Мия тамырының пайдасы: Жетісайда мия өсімдігін өңдейтін ерекше кәсіпорын іске қосылды
![Мия косметика](/static/img/plug.jpg)
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының аудан-қалаларға инвестиция тарту арқылы әлеуметтік-экономикалық ахуалды жақсарту, өндірістік кәсіпорындардың санын арттыру, тұрғындар арасында жұмыссыздық деңгейін төмендету бойынша тапсырмасына сәйкес Жетісай ауданында іске қосылған жобалардың бірі – мия тамырын қайта өңдеу кәсіпорны.
Түркістан, NEGE. Жетісайда өсірілген мия тамырларынан косметика мен дәрі-дәрмек шығару жоспарланған. Алдағы уақытта өндірісті осында ашу көзделген.Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды аталған кәсіпорынға арнайы барып, жұмысымен танысты. Іскер азаматтарға, белсенді кәсіпкерлерге қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Аудан әкімі мен жауапты басқарма басшыларына осы бағытта жұмысты жалғастыруды тапсырды.
«Kasym ASES» ЖШС жеке қаржысы есебінен 600 млн теңгеге іске қосылған кәсіпорынның қуаттылығы жылына 10 мың тонна. Биыл жүзеге асырылған І кезеңде 56 адамды, келесі жылы жүзеге асатын ІІ кезеңде тағы 50 адамды тұрақты жұмыспен қамтымақ. Кәсіпорын алдын ала болжам бойынша мия тамырының келісін 120 теңгеден төмен қабылдамайды.
Мия тамыры косметология саласы мен аспаздықта коктейль жасауға арналған көбіктендіргіш заттар мен квас, сыра, алкогольсіз сусындар, халуа, шоколад, карамель, диеталық кисель дайындауда табиғи тәттілендіргіш ретінде қолданылады. Ал медицинада пневмония кезінде құрғақ жөтелді емдеуге, бронх қабынуынан туындаған жөтелде, жамбас, тонзиллит, туберкулез, көмейдің қабынуы кезінде дауысты қалыпқа келтіруге, сондай-ақ, қуықалды без аденомасы, бүйрек және зәр шығару жолдарының аурулары, асқазан-ішек жолдарының аурулары, омыртқа мен буын аурулары, артрит, ревматизм, омыртқа және басқа да дерттерді емдеуге қауқарлы, ерекше күшті өсімдік.
Айта кетейік, соңғы 5 жылда ауданға 90,2 млрд теңге инвестиция тартылса, 2024-2030 жылдар аралығында 419,6 млрд теңге инвсетиция тарту жоспарлануда. Нәтижесінде, 2,17 млрд теңге салықтық түсімдердің түсуі күтілуде. 2030 жылға дейін негізгі капиталға тартылатын инвестиция көлемі 3,8 есе өседі деп күтіліп отыр.
Биылдың өзінде аудан аумағында құны 8,2 млрд теңгені құрайтын 11 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Нәтижесінде 959 жаңа жұмыс орны құрылады.Түркістан облысында Мемлекет басшысының инвестиция тарту бағытындағы тапсырмасына байланысты қарқынды жұмыс жүріп жатыр. Облысқа жыл басынан 888,5 млрд. теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 17,7%-ға артты. Ал жыл басынан бері тікелей шетелдік инвестиция көлемі 685 млн. АҚШ долларын құрап, жылдық жоспар 1,5 есеге артығымен орындалды.
![Мия өндірісі Мия өндірісі](https://img.nege.kz/nege-photobank/media/2024-12-10/aa3eeb86-7ed4-48de-8649-faf55144b67e.jpeg)
Сапар барысында өңір басшысы жергілікті шаруалармен кездесті. Жаңа тәсілмен мақта еккен диқандар өнімнің сапалы әрі артық жиналғанын айтып, жақсы жаңалықтарымен бөлісті.
