7 Наурыз 17:01

Қытай елшісі Қазақстанның атынан сөйлей беретін болған ба?

Фото:

4 наурызда АҚШ-тың мемлекеттік департаменті Қытайдағы қайта тәрбиелеу лагеріндегі жағдайды жария еткен Сайрагүл Сауытбайға «Батыл әйелдер» халықаралық сыйлығын берді. Осыған байланысты Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо Фейсбуктегі парақшасында кәрін төкті.

Алдымен Сайрагүл Сауытбай туралы бірер сөз. Қытайдағы жағдайды ашық айтам деп қуғын көрген Сайрагүл Сауытбай 2018 жылы сәуірде Қорғас кеден бекеті арқылы Қазақстанның шекарасынан заңсыз өтті. «Шекараны заңсыз кесіп өту» бабы бойынша үстінен іс қозғалды. Қоғам белсенділері оны Қытайға бермеуді талап етті. Сот Сайрагүлге шартты жаза кескенімен, босқын мәртебесін бермеді. С.Сауытбай қазір тбасымен бірге Швецияда тұрады.

С.Сауытбайға «Батыл әйелдер» халықаралық сыйлығын АҚШ президенті Дональд Трамптың жұбайы Меланья Трамп пен АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоның өзі табыстады.

Маланья Трамп, Сайрагүл Сауытбай, Майк Помпео

Бұл жағдай Қытайдың шамына қатты тигенге ұқсайды. Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо Фейсбуктегі парақшасында былай деп ашулы пост жазды:

«4 наурызда Вашингтонда Сайрагүл Сауытбай Мемлекеттік департаменттің режиссерлығымен әлдебір ерлігі үшін белгісіз бір сыйлықты алыпты. Бұл – Қытайдың ішкі ісіне араласуға бағытталған көпе-көрнеу арандату. Шараның өзі бастан аяқ қызықсыз цирк болғанымен, Вашингтонның түпкі арам ойын әшкерелеп берді.

Шыңжаңдағы терроризммен және экстремизммен күресте үлкен жетістікке жеткенімізді көзге ілмейтін Вашингтон соңғы жылдары Шыңжаң мәселесін асыра сілтеп жіберді. Түрлі жалаларды таратып, Шыңжаңда тұрақсыздық орнату арқылы Қытайдың түбіне жетпек.

Алайда олардың арам ойы әрдайым іске аспай қала береді. Шыңжаң бұрынғыдан да тұрақты аймаққа айналып, халқы бейбіт әрі бақуатты тұрып жатыр.

Тәжірибеміз көрсеткендей, Қытай ойлап тапқан экстремизммен күрес тәсілі жемісін берді. Бұл – Қытайдың терроризм және экстремизммен күреске қосқан зор үлесі.

Вашингтон өз өтірігіне өзі сеніп жүр. Бұл олардың надандығының белгісі. Өтірікті жүз рет қайталасаң да, шындыққа айналмайды. Марапаттаумен байланысты мына цирк АҚШ-тың идеологиялық вирустың ең үлкен көзі екенін көрсетті.

«Батырға» байланысты айтарымыз, ол Қытайда да, Қазақстанда да қылмыскер деп танылған. Оның ерлігі – отанын сату, өзін, отбасын асыраған елге қара күйе жағу. Егер ерлік жасағыш болса, Шыңжаңдағы несиесін жаппай ма? Ол өзінің геосаяси циркте қандай рөл атқарып жүргенін түсінбейтіні өкінішті».

АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Қазақстанға келген кезде де Чжан Сяо осыған ұқсас нәрсе жазған. Мынауы тіпті зәрлі екен. Дипломатияның да қалыбына еш сыймайды. Бізді таңдандырған басты сұрақ мынау: Чжан Сяо Қазақстанның атынан да сөйлей беретін болған ба?

Тегтер: