін айтса да, тиісті органдарға шағым түсіріп, істі қайта қарауға түрткі болған. Нәтижесінде мерзімінен бұрын бостандыққа шыққан Жомарт Ертаевқа қатысты сот қаулысы күшін жойды. Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті баспасөз қызметінің хабарлауынша, ол қазір қамауда отыр.
- Тақырыпқа орай: Жомарт Ертаев қамауда отыр
NEGE тілшісі осы тұрғыда Мәжіліс депутаты Абзал ҚҰСПАННЫҢ пікірін білді.

– Абзал Темірғалиұлы, қыркүйектің басында рақымшылыққа ілігіп, бостандыққа шыққан банкир Жомарт Ертаевты қайта қамауға алынуына депуттар ішінен сіз ғана түрткі болдыңыз ба?
– Әр сәрсенбі сайын Мәжілістің жалпы отырысы болады. Содан шыққан кезде журналистер лап қойып: «144 млрд теңге жымқырғанына және шығынды өтемегеніне қарамастан Жомарт Ертаев рақымшылық бойынша бостандыққа шығып кетті. Бұған не айтасыз?», – деген сауал қойды. Шынымды айтсам, бұл жағдайдан хабарым жоқ еді. Бірақ «дәл сіздер айтқандай болса, онда осы заңның авторы әрі жұмыс тобының жетекшісі ретінде Ертаевтың бостандыққа шығуы мүмкін емес» дедім. Өйткені, мемлекетке келтірілген шығын қайтарылмаса, арнайы норма бар. Содан сұрастырып, сот қаулысы қолыма тиген соң зерттеп көрдім. «Ертаев қалай босап кетті? Бұл заңсыздыққа қалай жол берілді?» деп Бас прокуратураға хат жаздым. Олар Алматы облыстық прокуратурасына жіберді. Ал олар наразылық беріп, 1 қазанда облыстық сотта қаралып, сот қаулысы күшін жойып, Ертаев қайтадан қамауға алынды.
– Сонда қыруар қаржыны жымқырған қылмыскерді рақымшылыққа іліктіріп, бостандыққа шығару қаулысы кімнің қолынан келді?
– Бұл қаулыны Алматы облысы Алатау қалалық соты шығарған. Рақымшылықты қолданғандағы бір ерекшелік – азамат сот қаулысы күшіне енбей тұрып, түрмеден бірден босатылады. Яғни, сот қаулысы күшіне енген жоқ, бірақ кеше қайта қаралып, күшін жойды. Меніңше, бұл жерде сыбайлас жемқорлықтың белгілері бар деп ойлаймын. Бәріміз де түсініп отырмыз ғой.
– Бұл мәселеге қатысты экс-министр Елжан Біртановтың да жазбасын оқыған боларсыз...
– Не үшін журналистерге алғыс айтып отырмын? Өйткені, олар маған сұрақ қоймаса, хабарсыз едім. Себебі, бұл біздің тікелей жұмысымызға кірмейді ғой. Қай сотта не қаралып жатқанын қайдан білейік? Естіген соң заңдық тұрғыда сұрау салдым.
Біртанов «Менің келтірген шығыным 100 есе аз. Бірақ сот маған рақымшылық жасаудан бас тартты» деген мәлімдеме жасады. Баяғыда бала кезімде «Ара-Шмель» журналынан сатирик Оспанхан Әубәкіровтің «Түйме ұрласаң, соттайды ұрысың деп, Түйе ұрласаң мақтайды ірісің деп» деп келетін әзіл-шыны аралас шумағын жаттағаным бар еді. Сол айтқандай, қазіргі таңда елдің арасында айтылатын «Ұрласаң – түйе ұрла», «Түйме ұрласаң – ұрысың, түйе ұрласаң – ірісің» деген сөз өзінің өміршеңдігін көрсетіп келеді.

– «Әділетті Қазақстан» құрамыз деп тыраштанып жүргенде көпе-көрнеу әділетсіз шешім қабылдайтын органдардың бұл әрекетіне не дейсіз?
– Өткенде президент жолдауында айтқан бірпалаталы Парламент туралы реформаға қуандым. Не үшін қуанған себебімді айтайын. Бұл – Ата заңға өзгеріс енгізіледі деген сөз. Конституцияны жөндеуіміз қажет-ақ. Бұл жерде Сенатты таратумен ғана шектелмейміз ғой. Тағы да бірқатар нормалар өзгеріске ұшырауы мүмкін. Сол кезде Парламенттің құзыреті кеңейіп, өз шығараған заңды қадағалай алмаса да, сұрауын жасай алатындай өкілеттілік берілсе деймін. Өйткені, біз қалай сорлап отырмыз? Қазір сотқа қатысты бірдеңе айтсақ, «Біз бөлек, сендер бөлек биліксіңдер. Сендер біздің жұмысқа араласпаңдар!» дейді. Мына жағдай да соның бір дәлелі. Тіпті, Жомарт Ертаевты танымаймын да. Оған алты аласым, бес бересім жоқ.
Иә, мен адвокатпын. Шамам келгенше, соттың адамдарға гуманистік көзқараста болғанын қалаймын. Бірақ осы кейс арқылы нені дәлелдегім келді? Біз заң жасақтап, қабылдадық па, оның түсіндіруін біз, яғни депутаттар қамтамасыз етуі керек. Өйткені, біз заңның авторымыз. Ол қылмыстық, азаматтық бола ма, кез келген заңды шығарғанда және оны құқық қолданушылар дұрыс қолданбай жатса, Парламент заңның қалай орындалуы керектігін түсіндіруі тиіс. Осы өкілеттілік бізде жоқ. Соны Парламентке қайтарғым келеді.
Сонау 1990 жылдардың басындағы Парламенттің қандай болғанын бәріміз білеміз. Әлемдік тәжірибеден айтып отырмын. Мәселе – келесі Парламентте болам ба, жоқ па, оның басы ашық. Яғни, Парламент бар, бірақ оның азу тісі жоқ. Заңды түсіндіре алатын және заңның дұрыс орындалуын талап ете алатын функциясы жоқ.

– Демек, қылмыс жасады ма, кім болса да тиісті жазасын алуды қамтамасыз ету керек қой?
– Әрине, заң дұрыс жұмыс істеу керек қой. «Рақымшылық жасау туралуы» туралы заңды шығардық па, әркім әрқалай қолданбауы керек. Өткен аптада осы заңның бұрмаланып қолданып жатқаны туралы айттым. Бұл тек Ертаевқа ғана қатысты мәселе емес. Республикалық судьялардың жартысы былай, қалғаны басқаша шешім шығарып жатыр.
Осы қысқа уақыт ішінде жергілікті жерлерде Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті прокурорлар және соттар тарапынан көрінеу заңсыз шешімдер қабылданып, соның салдарынан сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін және алаяқтық, талан-тараж арқылы миллиондаған, миллиардтаған сомаға зиян келтіріп, оны өтемеген сотталғандар босап кеткен жағдайлар аз емес.
Менің қолымдағы ресми деректерге сәйкес, бүгінгі күнге дейін соттарға Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті тарапынан 4656 ұсыныс енгізіліп, оның 3519 қаралып, 1632 қанағаттандырылған, ал 2073 бас тартылған. Бұл нені білдіреді? Бұл – уәкілетті орган тарапынан 2073 сотталғанды заңсыз босатуға әрекет жасалған деген сөз. Ал мұндай жағдайда әлдеқайда ауқымды заңдардың орындалуынан қандай әділдік күтуге болады?
Президент бастамасымен елде «Заң мен тәртіп» қағидаты алға қойылып отырған кезде, ең алдымен заңды қорғауға тиіс құқық қорғау органдарының өкілдері оны өздері бұзса, онда қарапайым халыққа қандай талап қоюға болады?