18 Ақпан 08:48

Спикер НЕГЕ сипай қамшылады?

Фото:

Ашаршылыққа қатысты дөңгелек үстел кезінде Парламент сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев: «Ашаршылықты саясиландырудың қажеті жоқ, ашаршылықты бір ғана ұлтқа жасалған қылмыс деп айтуға келмейді», – деп пікір айтты.  

Бұл сөзі үшін оны есекке теріс мінгізуге асыққандар аз емес. «Сонда дейміз-ау, қазақ саясаттың емес, ауа райының қолайсыздығынан қынадай қырылған ба?» деп ашу шақырғандар да кездесті. Сонымен, Мәулен неге мәймөңкелейді, ал Жириновский неге ақырады? Осы жағын бір таразылап көрейік.

Сенат Спикері – көп оқыған жігіт, ненің не екенін оның өзі де жақсы біледі. Ол – мемлекет қызметкері. Бірақ оның лауазымы әрбір сөзіне жауапкершілікпен қарауды талап етеді. Әсіресе, Қазақстан секілді халқы аз, экономикасы әлсіз, әскери күші мардымсыз елдің саясаткері аузына абай болғаны жөн.

Герольд Белгер ақсақалдың Украина мен Ресей арасындағы жанжал туралы сұрағандарға: «Кім күшті болса, соныкі дұрыс» деген қағиданы өзгерткен әлі ешкім жоқ», – деп бір ауыз сөзбен жауап бергені бар.

Саясатта кейде ақты – ақ, қараны – қара деу үшін қуатың мен қауқарың болуы керек. Бес-қаруың сай, көйлегің көк, тамағың тоқ дегендей.

Фото: inform.kz

Кейбіреулер екі елдің депутатын салыстыратын да шығар. Ресейлік депутаттар Никонов пен Федоров неге бейпіл ауыз? Жириновский неге айылын жимайды? Өйткені, жиғызбасы бар. Ресейдің бұрынғы дәурені өткенмен, әлі туы жығылған жоқ. Жыланды жеті кессең де, кесірткедей қауқары болады. Әскері, қаруы, атом бомбасы тағы бар. Путин түрлі авантюраға әскери қуатына сеніп барып отыр. Америкалық бір сайқымазақтың: «Ресей – АҚШ-ты ойланып әрекет етуге мәжбүр ететін жалғыз ел», – деп әзілдеген. Оған зал дуылдап күлген. Расында, күлетін түгі жоқ. Ақиқаты – осы.

Қырымды тартып алғанда АҚШ-та: «Біз неге кім көрінгеннің қауіпсіздігіне кепілдік бере бергенбіз?» деген сауал да қойылды. Ресейден өзге ел осылай істесе, мұндай сұрақ қойылар ма еді? Қайдам...

Мемдума депутаттары Никонов, Жириновский, Федоров. Коллаж: nege.kz

Әзербайжан Қарабақ дауын реттейді деп, халықаралық қауымдастықтың әділ шешімін отыз жыл күтті. «Әділ билер» ас ішіп, аяқ босатып, қауқылдасып отырғаннан басқа ештеңе бітірген жоқ. Қырым мен Донбас мәселесі де осыған ұқсап барады. Өйткені, біреудің жоғын біреу өлең айтып жүріп іздейді. Сондықтан, бұл дүниеде әлсіз болуға қақың жоқ. Тауықтың бір жері қанаса, қалғаны жабылып, шұқып өлтіреді.

Тағы бір жайт – өз ішіңдегі түтін. Ұзақ жыл оппозицияда болып, қазақ билігін ұдайы сынап жүрген отандасымыз Своиктардың Навальный оқиғасына байланысты Путин үшін қалай шыр-пыр болғанын, тіпті ұзақ жылғы үзеңгілестерімен, пікірлестерімен ат құйрығын кесуге дайын екенін көзіміз көрді.

Путин мен Своиктердің көксегені бір. Қазақтың өз тілінде сөйлей бастағаны да оларға ұнамайды. Латынға ауысқанымыздан қып-қызыл саясат көреді. Өткеніңе қазақтың көзімен қарасаң, тарихты  бұрмалағаның. Украина тарихи шындықты ашық айтып көрді. Одан не тапты? Қырымнан айырылғаны, Донбастың өртке оранғаны – ұтқаны ма? Бұл ұтыстың зардабы Киев үшін қанша уақытқа созыларын, немен тынарын кім білсін?

Әсілінде, тарих деген де күштінің, жеңімпаздың еншісіндегі нәрсе. Қытайлар болса: «Біз әділміз. Сондықтан мемлекетіміз әлсіреп кетсе де, бізге бағынған халықтар, бізді қатты құрметтегендіктен, салығын жалтармай төлеп тұрған», – деп оқиды тарихын.

Еуропа тарихшыларының «Азия мен Африка және Америкадағы ешкімге тиесілі емес жерлерді қараттық» деп жазғанын көзім шалғаны бар. Ресейдің тарихын оқысаң, орыс – әділ әрі момақан халық. Басқа халықтар жаман, тыныштық бермеген өздері. Сосын амалсыздан тойтарып тастауға тура келген. Бұзақыларды ауыздықтау үшін ғана амалсыз ол жерлерге өз билігін орнатқан. Ал ақ патшаның дәргейіне бас ұрып, өзі бодан болуға құлшынып, сұранған халықтар қаншама? Олар соның бірі қазақ деп біледі.

Ж.Мамайдың «Зұлмат» фильмі

Осыған сенетін халық «біз теперіш көрдік» дегенге сене ме? Мойындай ма? Бірақ Ақорда немесе Мәулен Әшімбаев секілді тұлғалар ашаршылық тақырыбын індетуге ешқашан тыйым салған емес. Тарихшыларымыз зерттеп, әділ әрі шынайы бағасын беріп те жатыр. Қала берді, әлеуметтік желіде «Ақорданың жобасы» деп күнде жазғырылып жатқан Жанболат Мамай ашаршылық туралы бүтін бір деректі фильм түсірген. Қайраткер Досым Сәтбаев та осы тақырыпты қаузап, бейнетаспаға басып, шетелдік әдебиеттерді аударуға мұрындық болып, біраз шаруа тындырды.

Байыбына барсақ, Мәулен Әшімбаевтың сөзі – жөн сөз. Тарихты – тарихшылардың, саясатты – саясаткерлердің еншісіне қалдырған жөн. Бұл екеуін сапырылыстырғанның аса жақсы нәрсе емес екенін Ресей мен Арменияның ұстанымы анық көрсетіп берген жоқ па? Армения бұдан екі мың жылғы дәуренін аңсайды. Орыс мұжығы «Қырым – біздікі» деп мәз.

Әлгіндей нәрсені талап ету үшін байрақ алып, ат мініп, далақтап шабу аздық етеді. Бұған «Байрақтар» керек. Сөзіңді сөйлейтін, әрекетке бара алатын одақтастарың сай тұруы тиіс. Ал өз ішіңде ұлттық бірлігің тастай бекем болғаны ләзім. Бұл Әзербайжанның тәжірибесінен жақсы көрінеді. Онсыз қанша жерден ышқынсаң да, ішің біліп тұрса да, мәймөңкелеуге мәжбүрсің. «Аннексия – тым ауыр сөз ғой» деп құбылуға тура келеді.

Басты кіріс көзің – мұнайыңды орыстың құбырымен тасысаң, олай демеске де лажың жоқ. Қазақ олигархтары, саяси элитасы Кеден одағы мен Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде шикізатты кедергісіз сатуы үшін шағын және орта бизнесті қалай құрбандыққа шалып жібергенін де көріп отырмыз. «Біз емес, аналар» деп ақталып, ара-тұра солтүстікке қарай қол сілтеп те қояды.

Сонда біз кімге, неге сеніп ақырған аюға дөңайбат көрсетпекпіз?

Тегтер: