12 Қыркүйек 06:41
...

«Қазақстанның демократиялық таңдауы» қалай құрылды?

Фото:

12 қыркүйек ­– Алтынбек Сәрсенбайұлының туған күні. Саяси тапсырыс орындаған террористер (!) 2006 жылы 11 ақпанда саясаткерді жанындағы серіктерімен бірге қапыда жазым етпегенде, саясаткер биыл 58 жасқа толар еді...

Алтынбек Сәрсенбайұлының саяси қызметі туралы әңгіме болғанда «Ақ жол» (кейіннен «Нағыз Ақ жол») партиясынан бұрын «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысы (ҚДТ) есіме түседі. Неге? Оның өзіндік себебі бар. Кезінде Алтекеңнің көмекшілерінің бірі болған азамат (аты-жөнін атамауды өтінді – Е.Р.) қазір Мұхтар Әблязов «өзім құрдым» деп жеке-дара иелік етіп жүрген ҚДТ-ның құрылуына Алтынбек Сәрсенбайұлының қаншалықты ықпалы болғанын әңгімелеп берген.

ҚДТ-ның құрылуына байланысты баспасөз мәслихаты. 2001 жыл 18 қараша.

«2001 жылдың қара күзі. Елдегі саяси жағдай қатты ушығып тұрған кез. Сол жылы көктемде Алтекең Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрі қызметінен кетіп, Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы болып тағайындалған. Ол кезде демократиялық көзқарастағы азаматтардың көпшілігі Алтекеңнің төңірегіне топтаса бастаған. ҚДТ-ның да құрылуы осы кезеңмен тұспа-тұс келеді. ҚДТ-ның басы-қасында кімдердің жүргені жалпы жұртқа белгілі болғанымен, қалай құрылғанын көпшілік біле бермейді. Алтынбек Сәрсенбайұлының Мұхтар Әблязовпен және Ғалымжан Жақияновпен қалай байланысып тұрғанын, кездесулері қалай өткенін өз көзіммен көрдім. Сол тұста ҚДТ-ға байланысты кез келген саяси мәлімдеме А.Сәрсенбайұлымен ақылдасып жасалатын.

Бірде Алтекең Мұхтар мен Ғалымжанды кездесуге шақыруды, кездесуді ел көзіне түсе бермейтін жерде ұйымдастыруды тапсырды. Енді салына бастаған сол кездегі Астана, қазіргі Нұр-Сұлтанда құрылысы аяқталмаған ғимарат көп еді. Айналаның бәрінде құрылыс жүріп жатқан. Ғимарат та табылды, кездесу уақыты да белгіленді. Кездесетін жерге дейін А.Сәрсенбайұлы көлік ауыстырып, із суытып барды. Рахат Әлиев Президенттің күзет қызметі басшысының орынбасары болып тағайындала сала, ізге түсу, аңдуды үдеткен кезі еді.

Мұхтар Әблязов Алматыдан ұшып келді. Оны Алтекеңнің көмекшілерінің бірі әуежайдан күтіп алып, кездесетін жерге «Нивамен» жасырын алып келді. Ғалымжан Жақияновтың қайдан келгені есімде жоқ, онымен қалада кездесіп, із жасырып мен ертіп әкелдім.   

Құрылыс материалдары шашылып жатқан ғимараттың бір бөлмесінде төбеден салбыраған шам сығырая жанып тұр. Ортада шаң басқан үстел. Үшеуара әңгіме ұзаққа созылды. Көбіне Алтекеңнің сөйлеп отырғаны байқалды.

Менің білуімше, «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысы құрылғанын жариялайтын күн, мәлімдеменің мәтіні, кімдердің мүше болатыны осы кездесуде Алтекеңнің нұсқауымен белгіленді», – дейді кейіпкеріміз.

Кейіпкерге сенбеске лаж жоқ. Өйткені осындай кездесу өткенін, кездесуге Алтынбек Сәрсенбайұлының қатысқанын Мұхтар Әблязов та айтқан. Бірақ ол кездесуді ұйымдастырушы ретінде тек өзін көрсетті.

2001 жылы 18 қарашада Мұхтар Әблязов, Ғалымжан Жақиянов бастаған бір топ саясаткер мен бизнесмен «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысы құрылғанын жариялады. Қозғалысты құрудағы басты талап бірнешеу еді: Парламенттің өкілеттігін кеңейту, жергілікті билікті сайлау, сайлау жүйесін реформалау, сот реформасы, бұқаралық ақпарат құралдарын демонополизациялау, т.б.

Бұл талаптардың бәрі, әсіресе соңғы талап кейін де А.Сәрсенбайұлының саяси мәлімдемелерінің, мақалаларының, сұхбаттарының өзегі болған. Алтекеңнің ҚДТ құрылуындағы айқындаушы рөлін осыдан да көруге болады.

Сол кездегі Үкімет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚДТ құрылғаннан екі күннен кейін, 20 қарашада жасаған атышулы мәлімдемесі де жұрт жадында. Ол билікке талаптарын ашық қойған саясаткерлерді «киндерсюрприздер» деп атап, Президенттен оларды отставкаға жіберуді талап етті.

21 қарашада Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы А.Сәрсенбайұлы «Таң» телеарнасына сұхбат берді.

«Бұл – қоғамның дағдарысы емес, Үкіметтің дағдарысы. Премьер-министрдің мәлімдемесін аса жағымсыз бағалайтынымды айтуға тиіспін. Өйткені «Қазақстанның демократиялық таңдауы» сияқты жаңа қозғалыстың құрылуы қорқынышты құбылыс емес. Мұны салқынқанды қабылдау керек. Бұл – демократиялық қалыпты процес...», – деген сонда Алтынбек Сәрсенбайұлы.

А.Сәрсенбайұлы айтқандай, кез келген саяси ұйымның құрылуы қорқынышты құбылыс емес еді. Оны бертінде «құбыжық» жасаған – биліктің өзі.

2006 жылдың ақпанындағы саяси террордан кейін Қазақстанда шынайы оппозициялық ұйым құрылған емес және А.Сәрсенбайұлы сияқты мемлекеттік қызметте жүріп демократиялық күштерге ашық түрде қолдау жасаған саяси тұлға шыққан жоқ. Себебі белгілі: одан бері он төрт жыл өтсе де, әлі үрейден арыла алмай жүрміз...

Ерік Рахым.

Тегтер: