Пайдасы да, жұмысы да азайып барады. «ҚазТрансОйл» ұлттық компаниясы НЕГЕ қиындыққа ұшырап отыр?
2022 жыл – «ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамы үшін күрделі болмақ. Компания барлық көрсеткіштерін құлдыратып алған. Тиісінше, таза пайдасы тең жартысына қысқарып отыр.
Биылғы жартыжылдықта «ҚазТрансОйл» шоғырланған «выручкасы» 116,4 миллиард теңге болды. Онысы 2021 жылдағы сәйкес мерзімнен аса ауытқи қоймады. Есесіне, шоғырланған таза пайдада үлкен құлдырау бар. Алты айдың таза кірісі 15,8 миллиард теңге болып отыр. Бұл 2021 жылдың бірінші жарты жылдығындағы көрсеткіштен 53%-ға төмен. Шоғырланғанды қарастырмай, компанияның өзін (еншілес ұйымдарын қоспай) алатын болсақ, онда да жағдай мәз емес. Ұлттық компанияның жеке түсімі былтырғы көрсеткіштен 64,9 пайыз төмендеп кеткен. Биылғы жартыжылда ҚТО жеке өзі 9,4 миллиард теңге ғана таза пайда көрсеткен.
"ҚазТрансОйл" АҚ 2022 жылдың қаңтар-маусым айлары бойынша шоғырланған қаржылық есептілігі
«ҚазТрансОйлдың» таза кірісі НЕГЕ азайып кетті? Біздің ойымызша, бұған басты екі себеп бар. Біріншісі – компанияда қызмет көрсету мен өнім өндірудің өзіндік құны тым қымбаттап барады. Выручка/өзіндік құн теңгерімі өте нашарлап кеткен. Екінші – компания өзінің өндірістік көрсеткіштерін қатты құлдыратып алды.
Мысалы, осы жарты жылда «ҚазТрансОйл» ұлттық компаниясы магистральдық мұнай құбырлары жүйесі бойынша 19,9 миллион тонна мұнай тасымалдады. Бұл былтырғы жартыжылдықтың көрсеткіштерінен 469 мың тоннаға аз. «Өзен – Атырау – Самара» магистральдық мұнай құбырының «Атырау – Самара» учаскесі бойынша мұнай тасымалдау көлемі 4,2 миллион тонна болды. Бұл да былтырғы нәтижеден 2,2 миллион тоннаға кем.
«ҚазТрансОйл» АҚ терминалдары. Фото: «ҚазТрансОйл» АҚ
«ҚазТрансОйл» ұлттық компаниясының 10 пайыз акциялары кезінде «Халықтық IPO» барысында жеке тұлғаларға сатылған. Қалған 90% акция оның үстінен қарайтын «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының қолында.
«ҚазТрансОйл» 2021 жылы 50,6 миллиард теңге, ал 2020 жылы 57 миллиард теңге таза табыс тапқан еді. Жыл санып оның кірісінің азайып бара жатқанын байқаймыз. Қызмет көрсету мен өнім өндірудің өзіндік құны қымбаттап жатқаны ұлттық компания менеждментінде үлкен проблемалар бар екенінен хабар береді.