14 Ақпан 19:48

EXPO өткізген Қазақстан электр энергиясын НЕГЕ Ресейден сатып алып отыр?

Фото:

Соңғы кездері электр энергиясына байланысты мәселе жиі көтеріліп жүр. Мәселен жуырда еліміздің оңтүстік өңірлерінде жарық сөніп, халық біраз әбігерге түсті. Ал билік өкілдері энергия тапшылығынан құтылудың бірден бір жолы АЭС салу екенін айтады.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиында бұл сөзді ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов тағы қайталады. Nege.kz тілшісі министрге халықтың көкейіндегі сұрақты қойған еді.

– Қарапайым халықтың арасында АЭС-тың құрылысына қарсылық білдіріп жатқандар аз емес. Азаматтардың не үшін қарсылық танытып жатқанын анықтау үшін  қандайда бір зерттеу, сауалнама жүргіздіңіздер ме? Мәселен кейбір азаматтар «АЭС қажет, бірақ оны Ресей салмасын» десе, кейбіреулер мүлде қарсы. Бұған не дейсіз?

– АЭС құрылысын жүргізу кеше ғана көтерілген мәселе емес. Совет одағынан бастап, әр түрлі зерттеулер жүргізілген. Сондай-ақ Тәуелсіздік алғаннан кейінгі 2006-2014 жылдары бұған қайта назар аударыла бастады. Әрине бізге атом электр станциясы керек. 

АЭС. Фото: ғаламтордан

Мысалы Түркістан облысына қарасты станциялардың барлығы бірдей газбен жұмыс істейді. Ал болашақта газ тапшылығы болуы мүмкін. Мысалы 1 гигабайт  станцияны ұстап тұру үшін 2 млрд куб газ қажет. Ал 17 гигабайттық станцияны ұстап тұру үшін қанша млрд куб газ кететінін есептеп көріңіз.

Біріншіден, АЭС-тың құрылысын бастамас бұрын зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Өте маңызды бастама болғандықтан оны мұқият зерттеуіміз керек. Бүкіл тектоника мен судың қаншалықты жеткілікті екенін және құрылысты қай аймақта салу керектігін зерттейміз. Атом электр станциясының қуаттылығынан бастап сейсмикалық жағдайына дейін жан-жақты зерттейміз. Әрине мұның көптеген технологиялық сұрақтары бар. Әу баста айтқан кадр мәселесі бар.

Ал егер технологияны айтатын болсақ, 3+ деген технолгия санаулы елдерде ғана бар. Оның ішіне тәжірибесі мол Ресей компаниялары да кіреді. Бұдан басқа АҚШ пен Францияның да озық технологиясы бар.

– Соңғы кезде энергия тапшылығы туралы жиі айтылып жүр. Жалпы біздің ел жылына қанша энергия көзін тұтынады, оның қанша пайызын сырттан алып отырмыз?

– Жалпы бізде жылына 14 млрд киловатт сағат электр энергиясын шығарамыз. Негізі электр энергиясының көпшілігін өзіміз өндіреміз. Бірақ тапшылық кезінде Ресейден энергия сатып аламыз. Жалпы қазір таңғы және кешкі уақыттарда тұтынушылардың көлемі едәуір өседі. Сол уақытта 600-700 мегаватқа дейін Ресейден электр энергиясын аламыз.

Электр желісі. Фото: ғаламтордан

Бізде қазір майнерлер туралы әңгіме болып жатыр ғой. Негізі заңсыз қосылғандарға тосқауыл қойсақ, Ресейден мүлде энергия көзін сатып алмауға да болады. Қазір біз осы бағытта жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Біз электр генерацияны дамытып, 2026 жылға дейін станцияны қосатын болсақ, Ресейден импорт жасаудың қажеті жоқ. Керісінше, шетелге электр энергиясын экспорттауға мүмкіндік туады.

P.S. Әрине халық саны көбейіп жатқан кезде электр энергиясына сұраныс артатыны белгілі. Алайда АЭС құрылысынан басқа энергия өндірудің мүмкіндіктерін де неге қарастырмасқа? «Болашақтың энергиясы» деп ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізген ел емеспіз бе?!

Тегтер: