Президент «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаевты қабылдады
Нұрлан Сауранбаев Ұлттық компанияның былтыр атқарған жұмысы туралы есеп берді.
Алматы, NEGE. Нұрлан Сауранбаев негізгі өндірістік көрсеткіштерде өсімнің оң қарқыны сақталып отырғанын айтты. Эксплуатациялық жүк айналымы 272 миллиард тонна-шақырымға жетті. Қазақстан-Қытай түйіспелері арқылы 32 миллион тонна жүк тасымалданды. Бұл – рекордтық көрсеткіш, әрі 2023 жылмен салыстырғанда 13,1 пайызға артық.
Контейнерлік транзит 8,8 пайызға өсті. Тасымалданған контейнерлер саны 1,4 миллион жиырма пұттық эквивалент болды. Ірі инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылу барысы және транзит әлеуетін дамыту жөнінде берген Президент тапсырмаларының орындалуы жайында баяндады:
Сонымен қатар, 2800 шақырымнан астам темір жолға жөндеу жұмыстары жүргізілген. Достық – Мойынты, Дарбаза – Мақтаарал бағыттарында және Алматы торабының айналма жолында 1000 шақырымнан астам жаңа желі салынып жатыр. Достық – Мойынты учаскесі және Жетіген – Қазыбек-бек айналма желісінің екінші жолдарын салу жұмыстары кестедегі мерзімінен бұрын, яғни биыл аяқталады.
Нұрлан Сауранбаев қазақстандық дәліздерге жүк ағындарын тарту үшін терминал желісінің кеңейіп жатқаны туралы мәлімет берді. Сиань қаласының құрғақ портында Қазақстан-Қытай терминалы іске қосылды. Бұл Транскаспий бағыты арқылы Қытайдан келетін тасымалдың ұлғаюына ықпал етті. Алматы қаласында, Әзербайжанның Алят теңіз портында, Мажарстан астанасы Будапешт қаласында, Мәскеу маңындағы Селятино кентінде Шығыс – Батыс бағыты бойынша терминалдардың құрылысы басталды. Қытайлық серіктес Ляньюньган портымен бірлесіп, Ақтау портында контейнерлік хаб салу жұмыстары қолға алынды.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы мемлекет басшысы қолдау білдірген бірқатар жаңа жобаларды таныстырды. Компания инфрақұрылымды, терминал желісін дамытуға және цифрлық шешімдерді енгізуге баса назар аударатынын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев осы бағыттардағы жұмысты жандандырудың маңызын атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, алға қойған міндеттерді жоспарлы іске асыру Қазақстанның Еуразиядағы транзиттік хаб ретіндегі әлеуетін нығайтуда айтарлықтай нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік береді.