28 Қараша 11:51

Дода дүбірі тақады

Фото:

«Мәжіліс сайлауынан соң еліміз парламенттік басқару жүйесіне көшуі ықтимал»

Келер жылы елімізде мәжіліс сайлауы болуы бек мүмкін. Бұл сайлаудың өзге сайлаулардан ерекшелігі, президенттік билік жүйесінен парламенттік басқару жүйесіне көшуіміз ғажап емес. Саясаттың төңірегінде жүрген кейбір сарапшылар осылай топшылайды.

Сайлауды мерзімінен бұрын өткізу дәстүрге айналғанын ескерсек, бұл аса таңғаларлық жағдай емес. Оның үстіне, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биыл мәжіліс сайлауына дайындықты күшейту туралы билік партиясына бірнеше мәрте тапсырма беріп үлгерді.

25 қарашада астанада өткен жиында Нұрсұлтан Назарбаев парламент сайлауына «Нұр Отан» партиясының сайлауалды бағдарламасын әзірлеуге пәрмен берді. «Нұр Отан партиясының сайлауалды бағдарламасына тоқталсақ, премьер-министр, саяси кеңес бюросының мүшелері бұл жұмысты жеке басшылығына алуы тиіс. Бұл бағдарламаны әзірлеуге қазірден бастап кірісу керек», – деді тұңғыш президент.

Аумақтарды дамытудың бес жылдық бағдарламасын іске асыру 2020 жылы аяқталатынын атап өтіп, «жаңа электральді циклге сәйкес келетін жаңа бағдарлама қабылдау қажет» екеніне баса назар аударды. Елбасы сапалы партиялық тізім жасау үшін ашық партияішілік іріктеу өткізудің маңыздылығына да тоқталды. Нұрсұлтан Назарбаев мұның алдында 16 тамыз күні де мәжіліс сайлауына дайындық жайлы сөз қозғаған еді.

Ақпан айында «Нұр Отан» партиясының съезі өтуі тиіс. Онда болашақ сайлаудағы міндеттер талқынып, белгіленген уақыты жария болуы ықтимал.

«Парламенттік сайлау сәуір айының аяғы мен мамыр айының басында, яғни мұғалімдер демалысқа шықпай тұрып өтуі мүмкін. Өйткені, сайлаудың қара жұмысын атқаратын – солар», – дейді саясаткер, «бас оқырман» Ермұрат Бапи.

Сайлау дүбірі тақалғанда, әдетте, өлі тыныштық орнаған елдің саяси өмірінде әлдеқандай бір қозғалыс қылаң береді. Атының өзі ел жадында қалмаған «Ауыл» партиясы да «Нұр Отаннан» кейін іле-шала жиын өткізді.  Жаңа партиялар құрамыз деушілер жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай жиі төбе көрсете бастады. Мәселен, Жанболат Мамайдың демократиялық партиясы, Тоғжан Қожалиеваның Хақ партиясы, Бэлла Орынбетованың Республика партиясы және тағысын-тағылар.

Бұлардың парламент орынтағынан үміт күтпесе де, танылуы үшін додаға түсіп, бауырын жазуға ұмтылуы түсінікті жайт. Жаңа партиялар оппозицияның жығылған  туын қайта көтереміз деп ұран салғанымен, «оппозиция деген – мен, нағыз оппозиция болу – менің ғана жолым» деп білетін Әбілязов пен әбілязовшілдер бұл партияларды «биліктің понилері» деп атап, кешегі әріптестерімен жаға жыртыса бастады. Десе де, су жаңа партиялардың додаға түсуі неғайбыл. Сайлауға дейін съезін өткізіп, қағаз-құжаттарын қаттап, партиясын тіркеп үлгере ме, жоқ па? Басты сұрақ – осы.

Парламенттің орынтағын тоздырып жүрген «Нұр Отан», «Ақ жол», ҚКХП, әдеттегідей, ың-шыңсыз «ізеттілік» сақтай отырып, орын бөлісері хақ. «Бірлік», «Ауыл» партиялары да бір-екі орыннан дәмелі. Оларға «сүйек-саяқтың» тиер-тимесі, биліктің көңіл-күйі мен мәрттігіне байланысты шешілмек.

Оппозиция қосындағы ресми тіркеуі бар жалғыз ЖСДП партиясы да бақ сынап көруі мүмкін. «ЖСДП сайлауға билікпен ымыра жасап қана бара алады. Әйтпесе, ол партияның жеңіске жету мүмкіндігі нөлге тең. Себебі соңғы оқиғаларға, партиядағы төңкеріске байланысты қоғамның қолдауынан айырылды», – дейді Ермұрат Бапи.

Оның пікірінше, бұл сайлауда еліміз парламенттік басқару жүйесіне көшіп, Нұрсұлтан Назарбаев ел басшылығына қайта оралуы мүмкін.

Алдағы парламент сайлауының ерекше боларына экс-дипломат Қазыбек Бейсебаев та сенімді. «Шынайы саяси талас болады. Бұрын билік пен оппозиция арасында тартыс болса, енді биліктің өз ішінде бақталастық көрінеді. «Әлеуметтік сауал қорытындысы бойынша, «Нұр Отан» 65 пайыз дауыс жинайды» деген ақпарат жүр. Билік негізі осы межені көздеп отыр. Бірақ бұл жолы осы нәтижеге қол жеткізудің өзі билік партиясына қиынға соғады», – дейді ол.

Өйткені, қоғамда қордаланған мәселелер көп. Жемқорлық пен парақорлық фактісі бойынша ұсталып жатқан шенеуніктердің дені – осы партияның өкілдері. Қазыбек Бейсебаевтың пікірінше, қазір билік бұрынғыдай біртұтас емес және халықтың белсенділігі артып келеді.

Сонымен қатар, саяси науқан алдында қоғамды демократияландыруға бағыттап, заңдарға өзгеріс енгізу талабы көтеріле бастады. Мәселен, сайлау туралы, саяси партиялар туралы заңдар бірінші кезекте тұр. «Осы қолданыстағы заңдардың негізінде-ақ, сайлау өткізіп, Тоқаевтың билікті халыққа жақындатамын деген ниеті түзу болса, қоғам өкілдерін парламентке кіргізуге құлықты болса, онда бұрмалаушылық болмайды деп ойлаймын», – дейді Ермұрат Бапи.  

Айта кетерлік жайт, мәжіліс депутаттарының өкілеттілік мерзімі – бес жыл.  Турасы, келесі парламенттік сайлау 2021 жылы өтуі тиіс еді. 2016 жылғы парламент сайлауына алты саяси партия қатысып, олардың үшеуі жеті пайыздық кедергіден «сүрінбей» өтіп, парламенттен орын алған болатын. Олар – Нұр Отан (82,15%), Ақ жол  (7,18%), Қазақстанның комунистік халық партиясы (7,14%).

Шадияр Өстемірұлы

Тегтер: