7 Маусым 16:20

NU-да 10-бітіруші түлектер диплом алды

Асхат Аймағамбетов
Фото: NU

Биыл NU-да 1 500-ден астам түлек, оның ішінде 54 шетелдік студент диплом алды.

Әлемдегі ең мықты жоғары оқу орындарының үлгісінде өткен бұл рәсімге курстың үздік студенттері, ЖОО басшылығы мен профессорларының, Парламент депутаттарының, университеттің Қамқоршылық кеңесі мүшелерінің, министрліктер мен компаниялар өкілдерінің, сондай-ақ өткен жылдардағы түлектер қатысты. 

Академиялық сап түзеуден басталған салтанатты рәсімнің бас маршалы ретінде биыл бұл мәртебе Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебінің профессоры Майкл Льюиске бұйырды. Ол университет рәсімінің маңызды атрибутына айналған скипетрмен сахнаға шықты. Шаңырақ пен кристалдан тұратын ұлттық қамшы пішінінде жасалған бұйымның 5 қыры ЖОО-ның стратегиялық мақсаттарын бейнелейді.

Дәстүр бойынша бакалавриат және магистратура бағдарламаларының барлық түлегі мантия киіп, сахнадан жүріп өтіп, өз орындарына жайғасты. Қазақстан әнұраны орындалған соң NU президентінің міндетін атқарушы Илесанми Адесида, ҚР Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов түлектерге арналған құттықтау сөз сөйледі.

NU
NU

NU президентінің міндетін атқарушы, доктор Илесанми Адесида: «Университет адалдық пен мінсіздікке талпынған талантты студенттерін мақтан етеді. Құрметті бітірушілер, NU-ды сәтті аяқтауларыңыз құтты болсын!

Бұл – сіздер және отбасыларыңыз үшін үлкен жеңіс. Дипломды қолға алу үшін аянбай еңбек еткендеріңізді білемін. Сіздер күш-жігер, білім мен табандылықтың арқасында осы күнге жеттіңіздер. Білім нәрімен сусындауды әрі қарай жалғастырып, таным көкжиектеріңізді кеңейтіп, alma-mater қабырғасында жүріп үйренгендеріңізді әлеммен бөлісетіндеріңізге кәміл сенемін», – деп түлектерге ақжол тіледі.

Биыл 1 507 адам диплом алса, оның 54-і – шетелдік студент. Атап айтқанда, 1 038 бакалавр, 408 магистр, 42 PhD және 19 медицина докторы. Жаратылыстану, гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектебі (565 түлек) және Инженерлік және цифрлық ғылымдар мектебі (582 адам) ең көп маман дайындады. Сондай-ақ, медицина мектебін 139 студент, Тау-кен ісі және жер туралы ғылымдар мектебін 57 адам бітірсе, Жоғары Бизнес, Білім беру және Мемлекеттік саясат мектептері 164 маман дайындады.

Назарбаев университеті
NU

«Осы төрт жыл ішінде біз көп нәрсені бастан өткердік. Пандемия кезеңі, саяси өзгерістер және тағы басқалары. Осы қиындықтарға қарамастан, біз бүгінде әлем университеттерінің үздік 30 пайызына кіретін университетті бітіріп жатырмыз. Зерттеу жұмыстарын жүргізу қабілетіміз бен сіңірген ақыл-ойды университетке, елімізде және адамзатқа көмектесу үшін қолдануға міндеттіміз деп санаймын. Компьютерлік ғылымдар маманы ретінде мен теміржол қауіпсіздігі жүйесі бойынша жұмыс істедім және оның жақын арада жүздеген адамның өмірін сақтап қалуға көмектесетініне қуаныштымын», – деді NU-дың Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебінің түлегі, студенттік үкіметінің бұрынғы президенті Ерасыл Қадыржанов.

Ал үздік бітірген 10 түлекке диплом табыстаған ҚР Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов: «Университет миссиясы – мемлекеттік саясат, бизнестен бастап, білім мен ғылымға дейін еліміздің экономикасының түрлі саласындағы өзгерістердің басында тұратын біліктілігі жоғары мамандарды даярлау.

Бар-жоғы 14 жылдың ішінде NU жоғары білім саласы бойынша халықаралық қауымдастықтың ішінен өз орнын тауып, беделді TimesHigherEducation рейтингінде әлем бойынша үздік зерттеу университтерінің 30 пайызының, сондай-ақ Азияның үздік университеттерінің 11 пайызының қатарына кірді.

Университет оқытушыларының, зерттеушілерінің, новаторларының, кәсіби әкімшілік қызметкерлерінің және басшылығының бірлескен жұмысы оны Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі, сондай-ақ алыс және жақын шетелдегі талантты жастар үшін тартымды етті. Студенттер мен түлектердің жеткен жетістігі Университеттің жаһандық жоғары білім картасындағы беделі мен ұстанымын нығайтады», – деді.

Назарбаев университеті
NU

Сонымен қатар түлектерді оқу бітіруімен ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек құттықтады. Ол биыл бітіріп отырған үздік магистрлер мен докторларға дипломдарын табыстады.

«Сынға және кейбір жеке пікірлерге қарамастан, NU – елдің негізгі зерттеу университеттерінің бірі. Елдегі инновациялық зерттеулер мен жоғары білімге жетекшілік ете отырып, ол сіздер сияқты талантты көшбасшыларды тәрбиелейді. Мен өз сөзімді NU оқытушылары мен басшылығына, ғылыми инфрақұрылымға, сіздердің адалдықтарыңыз бен еңбекқорлығыңызға алғыс айтудан бастадым. NU әлемдегі ең үздік 100-ге жуық жас университеттің және Азиядағы үздік ЖОО-лардың 11%-ы қатарына кірді және, әрине, Қазақстандағы №1 зерттеу университеті болып отыр», – деді Саясат Нұрбек.

Ол сондай-ақ мемлекет ғылыми зерттеулерге, инновациялық жобаларға және жоғары білім беруді дамытуға инвестиция салуды, сондай-ақ жас мамандарға қолдау көрсетуді жалғастыратынын айтты.

Жалпы айтқанда, Инженерия, жаратылыстану ғылымдары, технологиялар және гуманитарлық ғылымдар салалары бойынша барлығы 8 746 адам NU диплом алды. Биылғы түлектерді және оқуын жалғастырып жатқан студенттерді қоса санағанда, NU «ДНҚ-сын тасымалдаушы» қауымдастығына кірген 15 мың жас академиялық адалдық пен транспаренттілік қағидаларын ұстануы, сыни ойлау қабілеті мен білімге құштарлығы, бастамашылдығы жағынан көзге түседі.

Биыл жұмысқа тұрған NU түлектерінің шамамен 92%-ы (5 277) Қазақстан экономикасының игілігіне қызмет етіп жатса, 8%-ы (458) әлемнің жетекші компанияларында тәжірибе жинауда. Олардың басым бөлігі білім мен ғылым, ақпараттық технологиялар, өндіріс пен өнім өндіру, сондай-ақ қаржы секторында жұмыс істейді.

Айта кету керек, NU-ды бітірген 10 бакалаврдың төртеуі Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарында, соның ішінде NU-да немесе шетелде оқуын жалғастыруда. Олардың білімі Колумбия, Гарвард университеттерінде, Массачусетс технологиялық институтында, Сингапур ұлттық университетінде, Сеул ұлттық университетінде, Король Абдалла атындағы Ғылым және технологиялар университетінде, Мұхаммед бен Заид атындағы Жасанды интеллект университетінде және тағы да басқа білім ордаларында жоғары бағаланып келеді.