22 Сәуір 18:37

Елімізде ойын бизнесіне мүлдем тыйым салу мүмкін емес

Ойын бизнесі
Фото: ғаламтордан

Мәжілістің жалпы отырысында ойын бизнесіне, лотереяларға шектеу қоюға қатысты толықтырулар мен өзгерістер енгізілетін заң жобасы талқылау барысында депутат Елнұр Бейсенбаев ойын бизнесіне мүлдем тыйым салу мүмкін емес екенін атап өтті.

Алматы, NEGE. Депутат Самат Мұсабаев Қытайда, Қырғызстанда, Вьетнамда, Оңтүстік Кореяда, Израильде және барлық араб елдерінде букмекерлік кеңселер мен спорттық ұтыс түрлеріне тыйым салынғанын атап өтті. 

– Бұл елдерде осы ойын бизнесі толықтай жоқ деуге болады. Біз толық тыйым салудың осы тәжірибесін қолдана аламыз ба, – деген сұрағын депутат Мәдениет және ақпарат министрлігіне бағыттады.

– Букмекерлік кеңселердің толық жабылуына біз, әрине қарсы емеспіз. Дегенмен ең басты уәж спорттық іс-шаралар және оның трансляциясы өте қыруар қаражатты талап етеді. Сондықтан бюджетке үлкен шығындар әкеп соқпау үшін спорттық сайттарға, трансляцияларға рұқсат беріп отырмыз. Кіріс жоғалтпау үшін медия саласының да өтініші осындай болып отыр, – деген вице-министр Қанат Ысқақов сұрақтың төркінін түсінбеген болуы керек, ойын бизнесінің жарнамасы туралы айтып кетті.

Ал сұраққа қосымша жауап берген баяндамашы Елнұр Бейсенбаев депутат атап өткен елдердің лудомандары біздің елге келіп, я болмаса Ресейге барып ойнайтыны туралы ақпаратпен бөлісті.

– Сол себепті елімізде ойын бизнесіне 100 пайыз тосқауыл қою азаматтарды көлеңкелі бизнеске итермелеумен пара-пар. Бұл мәселені осы бір топ нормаларды қабылдап алғаннан кейін өздеріңізбен келесі заң жобалары аясында қарастыруға болады, – деді баяндамашы Е.Бейсенбаев.