Биыл өңірде 106 мың гектарға мақта егілді. Енді заманауи суды үнемдеу технологияларын қолдана отырып, мақтаның элиталық сорттарын өсіруді және шикізатты терең өңдеуді қамтитын мақта-тоқыма кластерін құру қолға алынды. Мақта егудің жаңа тәсілі ақ алтынның өнімділігін 3 есе артып, көрсеткіш гектарына 70 центнерге жетуі тиіс.
Қызылмия, мия тамыры, тәтті тамыр, хунчир – ежелгі дәуірден бастап азық-түлік және емдік дәрі ретінде жоғары бағаланды. Ол тибет, ежелгі қытай медицинасында да қолданылған. Кезінде Үндістаннан Моңғолияға дейінгі аумақты мекендеген көшпенді скифтер де қызылмия тамырын пайдаланған. Ал гректер кезінде Дон өзенінің төменгі жағалауын мекендеген халықтан және Дунайдағы көшпелілерден қызылмия тамырын сатып алатын болған. 1778 жылы шыққан алғашқы орыс фармакопеясында мия тамыры туралы да жазба бар.
Қызылмия Ресейдің далалы және шөлейтті аймақтарында, Солтүстік Кавказда, Дағыстан, Орта Азия, Әзірбайжанда, Жайық өзенінің жағалауында өседі.
Жалаң мия – бұл бұршақ отбасынан шыққан, тамыры терең топыраққа бойлап өсетін, жуан ағаш тамырсабақты көпжылдық шөптесін өсімдік. Оның ұзындығы 1,5 метрге жетеді. Жапырағы – күрделі, кезекті, қысқа шыбықты және ол жабысқақ желімтекті болып кедеді. Қызылмияның өзі маусым және тамыз айларында гүлдейді. Ал жемістер тамыз-қыркүйек айында піседі.
Қараша немесе наурыз айларында 4-жылдық жалаң мия тамыры медициналық мақсаттарда жиналады. Жерден қазып алынған тамырларды топырағын түсіру үшін жылдам суық сумен жуып, қабығынан тазартып, күннің астында немесе жақсы желдетілетін бөлмеде кептіру қажет. Ескере кетейік, тамыр сары түсті болғанша кебуі тиіс, және ол жақсы сынғанымен, үгітілмеуі керек.
Ал, мия тамырының әсері 10 жылға дейін сақталады. Бірақ, қызылмия тек дәрілік мақсаттарда ғана қолданылмайды. Мысалы, мия тамырлары мен тамыр сабақ қосылып жасалған қайнатпа Орталық Азияда жүн бояу үшін қолданылады.
![Мия Мия](https://img.nege.kz/nege-photobank/media/2024-12-10/6dd4c901-434d-4729-8b52-c4fb19fe8f7a.jpeg)
Мия тамырын аспаздықта коктейль жасауға арналған көбіктендіргіш зат және квас, сыра, алкогольсіз сусындар мен халва, шоколад, карамель, диеталық кисель дайындауда табиғи тәттілендіргіш ретінде қолданылды.
Ал Шығыстың көптеген елдерінде мия тамыры адамтамыр секілді өмірлік қуатты арттыру үшін шай немесе тағамдық қоспалар түрінде қолданылады. Жалаң мия тамыры мен тамыр сабағының химиялық құрамы бірегей! Олардың құрамында 23% гликирризин сапарин бар. Дәл осы зат мияға тәтті дәм береді.
Сондай-ақ, мия тамыры мен тамыр сабақтың құрамында 30 флавоноид (ликвритин, кверцетин және басқалары), моносахаридтер, дисахаридтер, крахмал, пектиндер, шайырлар, қышқыл, салицил қышқылының туындылары, кумариндер, таниндер, алкалоидтар, эфир майы, органикалық қышқылдар, калий, кальций, марганец, темір, магний, мыс, мырыш, хром, алюминий, селен, қорғасын және т.б. бар.