MEGA бір жылда 15 миллиард теңге таза кіріс әкелді. Нұрлан СМАҒҰЛОВ ақшаны Қазақстанда ұстаудан НЕГЕ қорқады?
Нұрлан СМАҒҰЛОВ Қазақстанда тапқан табысын шетелге ең жылдам аударатын кәсіпкер ретінде тарихта қалуы мүмкін. НЕГЕ?
Себебі, басқа кәсіпорындар жылдың қорытындысы шығып, қаржылық есеп аудиттелгеннен кейін, тек кем дегенде екі аптадан соң дивидендті үлестіру бойынша шешім шығарады. Ал Смағұловта Mega-дан түскен таза пайда үш күннің ішінде Сингапурдегі «A.G. OVERSEAS» басқарушы компаниясының шотына аударылатын болған.
Кәсіпкер Нұрлан Смағұлов. Фото: «Astana Motors»
Әрине, өз табысы болғандықтан Нұрлан Еркебұланұлы оны қалай аударады, кімге аударады, өзі біледі. Бастысы – мемлекетке салық төленді.
«Mega Center Management» АҚ 2022 жылдың аудиттелген қаржылық есебі. Аудитор: PWC
Алматыдағы екі және Астанадағы бір Mega сауда және ойын-сауық орталықтарына иелік ететін «Mega Center Management» компаниясы 2022 жылы таза кірісін 2,3 есеге, яғни 6,6 миллиард теңгеден 15,2 млрд теңгеге дейін өсірді. Аудиттелген қаржылық есептілікке қарасақ, таза табыстың өсуі операциялық пайданың 1,8 есе артуына, сондай-ақ сату көлемінің өсіп, ал басқа операциялық шығындардың азаюына байланысты болды.
Сонда 2022 жылы Мега-лардағы жалға алу ақысы кемінде 50 пайызға өскен. Смағұлов одан 21,9 миллиард теңге выручка көтерген.
Былтыр Mega Нұрлан Смағұловқа 15 миллиард теңге дивиденд төлеген болатын. Биыл наурыз айында тағы 9 миллиард теңге аударды. Дәл осы кезде Mega-ның жалдамалы басқарушы персоналына төленетін жалақы көлемі екі есеге қысқарған.
Яғни, 2021 жылы Mega топ-менеджерлеріне 452 миллион теңге төлесе, 2022 жылы 232,7 миллион теңге ғана берді. Ал компания табысы мен Смағұлов алатын дивидендтер, керісінше, жыл сайын артып барады.
2022 жылдың аяғына таман «Mega Center Management» Халық банкіне 22 миллиард теңге қарыз болып тұрды. Және ол кредиттер 2025 жылдың аяғына дейін толық төленіп бітуі тиіс. 2023 жылдың басында Нұрлан Смағұлов осы қарыздың 2 миллиард теңгесін төлеп тастады.
2022 жылы Нұрлан Смағұлов қайырымдылықпен көбірек айналыса бастап, осы мақсатқа 870 миллион теңге жұмсады. Бір өкініштісі, Mega-дағы қарапайым қызметкерлердің жағдайы еш жақсармады. Адамдарға айлық төлеуге 2021 жылы 3,5 миллиард теңге бағытталса, 2022 жылы ол көлем 3,2 миллиард теңгеге қысқарды.