«Путин пандемиясы». Қазақстан НЕГЕ одан зардап шегуі керек?
Ресей президенті Владимир Путин жариялаған мобилизация мен оның артынан Украинаның Луганск, Донецк, Херсон мен Запорожье облыстарын қосып алуға бағытталған псевдореферендумдер Қазақстан экономикасына қандай салдарын тигізеді? NEGE тілшісі сарапшылармен сөйлесіп көрді және олардың пікірі екіге жарылып отыр.
Ресейдің экономикалық шығындары артып барады. Оның үстіне, Ресей экспорттайтын мұнай көлемі мен бағасы бойынша лимиттелетін болса, ал газы жүретін «Северный поток-1» құбыры «түсініксіз құбылыстар» салдарынан істен шығып жатса, жағдайы одан да қиындамақ. Көрші елдің экономикалық блогында отырғандар келесі жылғы бюджеттің дефицитті болатынын ескерте бастады. Оқиғаның бұлай өрбуі Қазақстанға әсерін тигізе ме?
-
Тақырыпқа орай: Путин экономикасы. Ресей НЕГЕ КСРО бола алмайды?
«Сөз жоқ, біз үшін бұл жаман. Жағдай жағымсыз сценарийде дамып келеді», – деп түсіндірді «Ұлағат Консалтинг групп» директоры, экономист Марат Қайырленов. «Бұл нені білдіреді? Ресейдің мобилизация және басқа да шығындарына қарап, оның бюджет тапшылығына ұрынатынын көріп отырмыз. Демек, олар ақша баса бастайды, соның салдарынан инфляция көтеріледі».
«Бұл Қазақстандағы инфляцияның өсуін айғақтайды. Ресей Федерациясының экономикасы құлдырау үстінде. Болжам бойынша ЖІӨ-нің құлауы 10% болады. Ресей – біздің негізгі сауда серіктесіміз. Бұл ресейлік компаниялар тарапынан біздің өнімге сұраныстың азаюын, ал олардың бізден тауарды сатып алудағы қиындықтарын білдіреді. Инфляцияның өсуі – елдегі өмір сүру деңгейінің одан әрі төмендеуі деген сөз. Оның салдары ауыр болады»
Ал экономист Айдархан Құсайынов біздің экономиканың басты проблемасы сырттағы құбылыстар емес, жылдар бойы қалыптасқан ішкі жүйе деген пікірде. Оның айтуынша, ең алдымен осы проблеманы шешуіміз керек.
«Бүгін-ертең болатын қиын жағдайлар – Ресейдің қазіргі әрекетінен пайда болатын дүниелер емес. Экономикамыздың кірпіші әу бастан дұрыс қаланбады. Жүйелік тәуекелдерді дер кезінде байқап, оларды жоя алмадық. Барлық проблема содан»
Марат Қайырленовтің айтуынша, бізде келер жылдың бюджет жобасында шығыстарды жалпы ішкі өнімнің 19 пайызынан 17%-ға дейін қысқарту қарастырылған. Оның ішінде әлеуметтік салаға арналған шығыстарды 3%-ға қысқарту көзделген. Бұл Қазақстанның бүкіл ел бойынша зейнетақыға немесе денсаулық сақтауға жұмсайтын қаражатына тең.
Бұл жағдайда бюджеттік шығыстарды қысқару дәл қазір ресейліктердің елге ағылып келуімен және инфляцияның өршуімен қатарласса, ауыр әлеуметтік жағдай туғызуы мүмкін. Экономистер үкіметтегі жауапты тұлғалардың осы қауіптерді ескеруін сұрап отыр.