Мұрат Әбенов, депутат: Халық барлық билікті өзі сайлауы керек

Елімізде тағы бір саяси дода келе жатыр. Бұл жолы халық 42 аудан мен облыстық маңызы бар 3 қала әкімін сайлауға құлшынып отыр. Себебі, халық өзі сайлаған әкімнің жұмысына баға беріп, тіпті орнынан алып тастауға да құқы бар. Сондықтан аудан мен қала әкімдеріне жүктелетін талап та, міндет те оңай емес. NEGE тілшісі бұл сайлаудың маңызы мен саяси реформалық жүйедегі орны туралы Парламент мәжілісінің депутаты Мұрат Әбеновтен сұраған еді.
– Мұрат Абдуламитұлы, халықтың өзі толықтай атсалысатын саяси реформа туралы не айтасыз?
– Аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлау конституциялық реформалардың жалғасы іспеттес. Себебі, конституцияға реформа жасағандағы негізгі мақсат – халыққа өз билігін қайтарып беру. Жақында Республика күнін жалпы халықтық деңгейде атап өттік. Бұл күн қайтадан бұрынғы маңыздылығына ие болды. Ең бастысы, мемлекеттің негізгі мерекесі ретінде тойланды. Себебі, республика деген ұғымның өзі – халық билігі деген сөз. Ал халық барлық билікті өзі сайлауы керек. Президентті, парламент депутаттарын, енді әкімдерді сайлайды.
Демек, республика – ол халық. Саяси жүйеге өзгеріс енгізіп, реформаларды жүзеге асырған кезде алдымен президент сайлауы өтті. Содан кейінгі кезекте парламент жүйесі өзгертілді. Бұрынғыдай партиялық тізіммен ғана емес, бір мандатты округтен өзін-өзі ұсынған депутаттар да өтті. Демек, саяси реформаға халық 100 пайыз өзі атсалысты.
Осы тұрғыда әкімдерді сайлау жүйесі тасада қалып қойғандай көрінген. Бізде бұған дейін аудан әкімдері де тағайындалып келді. Бір қарағанда, халыққа жақын билік осы әкімдер. Міне, осы реформа арқылы халық та өзінің өкілетті билігін, атқарушы билігін өзі сайлай алатын деңгейге жетті. Нәтижесінде халық тікелей билікке әсер ете алады. Кез келген аудан әкімі жоғарыдағы облыстық әкімге емес, халыққа тәуелді. Сол үшін электорат алдына барып, сайлауалды уәдесін береді. Берген уәдесін, нақты жүктелген міндеттемесін орындау үшін әрекет жасайды. Ең бастысы, ертеңгі күні осы атқарған жұмыстарын қорытындылап, есеп береді. Әрине, бұл жүйе соншалықты идеалды деп айта алмаймыз. Біріншіден, бәрі 100 пайыз білікті, білімді әкімдер сайланады деу қиын.
Тіпті, олардың ішінде уәдені үйіп-төгіп беретін, шын мәнінде ештеңе бітірмейтін үміткер де кездесуі мүмкін. Яғни, ішінара әдемі сөйлеп, құлаққа жағатын әңгіме айтатындар да болады. Екіншіден, біздің азаматтарда да айтарлықтай тәжірибе жоқ. Мысалы, ауқымды жұмыс атқара алатын, бағдарламасы тиянақты әкімдерді сайламай, әлгіндей сырты жылтыраған, жұрттың көңілінен шығуға тырысқандарға дауыс беруі де ғажап емес. Дегенмен, мұның өзі керемет жарнама. Осылайша, біртіндеп демократиялық қоғам құндылықтарына үйрене бастаймыз. Одан қорқудың қажеті жоқ. Кейбіреулер «Әкімді бұлай сайлау – бізге ерте» дейді. Ешқандай да ерте емес. Үшіншіден, әкімдер қалай сайланады, ертесі күні кез келген тұрғын әкімнің алдына барып мәселені төтесінен қоя алады. «Біз сені сайладық! Жұмыс істемесең, орныңнан алып тастауға құқымыз бар» дей алады.
Бұрынғы әкімдер халықтың бетіне айтпаса да, бірақ ішінара немесе жабық кездесулерде «Мені қойған сендер емес, облыс әкімі тағайындады. Соған жақсам болды, менде жұмыстарың болмасын» деп доқ көрсететін. Бұдан былай олай айта алмайды, айтса керісінше бәлеге қалады. Ол ол ма, облыс әкімі аудан әкіміне «Мен сені осы қызметке әкелдім. Менің айтқанымды істемесең, заңсыз шешімді іске асырмасаң, құртамын, алып тастаймын» деуге дейін барды.
