«Оразалыны қайталау мүмкін емес» – Ақын, Мәжіліс депутаты Ринат Зайыт

Айтыс өнерінде жасындай жарқырап, қайталанбас қолтаңбасын қалдырған Оразалы Досбосынов небәрі 29 жыл ғана ғұмыр кешті. Оның әр айтысы айшықты ой мен көркем образға тұнып тұратын. Тыңнан түрен салған тапқыр теңеулері мен төкпе шумақтарына делебесі қозған дүйім жұрт ерекше сүйсінетін еді. Егер көзі тірі болса, айтыстың ақтаңгері биыл 50 жасқа толар еді. Осыған орай ақынның туған елінде еске алуға байланысты шаралар ұйымдастырылып жатыр.
NEGE тілшісі от ауызды, орақ тілді ақын Оразалы Досбосыновтың айтыстағы өнері жөнінде ақын, Мәжіліс депутаты Ринат Зайытовпен әңгіме өрбіткен еді.
– «Құлмамбеттің құлыны» атанған суырыпсалма айтыскер ақын Оразалы Досбосыновпен алғаш қашан және қандай жағдайда таныстыңыз? Ақындығынан бөлек қандай азамат еді? Айтыстан тыс аралас-құраластығыңыз болды ма?
– Біз Оразалы марқұмды әу баста теледидардан көріп, танып жүрдік. Сондықтан таныстығымыз кездейсоқ болған жоқ. Қателеспесем, 2000 жылы Орекең Өскеменге Оралхан Бөкейді еске алуға байланысты өткен айтысқа келді. Бірақ ол кезде айтысқа қатысқан жоқпын. Марқұм, менің ұстазым Съезбек Сүлейменов екеуінің қарым-қатынасы жақсы болды. Сол арқылы таныстым. Сол сапарда түнімен отырып термесін, жырларын, оқыған өлеңдерін бір касетаға жазып алдық.
Ал өмірде аралас-құраластығымыз 2000 жылы Аңырақай шайқасына қатысты өткен айтыста басталды. Содан бір-бірімізді түсінісіп, жақсы тіл табысып, ағалы-інілі болып кеттік. Ақын ретінде ғана емес, бауыр ретінде жақын едік. Алматыға жол түссе, үйіне барып, әңгімесін тыңдап, сабақ алып қалуға тырыстым. Ол – жақын адам ретінде жүрекке ұялап, орын алған адам еді.
Орекеңнің қандай азамат екені бір-ақ нәрседен көрінеді. Айналасында жүрген адам ол туралы жаман нәрсе айтпақ түгілі, «Әттеген-ай, мына жері мынадай» демейтін. Сондай көңілі кең, бірбеткей, өте терең ойлана білетін және әзілі де өзіне жарасып тұратын ерекше азамат еді.
– Екеуіңіз неше мәрте жұп болып айтыстыңыз? Неше рет ұтып, неше рет жеңілдіңіз? Бірге айтысқан сәттерден ерекше есте қалған сөз орамдары немесе мағыналы ойларын еске түсіре аласыз ба?
– Екеуіміз бірнеше мәрте айтыстық. Бірақ нақты санын білмеймін. Эфирдің өзінде төрт-бес айтысымыз жүр ғой деймін. Оның сыртында астарда, басқасында айтысқанымыз бар.
Мен Оразалыны ресми екі рет жеңдім. 2002 ме, әлде 2003 жылы ма, әзіл айтыста бас жүлдені Орекең алды. Сол айтыста алғашқы көлігін ұтқан еді. Сол кезде маған «Сен жеңдің» деген әңгіме көп болды. Негізі мен жеңілдім. Тек жекпе-жек айтыста «жеңілдім» демесем де, әйтеуір «жеңілдің» демеуге болатындай дәрежеде айтысып шықтым.

Енді әртүрлі факторлар болды. Қай айтыста болсын, Орекең менен кәдімгі емтихан алатын мұғалім сияқты болатын. Әр сөзін аңдап айтатын. Есімде қалғаны, 2003 жылы болған Дулат Бабатайұлының 200 жылдығына арналған айтыс. Сол кезде марқұм Оразалыдан оңбай жеңілгенмін. Бұл маған өмірлік сабақ һәм тәжірибе болды. Бірақ өте сәтті тәжірибе десем қателеспеймін. Оның айтыстағы өнері шығармашылығыма қатты әсер етті. Соған жеткіміз кеп, айтысу стилінен сәтті жерін үйренгіміз келді. Осындай күнге жеткеніміз де соның нәтижесі шығар.
– Оның айтыстағы орнын қалай бағалар едіңіз? Өзге ақындардан ерекшелендіріп тұратын басты қасиеті қайсы? Қазір орны ойсырап тұрған жоқ па? Ақындар арасында «Оразалы мектебі» қалыптасты деуге бола ма?
– Әр ақынның айтыс өнерінде өз орны бар. Кез келген ақынның қалыптасқан стилі болады. Тіпті, оны біреу айнытпай қайталағанның өзінде де оны тек қайталаушы ғана саналады. Сондықтан Орекеңнің орны қашан да ойсырап тұрады. Оның өзге ақындардан ерекшеленіп тұратын басты қасиеті – айтысқа деген адалдығы шығар. Ол айтысқа өте адалдық танытып, айтыстың табиғатын бұзбауға тырысты. Және басқа ақындарға қарағанда қою, қазақы тілі бар еді. Ол – фольклорды бойына әбден сіңірген ақын. Тарихты тереңнен қозғап, бойына шешендік пен шеберлікті дарытқан ақын. Кез келген айтыста тыңдаушысын айрандай ұйыта алатын.
Ұмытпасам, жазушы Қалихан Ысқақ «Оразалы – қазақ айтысының барометрі» деп баға берген. Осыдан артық қандай баға бар?! Сондықтан ақындар арасында Оразалы мектебі әбден қалыптасты деуге болады. Өйткені, мен болайын, қаршадайынан қасына еріп жүрген Ернаттан да, сол сияқты Рүстемнен де Оразалының ақындығының кейбір ұшқындары көрінеді. Тіпті, оның жанында шәкірті боп жүрмеген ақындардан да соны байқайсың.
Мысалы, Болатбек Орекеңнің стилін сақтап, сол болмысты сахнаға алып шығуға тырысып жүр. Бәлкім, Оразалының мектебі қалыптасқаны ресми түрде айтылмаса да, бейресми бар деуге негіз бар.
– Оразалы суырыпсалма өнердің шебері ретінде халық жадында қалды. Алайда, айтыста оған әділетсіздік жасалғанын көпшілік біледі. Тіпті, әділқазы мүшелері аз дауыс бергенде көрермен шулап кететін. Оның айтыста қысастық көріп, әділ түрде жүлдесін алмаған сәттері көп болды ма?
– Иә, лайықты, өзіне тиесілі бас жүлдені ала алмай қалған сәттер көп болды. Ондай сәт ақынның бәрінде бар. Бірақ Орекеңдікі анық, көзге көрініп тұрғаннан кейін сондай әсерлі болған шығар. Және оның жанкүйерлері көп болатын. «Қысастық көрді» деу артықтау болар. Бірақ әділ түрде жүлдесін алмаған кездері болғаны рас. Көп болды ма, аз болды ма, бұл таразылап қарайтын адамға байланысты.

– Оразалы ақын өмірден ерте озды. Егер тірі болғанда, қазіргі айтыс пен қоғамға қандай үн қосар еді деп ойлайсыз? Бүгін Оразалы сияқты ақындардың азаюы қазіргі айтыстың рухын әлсіретіп жатқан жоқ па? Бұрынғы және қазіргі айтысқа берер бағаңыз қандай?
– Мына сұрағыңыз қызық екен. Білмеймін. Себебі, ол кезде мен таныған Оразалы 29 жаста өмірден озып кетті. Ал 40, 50 жасқа келгенде қалай ойланатынын бір Құдай біледі. Сондықтан асыра сілтеп, әспеттеп «бүйтер еді», «сөйтер еді» деп өтірік айтып, мойныма ала алмаймын. Неге «бүгін Оразалы сияқты ақындар азайып кетті» деген шешімге келдіңіз? Ақынның бәрі Оразалы сияқты болуы міндетті емес қой. Оны қайталау да қиын әрі мүмкін емес.
Қайталап айтамын, әр ақынның өзіндік орны, стилі бар. Сондықтан бүгін Оразалы сияқты ақынды іздесең де, таппайсың. Ол өзінше бір қайталанбас тұлға ретінде айтыстың аспанында жарық жұлдыз болып қалды.
– Ақынның өлмейтін өшпес мұрасы – өлеңдері, бейнежазбалары, ой-толғаулары – халыққа жеткілікті дәрежеде насихатталып жатыр ма? Сіздіңше, Оразалының мұрасын сақтау, дәріптеу бойынша не жетіспей жатыр? Бір сөзбен айтқанда, Оразалы Досбосыновты ұлықтау үшін нақты қандай қадамдар жасалуы керек? Ақынды еске алуға қатысты әдеби немесе мәдени жобаларға барып тұрасыз ба?
– Менің білуімше, 2-3 кітабы жарық көрді. Оның мұрасын түгендеу өте қиын болды. Жан-жақтан іздеп, жинақталды. Бәлкім, бұдан да тереңірек насихатталуы керек шығар. Бірақ мұнымен айналысатын Оразалы атындағы қор бар. Мүмкін, жұмыс жүйесін дұрыстау керек пе, білмеймін. Қордың маңайына топтасқан азаматтар телебағдарламаларға, басқасына жолын тауып мұрасын түгендеп, насихаттаса, бұдан да жақсы дәріптелер ме еді.
Меніңше, Оразалы ақынды ұлықтау үшін жасалып жатқан дүниелер аз емес деп ойлаймын. Әр айтыста Оразалының аты аталмаса, айтыс өтпейді. Оның өзі ұлықтаудың, насихаттаудың бір үлгісі.
Өз басым ақын Оразалы Досбосыновты еске алуға орай Алматыда өткен екі айтысқа да қатыстым. Алматы облысы, Талғар ауданына қарасты Тұздыбастау елді мекеніндегі Мәдениет үйінде еске алу кеші ұйымдастырылды. Оның басы-қасында қызы Нұрайша жүрді.
– Ақынның артында қалған тұяқтары – ұлы мен қызының жағдайын біліп тұрасыз ба?
– Өтірік айтпай-ақ қояйын, Орекеңнің ұл-қызы Нұрайша мен Нұрсұлтанның хабарын Айнұр Тұрсынбаева арқылы ғана біліп тұрамын.
– Сөз соңында, егер Оразалы ақын арамызда болғанда, оған не айтқыңыз келер еді? Бір ауыз сөз, бір шумақ арнауыңыз болса, қандай болар еді?
– Сіздің сұрақтарыңыз мистикаға байланысты екен. Бұл сұраққа да не дерімді білмеймін. Шынымды айтайын, егер Орекең арамызда болғанда не айтатыным жайында мүлдем ойламаппын. Өйткені, өмір мен өлім арасы өте алшақ екенін жақсы білемін. Сондықтан өтірік, пафос түрде жауап бере алмаймын.