12 Шілде 16:29
...

Мимырт жүріс: Қолды болған миллиардтар қалай қайтады?

Фото:

«Қайтқан малда қайыр бар». Еуродақ Қазақстаннан заңсыз шығарылған қаржыны қайтаруға жәрдемдеспек. Орталық Азия жөніндегі арнайы өкіл Тери Хакала Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бектеновпен кездесу барысында осындай уәде берді.

«Агенттіктің еуропалық серіктестермен өзара іс-қимыл мәселесінде ашықтығы мен дайындығын баса көрсеткім келеді. Біз Қазақстаннан Еуропаға шығарылған активтерді қайтару мәселесінде қолдау көрсетуге әзірміз», – деді өкіл.

Шетелге заңсыз шығарылған ақшаны қайтару мәселесі қаңтар айынан бері биік мінберлерден жиі айтылып келеді. Сарапшылардың пікірінше, бұл – қиын, күрделі және ұзаққа созылатын, бірақ міндетті түрде атқарылуы тиіс шаруа. Оның себептерін сарапшылар NEGE-ге былай деп тарқатып берді:   

Ермұрат Бапи, журналист:

Ұрлықы ақшаның қайда екені белгілі

– Қазақстан билігі тарапынан шетелге кеткен миллиардтаған долларды қайтару жөнінде құзырлы, саяси шешім болса, шетелдік ұйымдар, халықаралық ұйымдар жәрдем беруге қашан да әзір.

Бірақ бұл жерде бір түйткіл бар. Меніңше, шетелге кеткен ақшаның бәрін жаппай қайтару мәселесі қозғалуы қажет. Мәселен, Нұрсұлтан Назарбаевтың және оның отбасының ақшасын қайтару жөнінде. Егер ішінара, «біреудің көзі, біреудің өзі жақсы» деп іріктеп, бәріне бірдей сұрау салмаса, бұл жартыкеш дүние болады.

Бізде шетелдегі ақшаны қайтару тәжірибесі бар. Бірақ оған мүдделілік танытқан – тек қана АҚШ еді. Қазақстан болса, ол қаржыны қайтарғысы келмеді. Керісінше, «Қазақгейттің» ақшасын жауып, жасырып, «ұрлықы ақша емес» дегенге дейін барды.

АҚШ-тың парақорлыққа қарсы заңдары қатаң. Сондықтан бұл алпауыт ел америкалық компанияның Қазақтан президентіне (Назарбаевқа – ред.) пара бергені жөніндегі істі сотқа дейін жеткізді. Сот шешімімен, «Орталық барлау басқармасына қызмет етіп, солардың тапсырмасымен жасадым» деп, Гиффен толық мойындағаннан кейін ғана, қомақты қаржы «Бота» қорына аударылды. Қазіргі жағдай мүлде басқаша.

Менің ойымша, шетелге кеткен капиталды қайтаруға ведомствоаралық комиссияның білім-білігі жетіспейді. Тек қана күштік құрылымдардың ғана мамандарын мүше еткен. Шетелдердегі ақшаны қайтару үшін шетелдің заңдарын, қаржы, банк саласын, олардың ішкі құйтырқылығын бес саусағындай білетін маман керек. Және мұндай адамдар комиссияның құрамында болуы тиіс.

Коллаж: ғаламтордан

Ал жемқорлыққа белшесінен батқан прокурорлар қайбір қарық қылмақ? Комиссия құрамы сапалық жағынан күшті болуы қажет. Арнайы жалақы төлеп, кезінде бірнеше офшордағы есеп-шоттарды ашқан шетелдік институттарды жалдау керек.

Ақшаны қайтарудың жаппай науқанын жүргізу – кезек күттірмейтін нәрсе. Бұл мәселенің қозғалғанына жарты жылдан асып кетті. Ұйымдастыру шаралары әлі бітпеді. Мимырттықпен мұндай шаруа шешілмейді. Капиталды қайтаруға саяси тұрғыдан да баса мән берген жөн. Қазақстанда жұмыс істейтін барлық мүдделі ұйымдарды тарту ләзім. Сонда бұған деген Қазақстанның мемлекеттік мүдделілігі байқалады.

Сонымен қатар, тығылған қаржыларды зерттеп, анықтап қойған шетелдегі қазақстандық оппозицияның бюросы бар. Жетекшісі – Серік Медетбеков. Бұл ұйымды да іске жұмылдырса, құба-құп. Осы мәселемен 7-8 жыл көлемінде тікелей айналысып жүрген Әкежан Қажыгелдинді де тартқан ләзім. Былтыр Мұхтар Әбілязов ютуб арқылы бірнеше фильм таратты. Онда нақты шоттардан бастап, төлем тапсырмаларына дейін көрсетілді. Сондықтан қаржыны іздеудің де қажеті жоқ. Көрсетілген есеп-шоттар бойынша сұрау салса, сол да жеткілікті.

Саяси шешім мықты болса, халықтық қолдау күшейеді. Сонда ұрлықшылар мемлекеттік комиссияның ғана емес, халықтың да пәрменін сезінуі керек деп ойлаймын.

Атамұрат Шәменов, экономист:

Сыртқа шығармау, оған тосқауыл қою да – өте үлкен шаруа

– Шетелге заңсыз шығарылған ақшаны қайтару оңай шаруа емес. Біріншіден, банк жүйесінде әр салымның құпиясы болады. Жұрт ол жақтан шот ашып, ақшасын салғаннан кейін өзінің меншігі ретінде есептеледі. Банк жүйесі оңайлықпен өз дүниесін басқаларға қайтарып бере салмайды. Оны қайтару жолы – халықаралық заңнамалар. Сыбайлас жемқорлық, көлеңкелі экономика арқылы тапқан ақшаны қайтаруға болады. Онда да ізденіс жасап, күмәнді жолмен табылға ақша екенін дәлелденген жағдайда ғана қайтарылады.

Шетке кеткен ақша қайтарылады деген әңгіменің өзі жақсы. Жұрт «көзді жұмып, ақшаны шетелге тықсақ, ештеңе болмайды екен» деген ойдан аулақ болады. Сұрауы бар екенін біледі.

Бұл қаржы түбі бір қайтар. Енді сыртқа шығармау, оған тосқауыл қою да – өте үлкен шаруа. Сондықтан бұл бастаманы қолдау керек. Ерте ме, кеш пе, заңсыз тапқан, шетелге тыққан ақша үшін сол елдерден сұрауы болады. Есеп-шот ашылған соң, қазіргі дамыған заманда оның ізін жасырып қала алмайсың. Сондықтан заңсыз аударылған, қылмыстық жолмен табылған ақша елге ерте ме, кеш пе, бәрібір қайтады деп сенуіміз керек.

Сайын Борбасов, саясаттанушы:

300 миллиард доллардың 100 миллиардын қайтарсақ та, үлкен олжа

– Меніңше, банктегі ақшаға қарағанда, жылжымайтын мүліктерді, яхталарды, ұшақтарды қайтару оңайға түседі. Себебі, көзге көрініп тұрады. Иесі Назарбаев екенін, жалған иесінің атына жазылғанын анықтауға болады.

Сосын әр мемлекет өз пайдасын ойлайды. Бюджетіне ақша құйылып, салық төлеп тұрса болды. Түптің түбінде мұнымен айналысу керек. Бәрін еркіне жіберіп, ұлттық байлығымызды талан-таражға салып кеткен адамдарды ешқандай жауапқа тартпай, оңай олжа көріп, пайдаланып кетсе, масқара боламыз. Сондықтан мемлекет сот процесі бірнеше жылға созылса да, қажырлы түрде қаржыны қайтарумен айналысуы керек.

Менің есебімше, шетелге кеткен, жылжымайтын мүліктерге құйылған қаржы бізде 300 млрд доллардан асып жығылады. Тым құрыса, соның 100 млрд долларын бірнеше жылда қайтарып алсақ та, үлкен олжа. Бұл – біздің жарты жылдық бюджетімізден көп қаржы.

Бұл мәселемен үнемі айналысып, пайда табатын ұйым құру керек. Мәселен, 1 миллиард долларды қайтарса, 100 мыңын пайдасына алсын. Адвокаттарға 20 пайызын дейін беруге де болады. Адвокат жалдау, сот процесін жүргізу қымбат тұрады. Оны жүргізе алатын мамандар Қазақстанда жоқтың қасы. Шетелдіктерді жалдауға тура келеді. Олар аз ақы сұрамайды.

Шетелге кеткен қаржыны қайтарудың тәрбиелік те маңызы бар. Мұны көрген бүгінгі басшылар ақша жеуден тартынатын болады. Бұл – әлеуметтік әділеттілік, кадрларды тәрбиелеу, қоғамды тұрақтандыру мәселесі.

Тегтер: