«Назарбаевтың қолындағы көзір» – Тоқаев Сыроежкинді не үшін кешірді?
2019 жылы қытайтанушы ғалым, саясаттанушы Константин Сыроежкин «мемлекетке опасыздық жасағаны үшін» 10 жылға сотталған болатын. Бірақ биыл көктемде ол мерзімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шыққан-ды.
Саясаттанушы Андрей Чеботарев әлеуметтік желідегі парақшасында былай деп жазды: «Өтіп кеткен жаздан да бір жақсы жаңалық! Президент жанындағы кешірім беру жөніндегі комиссияның ұсынысымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің жарлығымен белгілі ғалым-қытайтанушы, саясаттану ғылымының докторы, профессор Константин Сыроежкинге кешірім берді. Осыған байланысты енді оның соттылығы алынып тасталады, барлық құқығы қалыпқа келеді. Қысқасы, Әділет орнады! Әріптесіміз әрі ұстазымызға мықты денсаулық пен ғылымда табыс тілейміз!».
2019 жылы Сыроежкин «мемлекетке опасыздық жасады» деген айыппен 10 жылға сотталғанда сот үкімі туралы саясаттанушылар түрлі пікір білдірген. Оны «президент Тоқаевқа ықпал жасау үшін Назарбаев әдейі қамауда ұстап отыр» деген де пікірлер айтылған. Оның өзіндік себебі бар көрінеді.
Мәселен ҰҚК-нің отставкадағы полковнигі, Швейцарияға қашып кеткен Елжан Тұрсымбеков «Сыроежкин Тоқаевқа қысым жасау құралы болуы мүмкін» дегенді 2019 жылы «Азаттық» тілшісіне айтқан.
«Сыроежкин – Нұрсұлтан Назарбаевтың қолындағы көзірі, егер Тоқаев «Мұрагер» жоспарынан ауытқитын болса, қарсы қолданады. Сотталушыда Қазақстан мен Қытай арасындағы мемлекеттік шекарасы бойынша келісімдердегі Тоқаевтың рөлі туралы компромат материал болуы мүмкін. Мұны Тоқаевтың қарсыластары оған қарсы «мемлекетке опасыздық жасады» деп қолдануы ғажап емес. Өйткені Конституция бойынша мемлекетке опасыздық жасау – президентке импичмет жариялауға болатын бірден-бір себеп», – деген еді ол.
К.Сыроежкинді 2019 жылы ақпанда Қазақстанның арнайы қызметі ұстаған болатын. Сол жылы Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты синолог-ғалымды 10 жылға соттады. Бірінші сатыдағы сот оны азаматтығынан айырып, елден қуу туралы жаза тағайындағанымен, апелляциялық сот үкімнің бұл бөлігін бұзды.
Сол тұста The Wall Street Journal дереккөзіне сүйеніп, «Сыроежкин әлдебір құпия құжаттарды Қытайға беріп, сол үшін ақшалай сыйақы алған болуы мүмкін» деп жазған. Бірақ қытай тарапы бұған қатысты «саусақ сорып отырып құрастырылған іс» деген баға бергенін де атап өткен.
Естеріңізге салайық, К.Сыроежкин КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті жоғарғы мектебінің түлегі, сондай-ақ Қытай бойынша жетекші мамандардың бірі саналады. Ол мыңнан аса мақаланың авторы. 2006 жылдан бастап Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының жетекші ғылыми қызметкері болған.
Айтпақшы, Констанитн Сыроежкин Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-министр болып тұрғанда оның Қытай бойынша кеңесшісі қызметін атқарған. «Назарбаевтың қолындағы көзір» дегенде кейбіреулер осы жайтты меңзесе керек.