18 Сәуір 11:42

«Масс-медиа туралы» заңды Сенат мақұлдай ма?

Заң
Фото: Коллаж NEGE

Дәл қазір тасқын тақырыбы елде өте өзекті болып тұр. Үкімет басшысынан бастап, орынбасарлары, Парламенттің қос палатасының біраз депутаты да төтенше жағдай қалыптасқан өңірлерде елмен кездесіп, ахуалдың оңалуына олар да барынша атсалысып-ақ жүр. Осыған байланысты өткен аптада Мәжілістің жалпы отырысы өтпей қалып, кейінге шегерілген-ді. Сәрсенбі күні төменгі палатаның жалпы отырысы кестеге сәйкес өтіп, онда бірден 16 заңның жобасы қаралды.

Әдетте Мәжілістің жалпы отырысының күн тәртібіне 5-6 ғана мәселе қойылатын. Бұл отырыста елдің қоғамдық-саяси, әлеуметтік өмірінің жүгін арқалаған 16 заң жобасы қызу талқыға түсті.

Дегенмен сол 16-ның бәріне тоқталмай-ақ қояйық. Масс-медиа, көпшіліктің мазасын алған мопедтер мәселесі мен су басқан аймақтардағы елдің үнін арқалап келген депутаттардың Үкіметке жолдаған сауалдарын сәл тартқатсақ дейміз.

Бұл отырыста бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты үш заң қабылданды. Алғашқысы бойынша, яғни масс-медиа мәселелері бойынша заң жобасына енгізілетін өзгерістер жайлы Мәжілістегі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ хабарлама оқып, ол бұл заң жобасын Үкімет әзірлегенін және оның Мәжілісте қаралып жатқан «Масс-медиа туралы» Заң жобасына ілеспе заң жобасы екенін атап өтті.

Депутат
Фото: ғаламтордан

«Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы аталған кодекстің 1-бабының 2-1-бөлігін іске асыру үшін әзірленіп отыр. А.Аймағамебтовтің айтуынша, енді бұдан кейін «бұқаралық ақпарат құралдары» деген анықтама «масс-медиа» деп өзгертіледі.

«Масс-медиа туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» тағы екі Заңының жобасы екінші оқылымда қабылданды. Ол жөнінде баяндаған және бұған дейін де осы заңның кем-кетігін түзеудің басы-қасында болған Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Жанарбек ӘШІМЖАНОВ негізгі заң жобасында журналистердің мәртебесін арттыру, журналистердің құқықтарын нығайту және міндеттерін қайта қарау, журналистердің артықшылықтарын кеңейту үшін нақты ұсыныстар көзделгенін жеткізді.

Әшімжанов
Фото: Мәжіліс

– Заң жобасында жекелеген журналистерге оңайлатылған аккредиттеу құқығын беретін баспасөз картасын енгізу жөніндегі норма ұсынылған. Ашығын айту керек, бұл норма жұмыс тобында, жалпы қоғамда үлкен пікірталас тудырды. Жұмыс тобы мүшелерінің басым көпшілігі бұл норманы – демократиялық принциптерге қайшы, журналистерді алалау, жан-жақты ақпарат таратуға кедергі келтіретін норма деп бағалады. Сондықтан бұл норма бойынша нақты шешім қабылданды, баспасөз картасы туралы норма жойылды.

Бұл заң жобасы бірінші кезекте кәсіби журналистердің кедергісіз жұмыс істеуіне, ақпараттық кеңістіктің ашықтығы мен ықпалдығын, тиімділігін арттыруға, ақпарат таратуда бәсекелестіктің дұрыс бағытта дамуына, жалпы қоғамдық-саяси өміріміздің тұрақтылығы мен мемлекеттік саясаттың ілгері жылжуына әсер ететіні даусыз, – деген баяндамашы Ж.Әшімжанов енгізілген өзгерістерге жеке-жеке тоқталды.

Олардың арасында журналистің кәсіби қызметіне құқықтық кепілдіктер белгілеу, шетелдік теле-радио арналардың бағдарламаларын ретрансляциялаудың апталық ауқымын 20 пайыздан 10 пайызға дейін қысқарту, балалар басылымдары мен өңірлік газет-журналдарын қаржылай грант тағайындау сынды өзекті мәселелер норма ретінде енгізілген.

