Нұртай Сабильянов: Халық жұмыс істемейтін әкімді орнынан алуды талап ете алады

Елімізде 5 қараша күні 42 аудан мен 3 облыстық маңызы бар қала әкімін сайлау науқаны өтті. Қорытындыға сәйкес, халықтың 62,79 пайызы белсенділік көрсеткен алғашқы пилоттық жобаның жұмысын 1553 сайлау комиссиясы атқарған. Ал сайланған әкімдердің орташа жасы – 46,7 жас. Саяси науқанның ел дамуына берер мүмкіндігі жайында Парламент мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов айтып берді.
– Нұртай Салихұлы, 42 аудан және 3 облыстық маңызы бар қалаларда өткен әкім сайлауын демократияға жасалған қадам деп жатырмыз. Бұл саяси науқан өз деңгейінде өтті ме?
– Президент жүргізген саяси реформалардың негізінде 5 қарашада 42 аудан және 3 облыстық маңызы бар қала әкімі сайланды. Мұның бұрынғы тағайындау жүйесінен ерекшелігі, бұл әкімдерді халық өзі тікелей дауыс беру арқылы сайлады. Яғни, халық өзінің қолдайтын азаматын таңдап, мүмкіндік берді. Бұл сайланған әкімдер жергілікті халықтың алдында жауапкершілік алып отыр. Енді сол ауданның түйткілін, мұң-мұқтажын тыңдап, жиі кездесу ұйымдастырып, сайлауалды бағдарламасын орындауға міндетті.
Бұрын аудан әкімдерін облыс әкімі мәслихат келісімімен тағайындайтын. Ол кезде сайлауалды бағдарлама болмайтын. Тіпті, үгіт-насихат жұмысын жүргізген де жоқ. Себебі, өзін тағайындайтынын біледі. Ал мына жағдайда сайлау жүйесі өзгеріп, әкімдер халықтың дауыс беруі арқылы сайланады. Бұл – демократияға жасалған бір қадам. Болашақта басқа да аудан әкімдерін сайлау қарастырылады. Сол арқылы саяси реформа жүйесін әрі қарай дамыта береміз.
Бұл бір күнде, бір айда, тіпті бір жылда бола қоймас, дегенмен де біз әр баспалдақтан өтіп, қадам жасап келеміз. Әуелі референдум өткізіп, Конституцияға өзгеріс енгіздік. Одан кейін президент сайлауы, сенат депутаттары сайлауы өтті. Ал парламент мәжілісі сайлауында бір мандатты округтен 30 пайыз, 70 пайызы партиялық тізім арқылы депутат болды. Мұнда да халық өзі қолдаған азаматтарға дауыс беру мүмкіндігін пайдаланды. Демек, ауданда, ауылда, сол ауданға қарасты елді мекендерде халық кімге дауыс бергенін өзі біледі. Әрине, бұл жерде көпшілік дауыс алған әкім сайланды. Енді сол әкімдер жергілікті жұрт алдында жауапкершілік алды.
Қазір елді мекендерде мәселе көп. Тұрғын үй, жол, ауыз су, интернет мәселесі, азық-түліктің қымбаттауы, тағысын тағы. Мұның бәрін халық өзі көтеріп, айтып жүр. Аудан әкімі құзыретіне байланысты осы қордаланған түйткілдерді шешуге кірісуі керек. Бұрынғыдай креслода отыра беретін уақыт өткен. Жағдай да, мүмкіндік те басқа. Сондықтан да жаңа реформаның нәтижесі болады. Бірінші, әкімді халық сайлады. Екінші, халық сайлаған әкім қызметін адал атқаруы тиіс.
– Егер сайланған әкім 4 жыл ішінде жұмысын ойдағыдай атқармаса, халықтың орнынан алып тастауға құқы бар екенін де ескерсе... Бұған дейін «мені сендер емес, облыс әкімі тағайындады» деген өктем пікір айтатын әкімдер де болды ғой.
– Кезінде облыс әкімі кімді отырғызғысы келсе, сол тағайындалды. Оған аудандық мәслихат депутаттары қарсы бола алмайтын. Қазір де сайланған аудан әкімі облыс әкімімен бірлесіп жұмыс істейді. Бірақ жауапкершілігі облыс әкімінің емес, халықтың алдында. Сол жергілікті аудан жұртының әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын жақсартуға тырыспаған әкімді орнынан алып тастауды талап ете алады.
Сондықтан «сайландым, енді 4 жыл бойы әкім боламын» деген пиғылдан аулақ болған жөн. Бір күн болса да, аудан тұрғындарына қызмет етуі керек. Ал оның неше жыл әкім лауазымын ұстап тұратынын уақыт көрсетеді, дегенмен әр әкім алдына елге қызмет етуді ғана мақсат етіп қойған жөн. Бұл қоғам үшін жақсы үрдіс.
Көптеген азамат жүргізіліп жатқан реформаның нәтижесін көріп келеді. Оның бір мысалы осы. Мүмкіндікті халықтың өзіне берді. Аудандарда, елді мекендерде кандидаттың өзі, сенім білдірген адамдары шама-шарқынша үгіт-насихат жұмысын жүргізіп, сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Бұл азаматтардың өз ойын ашық білдіруге, таңдауын еркін жасауына туған үрдіс болашақта да жалғасын табуы керек.
– Ертең халық та өздері сайлаған әкіміне ренжи алмайды ғой...
– Мұның екінші жағы бар. Бұрын облыс әкімі мен мәслихат тағайындаған кезде халық «Бізден сұраған жоқ. Бұл кісіні танымаймыз. Сырттан алып келіп отырғыза салды» дейтін. Бұл жолы олай айтпайды. Керісінше, «бұл әкімді біз сайладық. Одан талап етейік. Кездесу өткізіп, мәселемізбен таныссын» деген талап қоя алады. Бұл халықтың белсенділігін арттырады. Себебі, сайлауға қатысу арқылы көзқарасын білдіреді және ой-пікірін, ұсынысын айтатын сәті туады. Бұрын әкіммен шаруасы жоқ еді. Енді «Біз сізді сайлағанда «мәселенің бәрін шешуге тырысамын» дедіңіз. Неге әрекет етпейсіз?» деп тікелей талап ете алады. Бір сөзбен айтқанда, әкім халқына жақын болуы керек. Жанын салып жұмыс істесе, тұрғындарда да ешқандай реніш болмайды. Елді мекендерді аралап жүрміз ғой, талай азаматтар сайланып алғаннан кейін сайлау алдындағы бағдарламасын орындауға немқұрайлы қарайды.
– Болашақта облыс, ірі қала әкімдерін сайлауға да кезек келе ме?
– Оған да келеміз. Қазір халықтың көзі ашық, көкірегі ояу. Кімді таңдау керектігін жақсы біледі. Оны парламент мәжілісі депутаттарын сайлау кезінде де, әкімдерді сайлау жүйесінде де көрдік. Бұл сайлауға мемлекеттік қызметтен тыс жүрген азаматтар қатысуға мүмкіндік алды.
– Пилоттық жоба ретінде өткен науқан нәтижесінде әлі де жергілікті сайлау комиссия мүшелерінің біліктілігін көтеру сөз болды. Сіз не дейсіз?
– Бұл аудан әкімдерін сайлау – Қазақстан тарихында өтіп тұрған алғашқы сайлау. Әрине, кемшілік болады. Бәрінің көңілінен шығу мүмкін емес. 100 адамның жартысы сізді қолдаса жетеді. Өзім 8 рет сайлауға түстім. Соның ішінде 5 рет бір мандатты сайлау округінен қатыстым. Алдыма бір ғана мақсат қойдым. Халықтың алдына барып, ашық кездесу өткізіп, мәселесімен танысып, одан кейін орындауға тырыстым. Сол кезде 51 пайыз алсам жеткілікті дедім. 8 кандидаттың ішінде 57,4 пайыз дауысқа ие болдым. Үстімнен бірде бір шағым түскен жоқ. Жұрт сізді қолдап тұрса да, басқаға дауыс беруі мүмкін. Демократияның құндылықтары осылай бірте-бірте келеді. Сайлау мәдениеті қалыптасуы қажет. Сол сияқты болашақ әкімді аудан халқының 51 пайызы қолдап, 49 пайызы басқа адамға беруі ықтимал. Бірақ өтіп тұр. Енді ол әкім болған соң, 51 пайызға ғана емес, бүкіл аудан халқына еңбек сіңіруі керек.
– Сұхбатыңызға рақмет!