Ал қазір мұның бірі де болмайды. Халық сайлаған әкімді халық қана немесе заңдық жолмен ғана алып тастай алады. Енді облыс әкімінің құзыреті жоқ. Сол себептен аудан әкімдеріне де, облыс әкімдеріне де сыбайлас жемқорлық жасауға қиындық туады. Көп жағдайда ашық шешімге баруы керек. Бірінші жағынан, облыс әкімі өзіне жақпай қалған әкімді алып тастауы өте қиын болады. Екінші жағынан, аудан әкімдері облыс әкімдеріне ойын ашық айта алады. «Мынауыңыз дұрыс емес, халыққа не деймін? Ертең маған жабылса, сіз мені қолдамайсыз ғой. Сондықтан жергілікті жұрттың пікірімен санасамын» деудің реті келеді. Бұл әлі бастамасы ғана. Бізге әлі үйреніп, тәжірибе жинау керек. Саяси мәдениетті, құқықтық мәдениетті біртіндеп санаға сіңіреміз. Құр сөз бен нақты істі ажырататын боламыз. Әрине, оған уақыт керек. Бірақ бұл саяси реформа жүйесі өте дұрыс.
– Бұл пилоттық жоба ойдағыдай сәтті жүзеге асса, келесі деңгейде республикалық деңгейдегі қалалар, яғни Астана, Алматы қаласының әкімін сайлауға келеміз бе?
– Әрине, бұған да біртіндеп келеміз. 42 аудан мен 3 облыстық маңызы бар қалалардағы әкім сайлауның жақсы өтуі тек әкімдердің, саясаткерлердің, партиялардың ғана емес, бүкіл халықтың жауапкершілігі. Халық та өз құқын пайдаланып, өз билігін өзі сайлай алатынын көрсетуі керек. Өкінішке қарай, авторитарлық кезеңде қоғамның кей өкілдерінде «Менің қолымнан ештеңе келмейді. Ештеңе шешпеймін, жоғары жақ біледі. Биліктің бәрі соларда. Заң солардың қолында. Барлық шешімді биліктен күтуім керек» деп қалыптасқан жаман үрдіс болды. Мұндай адамдар тек қана билікті сынайды, бірақ өздері ештеңе істегісі келмейді. Демек, әкімді сайлаған халық та алдағы уақытта өзгереді.
Себебі, ертең халық әкімін жамандаса, «Өзің сайлап алдың ғой?! Неге сайладың? Ұнамай ма, қарсы шықпадың ба?» деп ашық айтамыз. Сонда мұндай сайлаудың пайдасы – халық өзі сайлаған әкімінің жұмысына жауапты болады.
«Мен сайладым. Оның кемшілік тұсы болса, барып айтуым керек. Қолынан келмесе, көмектесуім тиіс. Неге десеңіз, бұл – өзім сайлаған билік. Оның қызметте отыруына мен де жауаптымын» деген көзқарас пайда болады. Сондықтан аудан әкімі де облыс әкіміне емес, тікелей халыққа тәуелді болып, өзіне екі есе жауапкершілік жүктесе, халықта да солай. Яғни, президент облыс әкімін тағайындаса да, ал облыс әкімі аудан әкімін алып келеді деген жүйе құрдымға кетеді. Аудан деңгейінде халық өз билігін өзі сайлайды. Бұл үлкен саяси өзгерістердің бастамасы.
– Сайлауға өзін-өзі ұсынғандар – 57,93 пайыз екен. Оларға қойылатын талап қандай болу керек?
– Бәрінен де бұл тәжірибе. Билікке мемлекеттік қызметтен тыс жүрген азаматтарды жақындатпаса, «жақындатпады» дейді. Меніңше, аудандық, қалалық деңгейде бәрін жоба ретінде ұсынып көруіміз керек. Мықты актердің де президент болғанын көріп жүрміз. Бәлкім, кәдімгі шенеунік әкім болса, ертеңгі күні де шенеуніктің әрекетімен жұмыс істеуі мүмкін. Яғни, бұрыннан келе жатқан танысы, туысын жинап, шешімді халық үшін емес, жеке басының, айналасындағының қамын күйттеген адамның керегі бар ма? Мүмкін, керісінше сырттан келген адам дұрыс па? Мұндай да ой келеді. Талай өңірге барып жүрміз ғой, солар керісінше сырттан келген әкімнің жемісті жұмыс істейтінін айтады. Әкім ешкімге тәуелді болмай, жалтақтамай жұмыс істеуі қажет. «Көш жүре түзеледі» демекші, бәрі оңынан болады деп ойлаймын.
– Сұхбатыңызға рақмет!