«Өздеріңе қиын болады!» – Нетаньяху НЕГЕ күшенді?
Испания, Норвегия және Ирландия Палестинаны тәуелсіз ел ретінде мойындайтынын мәлімдеді. Осылайша Таяу Шығыс тақырыбы кезекті мәрте әлемдік ауқымдағы саясат сахнасына көтерілді.
Әзірге аймақ тыныштығына төнген қауіп жоқ. Алайда ойда жоқта шыққан бұл жаңалық палестиналықтарға майдай жаққанымен, израильдік биліктің арқасына аяздай батып отыр. Израиль Премьер-министрі Биньямин Нетаньяху аталған үш ел билігінің бұл қадамын «терроризмге берген марапат» деп бағалады.
Испания, Норвегия және Ирландияның Палестинаны тәуелсіз ел ретінде тану туралы сәрсенбідегі бірлескен мәлімдемесі Израильге бағытталған дипломатиялық соққы болды. Өйткені дипмиссиясы орныққан елдердің өзінен теріс айналғанын кім қаласын. Оның үстіне Израильдің Газа секторында ойран салған қанды қасабынан кейін жеті ай өткеннен соң Израильді әлемдік ортадан оқшаулау әрекеттері күшейе түскендей болды.
Ойлары бір жерден шыққан, тігісін жатқыза үйлестірілген ортақ мәлімдемеде Палестинаның тәуелсіздігі осы аумақта екі мемлекеттің өмір сүруіне үзілді-кесілді қарсы болып, өздері басып алған Иордания өзенінің батыс жағалауға ел қондырып, Газа секторын атқылауды әлі тоқтатпай отырған Израиль билігімен арадағы бейбіт келісімді күте алмайтыны айтылған.
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху өзінің соғысқұмарлығымен, яғни әуе шабуылынан дымы қалмаған Газаны соғыстан кейінгі басқару жөніндегі жоспарды дайындаудан бас тартуы әлемдік лидерлерді ғана емес, тіпті өзінің әскери кабинетіндегі екі жақтасының да жағасын ұстатты. Ал денсаулық сақтау ұйымдары Газада 35 мыңнан астам адамның қаза тапқанын мәлімдеп отыр.
Осы ретте Ирландияның премьер-министрі Саймон Харрис өз үкіметінің Палестина азаттығына қатысты шешімін Ирландияның Ұлыбританиядан тәуелсіздік алуға деген талпынысымен байланыстырды.
«Біз өз тарихымыздан мұндай әрекеттің қандай мәнге ие екенін жақсы білеміз: тәуелсіздікті тану – аса маңызды саяси және символикалық мәні бар әрекет», – деді ол брифингте.
Батыс жағалаудағы Палестина көшбасшылары үш елдің тарапынан болған мұндай шешімді өздері үшін өте маңызды қадам деп қабылдады. Себебі он жылдан астам уақыттан бері екі елдің арасында еш келіссөз жүрмеген. Ал кей сарапшылар батыс Палестина мемлекетін мойындамау арқылы Израильдің өз аумағында екі мемлекеттің пайда болуына қарсы ұстанымын қолдап отырғанын айтады.
Жалпы Палестинаның мемлекеттігін бүгінде 140-тан астам ел мойындаған. Тек Батыс Еуропаның біраз елі мен АҚШ қалыс қалып отыр. Олар Израильмен келіссөздер жүргізу арқылы ғана тәуелсіздікке қол жеткізуге болатынын ақыл ретінде айтумен келеді.
Ал Израильдің Үкімет басшысы да үнсіз қалмай, бұл мәлімдемеге Х-тегі парақшасында жауап қатты. Онда Нетаньяху мырза Ирландия мен Норвегиядағы елшілеріне тез арада елге келіп, кеңес алуға шақырғанын айтты.
«Мен Ирландия мен Норвегияға нақты сәлем жолдаймын: Израиль өзінің тәуелсіздігіне шек келтіргендердің және қауіпсіздігіне қатер төндіргендердің алдында тізе бүкпейді», – дейді Израиль премьері.
Қысқасы, Нетаньяху аталған елдер райынан қайтпаса, мұның арты жақсылыққа апармайтынын ескертіп, мәлімдеме жасаған елдердің қадамын бассыздыққа балап отыр.
«Ирландиялық-норвегиялық ақымақтық парады бізді тоқтата алмайды. Біздің көздеген мақсатымызға жету жөніндегі шешіміміз айқын: ол – ХАМАС-ты жою жолымен өз азаматтарымыздың қауіпсіздігін қалпына келтіру және кепілде отырғандарды босатып алу. Осыдан асқан ұлы мақсатымыз жоқ», – деді Нетаньяху әлеуметтік желідегі ресми парақшасында.
Аталған үш елдің Палестинаны мемлекет деп тану туралы шешімі 28 мамыр күні күшіне енбек. «Бұл мәлімдеменің салдары өздеріңе қиын болады», – деп күшенді тағы Биньямин Нетаньяху. Еуропаның белді елдеріне қалай «қиын болатыны» әзірге белгісіз.
Сағадат БАҚЫТБЕК, Астана.