6 Қаңтар 10:10
...

«Президент МҰРАГЕР сценарийінен бас тартуы керек» – Саясаттанушы

Толғанай
Фото: Фото: Orda.kz

Қасіретті қаңтар оқиғасының өткеніне екі жыл толды. Осыған орай Орталық Азиядағы демократиялық даму қорының жетекшісі, саясаттанушы Толғанай ҮМБЕТӘЛИЕВА NEGE тілшісіне сұхбат берді.

2022 жылы 2 қаңтарда Жаңаөзенде сұйылтылған газ бағасының қымбаттауына наразылықтан басталған митингі тәуелсіз Қазақстандағы ең ірі қақтығыстардың бірі болып тарихта қалды. Алматы, Ақтау, Ақтөбе, Семей, Шымкент, Қарағанды және басқа да еліміздің әр аймағында бас көтерген халық елде саяси һәм экономикалық өзгерістерді талап ете бастады. Бейбіт шерудің арты қарулы қақтығысқа, бұзақылық пен тонауға, адам өліміне ұласты. Дүрбелең бірнеше күнге созылып, 238 адам қаза тапты.

Соңғы 2 жылда елімізде қандай өзгерістер болды және қаңтар оқиғасынан сабақ алдық па?

– Қаңтар оқиғасы – тәуелсіздік алғаннан бері елімізде алғаш рет болған биліктің күрделі ауысуының нәтижесі.

Бұл ең бірінші экс-президенттің әулетіне ауыр тиді. Сырттан қарағанда, Назарбаевтың биліктен өз еркімен кеткендей көрінгенімен, 2022 жылдың қаңтарында болған жағдайға қарасақ, оның өзі де, отбасы да бұған дайын болмағанын көреміз.

отставка
Фото: ғаламтордан

Осыдан кейін билікке және қаржылық ресурсқа талас басталды. Біз әлі талқылап, сол оқиғаны ой елегінен өткізуге тырысып жатырмыз. Менің ойымша, Қаңтар оқиғасынан алатын сабақ көп. Оның алғашқысын көрдік. Бұл – бір адамның билікте отыру мерзімін шектеу және болашақ президент отбасының ықпалын шектеу.

Қаңтар оқиғасының тағы бір себебі – саяси жүйеде «Елбасы» сияқты биліктің екінші орталығы саналатын саяси позицияның болуы. Саяси жүйеде бұл тұрақсыздық орнатты. Күштер мен ықпалдардың орталығы бірнешеу болса – талас туады. Бұл жерде «сахна артындағы» ішкі элиталық дау-дамайдан басқа, саяси таласта тәжірибесі жоқ, әрі билік орталығы екеу болғандықтан кім күштірек екенін анықтауда радикалды тәсілдерді қолдануға әкеп соқты.

Менің ойымша, біздің жүйеге сабақ болатын тағы бір нәрсе – бұрынғы президент пен оның әулетінің және командасының саяси жүйедегі рөлін анықтайтын нормалар мен ережелерді енгізу. Ол үшін әлі ештеңе жасалған жоқ.

Басқа елдерде бұл мәселені шешудің бір жолы бар, ол – партиялар арқылы биліктің жұмысына араласу. Сәйкесінше, партия жеңіліп, команда ауысады. Ал бізде әзірге ондай инструмент жоқ. Бірінші адамның кетуіне қатысты инструмент бар, бірақ бірінші адам кетсе, тұрақсыздық орната алатын оның командасына қатысты мәселенің шешімі жоқ.

Бұл пікірді бұған дейін де айтқанмын және қайталап айтамын, Президент «мұрагер» сценарийінен толығымен бас тартуы керек. Лауазымын босатқан президент кімнің мемлекет басшысы болатынын шешпеуі тиіс және оны заңмен бекіткен жөн.

интервью
Фото: Ақорда

Президент Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында: «белгілі бір ықпалды топтар билікті күшпен басып алмақ болды» деді және «бәзбіреулер қосарланған билік жүйесін орнатуға талпынды» деп айтты. Ол «біреулер» кімдер?

– Тоқаев осы оқиғалардың «режиссері» болған адамдардың есімін тікелей және ашық айтпай, саяси тұрғыда дұрыс сөйлеуге тырысып отыр. Бірақ, өкінішке қарай, Қаңтар оқиғасының саяси шешімдерінің салдарына қатысты өзі ғана жауапкершілік алуына, есеп беріп, сұрақтарға жауап беруіне тура келеді. Себебі, біздің саяси жүйе президенттің маңайына ғана шоғырланған. Дегенмен де, біздің саяси жүйемізде басқа да саяси институттар бар. Олар да белсенді қатысып, жауапкершілікті өз мойнына алуы керек болатын.

Депутаттар бізді, қоғамды, «біз қазір президенттік басқару жүйесінде өмір сүріп жатырмыз» деп сендіреді. Бірақ Парламент саяси институт әрі биліктің жеке тармағы ретінде Қаңтар оқиғасына қатысты саяси шешім қабылдамады және Назарбаевтың билігі мен оның отбасының саяси биліктегі рөліне баға бермеді. Депутаттардың және партиялардың жеке мәлімдемелерін көрдік, бірақ ресми ұжымдық шешім болған жоқ.

Барлық жауапкершілікті президент ретінде Тоқаев өзі көтеріп отыр. Егер депутаттар Назарбаев отбасы тергеу аяқталмай жатып билікке оралуын қаламаса, Парламент осы оқиғалар бойынша өзінің саяси шешімін шығаруы тиіс деп санаймын.

Тергеу – бұл заңды шешім. Парламент өзінің саяси шешімін беруі керек. Ал біз қоғам ретінде, саяси партиялар қалай әрекет ететінін, қандай пікір айтатынын және қалай дауыс беретінін көрер едік. Біз, сайлаушылар ретінде партиялар мен Парламенттің қазіргі құрамының, яғни Мәжіліс пен Сенаттың да саяси ұстанымын білуіміз керек қой. Олардың ішінде Назарбаев пен оның отбасының жақтастары қанша екенін анықтау қажет. Парламент қабылдайтын саяси шешім, ондағы пікірталас, осы топтар мен олардың ұстанымдарын түсінуге және анықтауға мүмкіндік береді.

Сонда Тоқаевқа мемлекеттік төңкеріс жасағысы келген радикалды топтарды атау үшін мұндай терминологияға жүгінуіне тура келмес еді. Сонымен бірге, бұл төңкерісті қолдаған бұрынғы және қазіргі элитаның ішіндегі топтың саяси жауапсыздығы мен қорқақтығын көрсетеді. Жанр ережелеріне сәйкес саяси күштер жауапкершілікті өз мойнына алып, ашық мәлімдеме жасауы керек. Алайда, мұны жүзеге асыруға тырысқандар жасырынып қалды.

одкб
Фото: ҰҚШҰ

Қазақстан Қаңтар қырғыны кезінде ҰҚШҰ көмегіне жүгінгені қоғамда әлі қызу талқыланып жатыр. Тоқаев та «Бізге Ресей емес, ҰҚШҰ көмектесті, Ресейге қарыздар емеспіз» деп жиі айтады. Осы туралы сіз не айтасыз?

– Біз Ресейге қарыздармыз деп ойламаймын. Өйткені, дамыған елдер Путинді оқшаулағанына қарамастан, Тоқаев оны Астанада ашық қабылдады, жеке өзі шығарып салды. Менің ойымша, бұл – Тоқаевтың саяси қолдауы, санкцияларды ескере отырып, экономикалық ынтымақтастықты жалғастыру. Егер Путинге қарызы болса, оны қайтаруы керек еді. Халықаралық нормалар тұрғысынан Қазақстан ҰҚШҰ шеңберінде бірқатар келісімдерге қол қойды және осы келісімдер шеңберінде әрекет етті. Сондықтан, заң тұрғысынан Қазақстанның Ресейге ешқандай қарызы жоқ. Бірақ біз құқықтық нормалардан бөлек, шешімдерге елеулі әсері бар жазылмаған саяси ойын ережелері бар екенін білеміз. Сосын бұл шешімдер осы нормалар мен келісімдер негізінде ресми бекітіледі.

Президент сұхбатында: «Бейбіт шеруге тыйым салынбайды, ал жаппай тәртіпсіздіктің кез келген түріне қатаң тосқауыл қойылады», деді. Елімізде бейбіт шерулер қалай өтіп жатыр? Қазақстандағы сөз бостандығына қандай баға бересіз?

– Назарбаевтың билігі кезінде билік оппоненттерінің митингі форматы қалыптасты және сондай билікке қарсы қатаң ұстанымның ықпалы болды. Сонымен қатар, қоғам Назарбаевтар отбасының билігіне шынымен наразы болды және митингілерге қатысушылар мұны ашық көрсетті. Бірақ, билік Тоқаевқа берілгеннен кейін, оппозицияның саяси митингілері мен билікке наразы адамдарды элиталы топтар өз мақсаттары үшін пайдалана бастағанын байқадық. Нәтижесінде, саяси наразылықтар басқа саяси күреске айналды. Мұны саяси оппозицияның артына жасырынған элиталық топтардың қорқақтығы деп санаймын.

Саяси қарсыласу мен элитаның күресін ажырату қиындады. Сондықтан да митингілерде айқындық жоқ. Мүмкін, саяси оппозиция біреудің қолшоқпары болып қалмас үшін және қандай да бір элиталы топтармен байланыстырмас үшін саяси күрес стратегияларына өзгерістер енгізу қажет шығар.

Саяси оппозиция елге және Тоқаевтың өзіне қажет және ол үшін өзгерістер енгізуі тиіс. Бұл саяси оппозиция мен оппоненттердің жаңа формаларының дамуына түрткі болуы мүмкін.

Қандай мәселелер Қаңтар оқиғасының қайталануына алып келуі мүмкін және сондай жағдай болмас үшін не істеу керек?

– Менің ойымша, әлеуметтік мәселелерді шешу, жұмыспен қамту және лайықты жалақы төлеу қажет. Бізде жұмыс ақысы өте төмен. Бұл адамдардың қадір-қасиетін төмендетеді. Тіршілік үшін қажетті негізгі мәселелер шешілгенде, адамдар саяси тұрғыдан басқаша ойлай бастайды. Мұндай жағдайда олар саясатты тек «ақ пен қара» деп қарастырмайды.

Кеңес Одағы бізге «саясатта тек дұшпандар болуы мүмкін және олар келіссөздер жүргізудің орнына күресуі керек, бәрін қанағаттандыратын шешім іздемеуі тиіс» деп үйреткен. Бұл әрине біздің саяси түсінігімізге өз әсерін тигізеді. Біз «саяси қарсылас» сияқты ұғымдардың мағынасын басқаша түсінуіміз керек еді. Қоғам ғана емес, билік те кез келген саяси келіспеушілікті түрмеге жабатын жау ретінде қарастырмай, оларды басқаша ойлайтын және өзгерісті қалайтын адамдар деп қана көруі керек.

Жаңа айтып өткенімдей, «мұрагер» сценарийінен бас тарту қажет. Сосын, қызметінен кетіп бара жатқан президенттің рөлін нақты белгілеу мен алғашқы 10 жылда ол не істей алады және не істей алмайтынын анықтау шарт.