«Заң жобасымен жұмыс істеу барысында депутаттар: - «баспасөз картасы»; «бұқаралық ақпарат»; «діни телебағдарлама»; «Журналистердің құқықтары мен бостандықтарының сақталуы туралы ұлттық баяндама»; «теле-, радиоарнаны есепке қою туралы куәлік» деген ұғымдарды алып тастауға;

- «журналистің ерекше мәртебесі» және «аккредиттеудің оңайлатылған тәртібі» деген ұғымдарды енгізуге; «журналистерді (бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін) аккредиттеу» және «масс-медиа мониторингі» деген ұғымдарды нақтылауға, сондай-ақ масс-медианы мониторингілеуді жүзеге асыру жөніндегі құзыретті бекітіп беруге;

- желілік басылымдар мен ақпараттық агенттіктерді БАҚ-тың бір түрі болып табылатын «интернет-басылым» деген бірыңғай ұғымға біріктіруге;

- масс-медиа қызметінің негізгі міндеттерін нақтылауға;

- Қазақстан Республикасы Үкіметінің қызметін мемлекеттік ақпараттық саясаттың негізгі бағыттарын әзірлеу және оларды іске асыруды ұйымдастыру жөніндегі құзыретпен толықтыруға;

- облыстардың (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) жергілікті атқарушы органдарына қоғамдық көлікте мемлекеттік теле-, радиоарналар өнімдерінің трансляциясын қамтамасыз ету және бақылау жөніндегі қосымша құзыретті беруге;

- журналистің (бұқаралық ақпарат құралдары өкілінің) кәсіби қызметіне құқықтық кепілдіктер белгілеуге;

- мемлекеттік тілдегі теле-, радиобағдарламаларды тарату және отандық контенттің көлемі бойынша талаптарды 2025 жылдан бастап – теле-, радиобағдарламалардың жалпы көлемінен 55 пайызға, 2027 жылдан бастап 60 пайызға ұлғайтуға;

- құқықтарының бұзылуына байланысты БАҚ-қа қойылатын талаптар бойынша талап қоюдың ескіру мерзімін БАҚ-та осындай мәліметтер жарияланған күннен бастап үш жылдан бір жылға дейін қысқартуға;

- БАҚ-тың қызметін өзін-өзі реттеуі мәселелері жөніндегі қоғамдық-кәсіби кеңестердің негізгі функциясы ретінде Журналистердің әдеп кодексін әзірлеу деп айқындауға;

- мемлекеттік органдардың қоғамдық-кәсіптік кеңестердің ұсынымдарын міндетті түрде қарауы және оған ден қоюы жөніндегі талаптарды бекітіп беруге;

- отандық теле-, радиоарналардың апта сайынғы хабар тарату көлемінде шетелдік теле-, радиоарналардың теле-, радио бағдарламаларын ретрансляциялауды жиырма пайыздан он пайызға дейін қысқартуға;

- «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен реттелетін онлайн-платформаларда ақпаратты орналастыру, тарату жөніндегі қатынастарды реттеу ерекшеліктері туралы норманы енгізуге бағытталған түзетулер енгізді.

Бұдан басқа, жекелеген нормалар нақтыланды және заң жобасының мазмұнын жақсартатын редакциялық түзетулер енгізілді.

Заң жобасында «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» және «Телерадио хабарларын тарату туралы» заңдардың күші жойылды деп тану көзделген», – деді депутат Ж.Әшімжанов.

Заң
Фото: ғаламтордан

Осылайша еліміздің медиа саласын реттейтін Заң жобалары дауысқа салынып, қабылданды. Мәжіліс қоғамда ұзақ уақыт талқыланып келген Заң жобаларын екінші оқылымда қабылдады. Бірақ неге екені белгісіз 87 депутаттың 85-і дауыс беруге қатысып, оның 83-і бұл заңды қолдаса, екі депутат қарсы болды.

Бұл «Масс-медиа туралы» заңның қабылдануына бір қуанса, ол – журналистер қауымы риза. Өйткені пісіп-жетілгенін гөрі шикі тұсы көп болған заңды сол күйінше қабылдатып жіберуге ынталы топтың болғаны да жасырын емес. Бірақ журналистер мен Мәжілістегі біраз депутаттың бұл заңның асығыс қабылдануына қалайда жол бермейміз деген принципінің, күресінің арқасында заң жобасы қайта қаралып, кеше екінші оқылымды қабылданды.

Енді оны Сенат мақұлдап берсе, Президенттің қол қоюы ғана қалып тұр. Кейбір даулы заңдарды, қоғамда қызу талқылауға ұшыраған нормаларды Сенаттың майшаммен қарап, тіпті кейде кері қайтарып жіберетіні бар еді ғой. 

Сағадат БАҚЫТБЕК, Астана.