22 Ақпан 13:44

«Мұсайбеков үйқамаққа шығуы мүмкін»

Фото:

Кеше Nege.kz порталының телеграм-каналында Мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбековтің істі болғаны туралы хабарлағанбыз. Ақпарат көзінің мәліметінше, Мұсайбековті Жемқорлыққа қарсы қызмет әуежайда ұстаған.

Бізге жеткен дерекке қарағанда, вице-министр С.Мұсайбеков Нұр-Сұлтан – Дубай рейсі арқылы шетелге емделуге шықпақ болыпты. Қазір жемқорлыққа қатысты тергеу басталып, тінтулер жүргізіліп жатқан көрінеді.

Бүгін сот Сәкен Мұсайбековті екі айға қамау туралы санкция берді. Алайда ақпарат көзі оның алдағы бірер күнде үйқамаққа шығарылуы мүмкін екенін хабарлады.

Мәдениет және спорт министрлігінің ресми сайтында вице-министр Сәкен Жүнісбекұлы Мұсайбековтің 1967 жылы Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келгені, әр жылдары түрлі министрліктерде, Мәжілісте қызмет атқарған. Мәдениет және спорт вице-министрі ретінде спрот саласына жауапты болыпты. Ендеше, ұсталу себебі де осы спортқа бөлінген қаржыға қатысты болуы әбден мүмкін.

Тілшіміз Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне хабарласып, С.Мұсайбековке қатысты кейбір мәселелерді сұраған.

«Бұған қатысты бізде ешқандай ақпарат жоқ. Ол кісі 22 ақпан мен 5 наурыз аралығында еңбек демалысында. Бізде басқа ешқандай ақпарат жоқ», – деп жауап берді баспасөз қызметінің өкілі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі С.Мұсайбековке қатысты әдеттегідей қысқа қайырды: «Әзірге мәлімет бере алмаймыз. Бұл жайында апта соңындағы брифингте айтылады». 

Тегтер: